Түркістан облысы Шардара ауданында мектеп директорының білім жөніндегі орынбасары тапа-тал түсте мұғаліммен төбелескен. Салдарынан мұғалім құрсағындағы баласынан айырылып, түсік тастаған.
Зардап шеккен мұғалімнің есімі – Сандуғаш Жақыпова. Айтуынша, мектеп директорының орынбасары оны басынан ұрған. – Ол мені итеріп жібергенде мұрттай ұшып құладым. Сол кезде ол мені шашымнан жұлып, басымнан тоқпақтап ұра бастады. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Мектепті үшке бітірген түкке тұрғысыз жезөкше деп атады, – дейді ол. Сонымен қатар Сандуғаш орынбасардың бассыздығынан бүкіл ұжым зардап шеккенін сөз етті. Олардың айтуынша, орынбасар мұғалімдердің беретін сағатын бөліп қана қоймай, қызметкерлердің жеке өміріне де араласып, қалағанын істеген. Арадағы мұндай кикілжіңнің туындағанын орынбасар да жасырмады. Оның үстіне, ол келіншектің түсік тастауына өзін кәнілі деп санамайды. – Мектептегі сыбайлас жемқорлық пен заңсыз әрекеттерді жасырып-жаппай, әркімнің бетіне айтамын. Сол себепті де ұжым мені ұнатпайды. Мұны жақсы білемін. Мысалы, бір күндік немесе екі күндік жалақыны ұстап қалу, мектепті жөндеу жұмыстарын сөз еткенді ұнатпайды, – мектеп директорының орынбасары. Екі әйелдің төбелесін ер-азаматтар әрең ажыратып алған екен. Қазір орынбасарға қызметкерін соққыға алғаны үшін 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.