Өскеменде мамандандырылған балалар үйінің директоры мен бас есепшісі 63 миллион теңгені жымқырды деген айыппен сотталды. Өскеменнің №2 соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сот үкімі бүгін шықты. «Өскемен қаласындағы мамандандырылған балалар үйі» КМК-да 2015-2019 жылдар аралығында балаларға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі болғаны анықталды. «Өскеменнің № 2 соты қылмыстық істі қарауға кірісті. Бюджет қаражатын жымқыру айыптары Мамандандырылған балалар үйінің бұрынғы қызметкерлеріне – экс-директорға, бас есепшіге және кадрлар бөлімінің маманына тағылды. Олар 2015 жылдың наурызынан 2018 жылдың желтоқсанына дейін 63 миллион теңге жымқырған», – деді Шығыс Қазақстан облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Шақпантаев. Сот мәліметінше, оларға Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша айып тағылды. Бұл бапқа сәйкес, айыпталушылар мүлкі тәркіленіп, 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
А.ЖАСАНҰЛЫ