Sunpaper өнімі сұранысқа ие
Sunpaper өнімі сұранысқа ие
293
оқылды
Қарағанды облысы Саран қаласында  Sunpaper серіктестігі қағаз өнімдерін шығарады. Отандық өнім сұранысқа ие. Мұнда күнделікті пайдалынатын заттардың бірнеше түрі шығарылады. Мысалы, «Нәзік сұлулық», «Шам­­пан­­ның шашырауы»  атаулармен зауытта мерекелік және түрлі-түсті май­лықтар шығарылады. Жалпы ал­ғанда, кәсіпорынның ассортименті мол – дәретхана қағазы мен майлық, қа­ғаз сүлгілерден бастап дәретхана жабындарына дейін шығады. Sunpaper – жас компания. Кәсіп­орын бірнеше жыл бұрын өзінің өн­дірістік алаңын Алматыдан Қараған­ды облысының моноқаласына кө­шір­ді. Бұрынғы автобаза орнында заманауи жабдықтары бар цехтар салынды. – Мұнда бұрын автобаза болды, ол құлдырау жылдарында жабылып қалған еді. Аумақ қолдан-қолға өтті: пластикалық терезе жасалды, содан кейін әртүрлі құрылыс компаниясы жалға алды. Осылайша, алаң құлды­рап қалды. 2014 жылы біздің компания сатып алды. Қалпына келтіру жұмыс­тарын, ғимараттарды қайта жаңар­ту­ды, цех, қоймаларды жөндеп, дайындау жұмыстарын жүргіздік. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін құрылғы­ларды Алматыдан Саранға тасымалдау және өндірісті біртіндеп іске қосу басталды. 2017 жылдың аяғынан бастап өндіріс толығымен осында көшірілді. Қазір Алматы мен Нұр-Сұлтанда филиалымыз бар, – деді Sunpaper ЖШС өндіріс жөніндегі менеджері Игорь Пехтерев. HoReCa секторы қонақүй және мейрамхана бизнесі үшін кәсіби өнімнен басталған екен. Мұнда қоғамдық орындарда пайдалану үшін қағаз өнімдерін шығара бастады: майлықтар, қағаз сүлгілер, «джумбо» дәретхана қағазы. Бұрын Қазақстанда мұнымен ешкім айналыспаған болатын, сондықтан нарықта ол өз орнын алды. Сапасы да импорттық тауарлардан кем түспейді. Уақыт өте келе станоктар жаңар­тылды, ассортимент өсті, тұтыну­шылар саны артты. Бүгінде майлық, қағаз сүлгілерді үйде пайдалану үшін сатып алуға болады.  Тауар  ірі супермаркеттерде сатылады. – Осында жұмысқа орналас­қанымда бір үлкен қағаз орамын алып, оны кішкене орамдарға орау­дың не қиындығы бар деп ойлаған едім. Шын мәнінде, көптеген тех­ника­лық құпия бар, оның ішінде жұм­­сақтық беру үшін қағаз қабат­тарының бедерленуі мен лами- нациялануын қамтамасыз ету керек. Біз тек 100 пайыз целлюлозадан өнім шы­ғара­мыз. Бұл оның сапасына әсер ете­ді, – дейді менеджер Игорь Пехтерев. Бұл  зауытта 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Ұжым негізінен жас мамандардан құралған. Олардың басым бөлігі – әйелдер, олар конвейерде тұрады, орауыш-төсегіштермен жұмыс істейді. – Әйелдердің саны ерлермен са­лыс­тырғанда 60/40 пайызды құрай­ды. Өзім Орталық Қазақстан ака­демия­сының түлегі болып жұмыс­қа тұрдым. Сала соншалықты кең емес, Қара­ғанды облысында біз осын­дай жалғыз өндіріспіз. Біз мамандарды өзіміз үшін дайындаймыз және қыз­мет­керлер үшін ең қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Тегін тамақ, жұмыс автобусы кәсіпорынға және ауысымнан кейін үйге жеткізеді, – деді Игорь Пехтерев. Мұнда тек Саран қаласының ғана емес, жақын маңдағы ауылдардың да тұрғындары жұмыс істейді. – Мен білімім бойынша техник-құрылысшымын. Осы мамандық бойынша білім алған соң кішкентайлы болдым, декретте отырдым. Жаңа өндіріс ашылып жатқанын естіп, жұмысқа келдім. Мұнда цех негізі қаланғаннан бері жұмыс істеймін. Өз мамандығымды өзгерткеніме өкін­беймін. Жаңа жабдықты игердім, – дейді ораушы Ольга Могильникова. Павел Заночи Саран гуманитар­лық-техникалық колледжінде слесарь-механик мамандығы бойынша білім алған. Ол оқуын бітіре сала бірден Sunpaper-ге жұмысқа орналас­қан. – Басында қарапайым оператор болдым. Қазір 4-санаттағы қағаздан бұйым шығаратын машина машинисі, қағаз өнімдерін шығаратын үлкен желінің конвертерінде жұмыс істеймін. Жоғары техникалық білім алған­мын. Көп нәрсе өзімнің біліктілігіме бай­ланысты ғой. Белгілі бір стан­дартқа сай болу үшін өнімнің сапасын бақылауым керек, – дейді маман. Кәсіпорын Моноқалаларды дамыту, «Бизнестің Жол картасы» сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысушы. Алдағы уақытта зауыттың қуатын жылына 21,4 мың тоннаға дейін арттыру жоспарда бар.

 Қарағанды облысы