Елімізде Олимпиада ойындарына даярлайтын орталықтар ашылмақ. Бұл туралы Бейжіңде өткен XXIV қысқы Олимпиада ойындарының қорытындысына арналған кеңейтілген отырыста белгілі болды. – Спорттық резервке қатысты келесі жайт өңірлік, қалалық және ұлттық деңгейдегі олимпиадалық резервті даярлау орталықтарының қызметімен байланысты. Қазір республикалық олимпиадаға даярлау орталықтарын ашу мәселесі пысықталып жатыр. Орталықтардың өз спорттық базасы болады. Сондай-ақ жас спортшыларды даярлаудың негізгі сатыларының бірі – интернат үлгісіндегі спорттық білім беру мекемелері. Бұл бастаманы да қолға алу жоспарда бар, – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев. Министрдің мәліметінше, бүгінде 12 өңірде спортта дарынды балаларға арналған 13 облыстық мектеп-интернат жұмыс істеп тұр. – Спортшыларды даярлау сапасын арттыру үшін оларды барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керек. Облыстық бюджет есебінен және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қосымша спорт базаларын салу қажет деп санаймын. Әсіресе, ұлттық құрама командаларды даярлауда сапаға баса назар аудару қажет, – дейді ол. Бұған дейін ведомство басшысы отандық спортты дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданатынын айтқан еді.
Әбілмансұр ЖАСАН