Қазақстан кубогы басталды
Қазақстан кубогы басталды
214
оқылды
Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасы кубогының бірінші кезеңі басталды. Беделді бәсекеде еліміздің Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары және Қызылорда, Алматы, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе және Атырау облыстарынан 63 спортшы өнер көрсетеді. Жарыстың ашылу салтанатында облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Асылжан Жаманқұл қатысушы­лар­ға сәттілік тіледі. Ол сондай-ақ мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан кубогы Сыр өңірінде алғаш рет өтіп жатқанын атап өтті. – Сегіз жылдай бұрын пайда­лануға берілген «Мұз айдыны» кешені қазір қысқы спорттың бірнеше түрін дамытуға ерекше серпін береді. Нәтижесінде, ол мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трекпен айналысатын жас өрендер санын арттыруға оң ықпалын жасады. Бұл бағытта қол жеткен табыс баршылық. Жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева 2016 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасы және 2017 жылғы қысқы Азия ойындарында қола жүлде алды. Ал қысқы Универсиада мен 2019 жылғы ересектер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды, – деді облыстық Дене шы­нық­тыру және спорт басқармасы басшысы Асылжан Жаманқұл. Айта кетейік, спорттық бәсеке 27 ақпанда аяқталады.

Әбілмансұр ЖАСАН