Қарағанды облысына қарасты Теміртау қаласына Парламент Мәжілісі депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Берік Әбдіғалиұлы, Юрий Жулин, Тілектес Адамбеков жұмыс сапарымен келді. Олар медицинаның жас мамандарына арналған үйге барып, жаңа қоныс иелерімен кездесті. Жас мамандардың басты арманы – баспана. Ал тұрақты жұмысы мен пәтері болса, ешбір мекеме маманға қат болмайтыны белгілі. Осыны түсінген Теміртау қаласындағы №1 емхана басшылығы 5 қабатты үйді жөндеп, жас мамандарды бір қуантып тастады. – 2019 жылы сол уақыттағы Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған Ержан Нұрлыбаев идеясы негізінде Теміртау қаласында әкім болған Ғалым Әшімовтің келісімімен осы үйді бізге берді. Бұрын бұл бос тұрған ғимарат Қорғаныс министрлігіне қарасты болатын. Сол жылы жобалау жұмыстары істелді. 2020-2021 жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, 512 миллион теңге жұмсалды. Оның 225 миллионын біздің емхана төледі. Мұнда 1 және 2 бөлмеден тұратын 86 пәтер бар. Бұл үй емхананың балансында болғандықтан, бес медициналық мекеменің жас мамандары осында тұрады. Олар тек коммуналдық шығынды ғана төлейді. Үй бар, дегенмен мамандар әлі керек. Учаскелік дәрігерлер жетіспеушілігі бар, – дейді №1 емхананың директоры Гүлнар Есімсейіт. Жас мамандарға тілектерін жеткізген депутаттар Теміртау қаласы әкімдігінің атқарып жатқан жұмыстарына алғысын жеткізді. – 2000 жылы Теміртауда қала әкімінің орынбасары болып жұмыс істедім. Юрий Викторович те 2010 жылы әкімнің орынбасары болды. Жұмыс бабымен бұл қаланың тыныс-тіршілігіне алаңдап отырамыз. «Теміртауда темір ғана құйылмайды, мұнда адамның мінезі де қатаяды» деп тегін айтылмаса керек. Жаңа қонысқа ие болып жатқан жас мамандарға тек сәттілік тілейміз. Әрине, бастысы – баспана. Ал үйі бар адам жұмысына да адал болады. Үлкен көмек екені рас. Баспана болса кадр мәселесі де шешімін табады. Сондықтан бұл үйдің берілуі мамандардың тапшылығын болдырмауға себеп болады, – дейді Берік Әбдіғалиұлы. Қуанышына ортақтасқан депутаттарға қоныс иелері – жас мамандар өз ризашылығын жеткізді. – Бізге өте ыңғайлы. Жұмысқа да жаяу бара саламын. Түскі асты да үйден ішуге болады. Үйіміз жылы. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді жаңа қоныс иесі №1 емхана психологі Ағзат Оспанова. Ал жалпы тәжірибелік дәрігер Мадина Хамзина: –Теміртауға 2016 жылы келдім. Пәтер жалдап тұрдым. Қазір баспаналы болдым. Коммуналдық төлемді ғана жасаймын. Айына 1 600 теңге төлеймін. Айлық жалақым да жақсы. Қарағанды медициналық институтын аяқтадым. Көршілерім де жақсы адамдар. Тату-тәтті тұрып жатырмыз, – дейді. «Өткен жылы да жұмыс барысымен Теміртауға келген болатынмын» деген Юрий Жулин жұмыс сапары туралы айтып берді. – Біз қазір ел аралап жүрміз. Ондағы мақсатымыз – Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңа реформаларды түсіндіру. Халықтың айтқанын тындаймыз. Шешімін таппаған мәселе болса назарға аламыз. Депутат болғаннан кейін әр айтылған мәселеге мән береміз. Осы бір-екі аптада Жезқазған, Сәтпаев қалаларында, Осакаровка, Бұқар жырау, Абай аудандарында болдым. Біз облыс орталығына емес, шалғай жатқан ауылдарға барамыз. Халықпен кездесеміз, қабылдау жүргіземіз. Сын-шағымдар көп айтылады. Сұрақтың 60-70 пайызы жергілікті шағымдар. Яғни, сол жердің атқарушы билігі өзі шешетін талаптар. Әкімдерге, басқарма басшыларына халықтың айтқанын жеткіземіз. Және оның орындалғанын қадағалаймыз. Көбіне бас шұлғып, орындаймыз деп уәде береді. Ал халықтың жақсы тұруына барлық жағдай жасалу керек, – дейді Юрий Жулин.
Қарағанды облысы