Қысқы спорт: жарақат пен мансап
Қысқы спорт:  жарақат пен мансап
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
347
оқылды
Қысқы спорт түрінің жазғы спорттық ойындарымен салыстырғанда танымал­дығы әлдеқайда төмен. Оған қоса, ақ қар, көк мұз үстінде өнер көрсететін саңлақтардың жарақат алу қаупі де тым жоғары. Осы ретте қысқы Олимпиадаға қатысатын спортшылардың қай спорт түрінен жиі жарақат алатыны, қаншасы карьерасын ерте аяқтайтыны жөнінде аз-кем ізденіп көрдік. Бірер жыл бұрын британдық зерттеушілер British Journal of Sports Medicine журналына жарақатқа толы қысқы спорт түрлерін жариялады. Олимпиадалық бағдарламалардың ішіндегі сырттай қауіпсіз көрінетін керлинг қауіптілік деңгейі бойынша биатлон, конькимен жүгіру, шана спорты сияқты спорттардан жоғары тұрғанымен, шаңғымен трамплиннен секірумен қатар орналасқан. Жарыс кезінде не жаттығу барысында осы спортпен айналы­сатын­дардың 4%-ы немесе 25 керлингшінің біреуі міндетті түрде жарақат алады екен. Ғалымдардың жүргізген зертеуіне сүйенсек, ең қауіпті спорт түріне сноуборд-кросс жатады. Бұл жерде спортшылардың кем дегенде 35%-ы ірілі-ұсақты жарақат алады. Ал екінші қауіпті спорт қатарына фристайл (ски-кросс) енген. Биатлоншылардың жарақат алу коэффициенті ең төменгі орында. Олар шаңғымен жүгіріп, винтовка атса да, оның пайыздық көрсеткіші бар-жоғы 1%-ды құрайды. Биатлонның алдында шана спорты тұр. Бұл спорттағы жылдамдық сағатына 147 шақырымға жетсе де, бобслей мен скелетоннан қауіпсіз. Осыған қарамастан шанашылар өз спортын «мұздағы формула-1» деп атайды. Олардың жарақат алу көрсеткішін ғалымдар 2%-ға бағалады.  Осы шамалас қауіптілігі бар спорт түріне могул шаңғы қоссайысы да жатады. Олимпиада қарсаңында немесе дүбірлі дода өтіп жатқан уақытта спортшылар жаңа нәтиже көрсетіп, рекорд жаңарту үшін барын салатыны айқын. Ең қызығы, турнирдің фавориттерінен гөрі аутсайдер саналған спортшылар көп жарақат алатын көрінеді. Сарапшылар квалификациялық іріктеуден өту үшін әлсіз спортшылардың шамадан тыс күш жұмсайтынын айтады. Одан бөлек, Олимпиада ойындарында, өзге де әлемдік жарыстарда әр жарақат алған төртінші спортшы ары қарай жарысты жалғастырудан бас тартуға мәжбүр болады. Біз жоғарыда жарақат алу коэффи- циенті жоғары спорт ретінде сноубординг алда тұрғанын атап өткенбіз. Сочи Олимпиадасында да ең көп жарақатты солар алған. Шанамен сырғанаушылар және шаңғымен құлдилаушы­лар арасында да ауыр жарақат алғандар, ажал құшқандар жиі болмаса да ішінара кездескен. Жалпы қауіп-қатер мен жарақаттар спортшылардың спорттық мансабын ерте аяқтауына да ықпал ететіні бар. Бірақ кейбір спорт түрлерінде спорттық ғұмырдың ерте аяқталуы жарақатқа қатысты болмайды. Мәселен, мәнерлеп сырғанаудағы өрендер спортпен ерте қоштасады. Бір ғана мысал, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның өзі 21 жасында спорттық мансабы тәмамдалғанын мәлімдеді. Ал ресейлік спортшы Камила Валиеваның 15 жасында олимпиадаға қатысқанының өзі бұл спорт түрінде ерте жастан үздік көрсеткішке қол жеткізуге болатынын аңғартады.  Бұған қарап спортшылардың мұз үстіндегі спорттық ғұмыры қысқа екенін бағамдау қиын емес. Бізбен әңгіме барысында Фристайл акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Жібек Арапбаева фристайл акробатикаға 16-17 жасында келгенін, сүйікті спортымен 8-9 жылдай айналысқанын айтып берді. – Фристайл акробатикада спортшылар көбіне мына жаста аяқтайды деп нақты айту қиын. Әркім өз мүмкіндігінше өнер көрсетеді. Кез келген спорттағы басты жау жарақат екенін айтпаса да түсінікті. Қалғаны спортшының дарыны мен қабілетіне де байланысты. Тіпті, бұл спорт түрінде жеңіске жеткен 51 жастағы спортшы болды. Ол фристайл акробатикада жүрген көп спортшыға бұйыра бермейтін бақ, – дейді Ж.Арапбаева. Ал белгілі шорт-трекші Абзал Әжіғалиев шорт-трекпен шұғылдануды 5-6 жастан бастаған дұрыс деп есептейді. – Орта есеппен алғанда, 25-30 жасқа дейін айналысуыңа болады. Ары қарай спортшының өзіне байланысты. Формасын жоғалтпаса, денсаулығы мазалап не жарақаты сыр бермесе, 35-36 жаста да өнер көрсетіп жатады. Айта­лық, әлемдегі ең үздік шорт-трекшілердің бірі, олимпиаданың алты дүркін жеңімпазы Виктор Ан 34 жасына дейін жарысқа қатысты, – дейді ол. Ал егде жастағы спортшылардың көпшілігі шаңғы, конькимен жүгіруде көп ұшырасаты­нын күні кеше аяқталған Бейжің Олимпиадасы кезінде байқадық. Айталық, Қытайдың атынан өнер көрсеткен этникалық қазақ Ақнар Адақпен жарыс жолына шыққан неміс конькишісі Клаудиа Пехштайн Бейжің Олимпиадасына қатысқан жасы ең үлкен спортшы­лардың бірі болды. Бұған дейін 7 олимпиадаға қатысып, 5 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль иеленген атлеттің жасы 49-да. Шетелдік БАҚ-қа берген бір сұхбатында 2026 жылы Италия­ның Милан қаласында өтетін кезекті Олим­пиада­ға қатысуға ниет танытып отырғанын айтты. 35 жастағы Ирен Вюст те конькимен жүгіру спортында Әйелдер арасында 1 500 метрге жүгіруде Олимпиада чемпионы. Нидерланд спотршысы қатарынан бесінші Олимпиадада жүлде алып отыр. Ол 2006 жылы Туринде қола, 2010 жылы Ванкуверде алтын, 2014 жылы Сочиде күміс, 2018 жылы Пхенчханде алтын, 2022 жылы Бейжіңде алтын алған. Вюст сондай-ақ 3 000 метрде Турин, Сочи Олимпиадаларының жеңімпазы. Сочиде командалық спринтте де алтыннан алқа тағынды. Бүгінде 6 дүркін Олимпиада  чемпионы атанып, коньки спорты тарихында Олимпиадада ең көп жүлде алған спортшылардың көшін жеке-дара бастап тұр. Бұған қарап конькимен жүгіру спортында көбіне спортшылар 35-40 жасына дейін жарысқа қатыса беретінін аңғардық. Ал қысқы Олимпиадаға 8-ші рет қатысқан 46 жастағы шаңғышы Жаклин Моран жазғы Олимпиада ойындарында да маутинбайктан бірнеше рет бақ сынған. Одан өзге шаңғышы­лардың арасында да егде жастағы спортшылар көп. Мысалы, шаңғы тебуді Швейцарияда үйренген 43 жастағы ганалық Карлос Маедерді айтуға болады. 30-да орда бұзбай, 40-та қамал алған Жоан Кларенің жетістігі де көпке үлгі. Шаңғымен жылдамдықпен түсу спортында 43 спортшымен сынға түскен 41 жастағы Жоан Кларе Бейжіңде күміс жүлдеге ие болып, жүлдегер атанған ең егде спортшы ретінде Олимпиада тарихына енді. Бұл деректер де шаңғышылардың спорттағы ғұмыры ұзаққа созылатынының жарқын көрінісі. Қорыта айтқанда, қысқы спорт түрімен айналысып жүрген сайыпқырандардың спорттағы ғұмыры әрқилы. Бірі спорттық мансабын ерте аяқтайды, ал бірі 40-50-ге келгенде спортпен қош айтысады. Алайда кез келген спортшы үшін спорттық мансабының жарқын болуы маңызды.