Әр қасіреттің бір сабағы бар. Қаңтар оқиғасынан да түйгеніміз көп. Елімізде қордаланған түрлі әлеуметтік-экономикалық проблеманың бір шерумен ғана шешілмейтінін білдік. Шерудің де шегі бар, ол ереуілге ұласып, толқуға әкелетін болса, қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан. Оны пайдаланып кетуге дайын топтардың да аз емес екенін түсіндік. Кей азамат өзінің талап-тілегін билікке жеткізу үшін шеруге шықса, енді бір топ сол дүрмекті пайдаланып, елдің берекесін алды.
Ұсталғандардың көбі жұмыссыз жастар
Жалпы, қаңтардағы бүлікке қатысушыларға қатысты құқық қорғау және заңдылықты қадағалау органдары тиісті тергеу-тексеруін жалғастырып жатыр. Олар кім қаншалықты кінәлі екенін анықтау мақсатында қыруар жұмыс істеуі тиіс. Әрине, құқық қорғаушылар істің ақ-қарасын анықтап, кінәлілердің жазасын алары, айыбы жоқтардың ақталары анық. Дегенмен шерушілердің портреті қандай? Оларға ортақ ерекшеліктер не еді? Бүлікшілер ше? Міне, осы сауалдарға лайықты жауап табу дүрбелеңге итермелеген негізгі факторларды анықтап, наразылық танытушылар мен ұрымтал сәтті пайдаланып кеткен бүлікшілердің көздегені не екенін анықтауға септігін тигізетін сияқты. «Біз Алматыда тұтқындалған барлық адамның жеке басын зерттеп, портретін жасадық. Негізінен, олардың басым көпшілігі – 30 жасқа дейінгі, жоғары білімі де, тұрақты жұмысы да жоқ жастар. Сондай-ақ ұсталғандар арасында жүргізілген анонимді сауалнама нәтижесінде талқандауға қатысушы әрбір үшінші адам қалыптасқан жағдайды пайдаланып, бөтеннің мүлкін ұрлау арқылы пайда тапқысы келгенін мойындады. Сонымен қатар халық арасында қасақана үрей тудырып, дабыра жасау үшін базбір жеке тұлғалар мақсатты түрде әрекет еткен. Сол мақсатта олар мемлекеттік биліктің символы іспетті әкімдік ғимараттарын, сондай-ақ құқық қорғау органдары нысандарын қоршауға алып, шабуыл жасаған. Мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 255-бабына сәйкес терроризм актілері ретінде сараланады», – деді Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов. Расында да, сол бір күндерде текетірестегі ұрымтал өзгерістер легі елітіп, «тобыр» синдромы есті алған белгісіздік әсері алаңға шыққандардың наразылығы мен табандылығын еселей түсті. Тіпті, батпан күшпен басып ұстап келген билік атты алапат құбылыс сол сәтте ғайып болып кеткендей, «жеңіс эйфориясына» бөленген ереуілшілер тобы Алматы әкімдігін басып алып, өртеп жіберді. Оған ілесе басталған талқандау, тонау, қирату, өртеу сияқты аласапыранда «жазықсыз қалу мүмкін-ау» деген хайуани түйсік қылаң беріп, оңай олжаға есі кеткен жандар ұрлық-қарлыққа кірісті. «Қазаннан қақпақ» кетті, бейбіт шерушілер ертеңгі күндерде бәрінің сұрауы болатынын ұмытты. Әскери тілде «мародер» деп аталатын тонаушылар жолындағы барлық сауда және тағы да басқа нысандарды тонап, күл-талқан етті. Осынау тоқыраулы күндерді шебер пайдаланып кеткен топтар да бар еді. Криминалдық элементтер мен деструктивті экстремистік топтар қару-жарақ дүкендеріне, мемлекеттік және режимдік нысандарға, тарихи құндылықтар сақталған мұражайларға шабуыл жасады. Осы жабайылық пен бассыздықты тоқтату үшін мұның ақыры әскер кіргізумен аяқталды.Қарсылық мәдениеті азаматтық жауапкершілікте
Әлемдік тәжірибеде қарсылық білдіру мәдениеті деген бар. Көшеге шығып пікір айтып, шеру тартып, ұран тастап орталық алаңға жиналғандар, ошақ көтеріп, үй тіксе де, қоғамдық тәртіпке бағынуы керек-ақ. Тіпті, шындығында алаңға жиналғанда да көлік қозғалысына кедергі келтірудің өзі дұрыс емес. Онсыз да кептелісі көп қалада жолды жауып тастау мәселенің шешімі болмаса керек-ті. Дағдарыс туындаған жағдайда шеруге шыққан ағайын биліктен шешім ғана емес, өздерінен тәртіп талап еткені шарт. Болмаса, шеру соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып кеткен жағдайда ол наразылықтың әуелгі мақсатын жоққа шығарады. Әрине, қай проблеманың да көшеге шықпай үстел басында шешілгені ләзім. Ал халықты ондай жағдайға жеткізгені – билікке сын. Сондықтан да шерушілерден азаматтық жауапкершілік талап еткеннен кейін мемлекет те өзінің электораттық міндет арқалағанын ұмытпағаны абзал. «Негізі, бейбіт шерушінің психологиялық портреті – алаңға шыққан кезінде ешкімнен жасырынбай, қашып-пыспай, өз ойын ашық айтуы. Ол заңсыз әрекет жасауға шықпағандықтан, осындай мақсатты көздеген өзгелер сияқты жеке басының қауіпсіздігі үшін бетін тұмшалап, құқық қорғаушылардан да, камералардан да қашқақтамайды. Елімізде адам құқықтарын жүзеге асырудың негізгі талаптары сақталатындықтан, сөз бостандығына да шектеу қойылмаған. Сондықтан да олар көптің алдына шығып сөйлеуден қашпайды, оның сөздеріне ұрандау, өзгелерді белгілі бір мақсатқа шақыру тән болып келеді. Шеруге шығуда нақты бір әлеуметтік-саяси мақсатқа ие, оған белгілі бір деңгейде дайын болып келеді», – дейді психолог Жанар Данагатова. Маманның айтуынша, жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, жеке басының күйін күйттеп қалуға тырысатындар, маргинал, люмпен ғадетіне жақын адамдар екен. Олар – әлеуметтік тұрғыда қиындықтарға ұшыраған, тұрмыстық, қаржылық күрделі жағдайда жүрген, жұмыссыз немесе өте төмен, оның өзінде де тұрақсыз табысы бар санаттағылар. Олар осы мұқтаждығы үшін кез келген қадамға, соның ішінде құқыққа қарсы әрекеттерге де баруға дайын келеді. Әдетте мұндай адамдар психологиялық тұрғыда әлеуметтік инфалитизммен ерекшеленеді, яки өздерінің қиын жағдайына кінәні өзгеден іздейді. Сондықтан да егер ереуіл жалғасы жаппай тәртіпсіздік сипатын алып бара жатқан жағдайда бейбіт шерушілердің азаматтық жауапкершілікті сақтап, жеке басының және мемлекет қауіпсіздігі үшін алаңнан кетіп қалғаны ләзім.Қудалау қорқынышы басым
10 қаңтардағы жағдай бойынша Бас прокуратура 1 000-нан астам адамның қамауда отырғаны туралы айтқан болатын. Омбудсмен Эльвира Әзімова 19 ақпанда бұл цифр 724 болып төмендегенін хабарлады. Ал 21 ақпан күні ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ішкі істер органдарында 2 729 қылмыстық іс қаралып жатқанын, олар бойынша 255 адам қамауға алынғанын мәлімдеді. Одан бөлек, жасаған әрекетінің ауырлығын, жеке басының мінездемесін ескере отырып сот органдары 140 адамға қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шараларын тағайындаған. Олардың 62-сі үйқамаққа алынса, 33-і кепілмен, 45-і ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған. Бірақ бұл босатылған азаматтарға тағылған айып алынып тасталғанын білдірмейді. Барлығын да сот шешеді. «Қазір ұсталған азаматтардың басым көпшілігінің қорғаушысы бар. Өйткені қудалау туралы қорқыныш әлі де болса сақталып отыр. Ұлттық алдын алу механизмінің өңірлік топтары 118 рет қамау орындарына барды. Қазір азаматтар ең көп қамауда отырған қалалар – Алматы, Талдықорған. Шымкент, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Атырау және Семей шаһарлары. Бүгінде менің атыма азаматтардан 80-нен астам шағым келіп түсті. Оның жартысы ұстау кезінде және ұсталғаннан кейінгі 48 сағаттың ішінде қатыгездікпен күш қолдану және тергеудің заңға қайшы тәсілдері жөнінде. Олардың бәрін тексеріп, қылмыстық іс қозғату үшін Бас прокуратураға жіберіп жатырмыз. Біз ұсталғандармен, олардың туыстарымен кездесіп, сол кездесулер қорытындысы бойынша прокуратураның, облыс және қала әкімдігінің өкілдерімен келіссөз жүргіземіз», – дейді омбудсмен Эльвира Әзімова. Бас прокуратураның мәліметінше, бүгінде тергеудің рұқсат етілмеген тәсілдері мен адам құқықтарын бұзу бойынша 191 қылмыстық іс қозғалған. Соның ішінде 6 адам азаптаудан көз жұмған. Олар Алматыдағы уақытша қамау изоляторында – 2 адам, Шығыс Қазақстан облысында – 3 адам және Талдықорғанда – 1 адам. Қадағалаушы орган өкілдері, бұл қылмыстық істердің бәрі азаматтарға тағылған айыптар бойынша негізгі сот процесі басталғанға дейін аяқталғаны маңызды екенін айтады. Өйткені заңда азаптау арқылы алынған дәлелдер жарамсыз екен. Расында да, алаңға бейбіт шерумен барып, арандап қалғандар аз емес. Аласапыран жағдайды өз мақсаттарына пайдаланып, арам ниетін жүзеге асырған «күйелі ағаштардың» күйесі жұққандар қосақ арасында кетпесін деп «Аманат» комиссиясы да жұмыс істеп жатыр. Ендеше азаматтық жауапкершілік сақталар болса, бейбіт шеруші кім, қаскөй кім екенін оңай ажыратуға болатынын уақыт көрсетіп отыр. Ал ел тағдыры қыл үстінде тұрған шақта «романтикаға» орын болмауы тиіс.