Өмір болған соң сан түрлі тағдыр кешетін адамдардың кездесуі қалыпты дүние. Біреуді баспана, келесісін жақындарының сырқаты, тағы біреуін әділдікке қол жеткізе алмауы мазалауы мүмкін. Мұндай адамдардың бірқатары жәрдем мен көңілге медет іздеп «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауына келетіні бар. Әдетте онда келген барша жанның талап-тілегі толық орындала қоюы неғайбіл. Өйткені әр іс мұқият зерделеніп, оны шешудің заңдық, материалдық негіздері ескеріледі. Дегенмен партияның қоғамдық қабылдауына жүгінген азаматтардың разы болмай аттанғаны сирек. «Nur Otan» партиясының елордадағы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде арызданушы бір топ әйелге кез болдық. Олар мемлекеттен жалға алған баспананы өздерінің меншігіне өткізіп беруді сұрай келген екен. Заң бойынша жалға алынған үйлерге меншіктік құқық берілмейді, алайда ашынған аналар оған қарайтын емес, тұрғын жайларын заңдастырылуын талап етуде. Ондай заңды тек Парламент қана шығара алады. Сол себепті дауласушылар Парламент Мәжілісі депутаттарының атына арыз жазатын болып тоқтамға келді. – Әрине, біз аналардың ауыр тұрмыстық жағдайын жақсы түсінеміз, бірақ заңнан асып, ешқайда бара алмаймыз ғой. Кейбіреулер мемлекеттің тұрғын үй қорынан пәтер алушылар есебінде тұрғандар кезегімді алға жылжытып бер деп, енді біреулері Үкімет көпбалалы аналарға пәтер беру мәселесін бірінші санатты кезекке шығарсын деген сыңайда өтініш айтады. Мұндай ұсыныстарды заң шығарушы органға жібереміз. Сондай-ақ халықтың арыз-шағымдарын тиісінше салалық министрліктер мен құзырлы мекемелерге жолдаймыз, олардың атқарылуын қадағалаймыз,– дейді «Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов. Енді бір адамдар соттың үкіміне қатысты арызданып келеді: «Сот шешімі дұрыс емес, өзгертіп беріңіз», – дейді. Ол – Ата Заңымызда жазылған нәрсе, сот шешім қабылдаса, оған араласуға ешкімнің құқы жоқ. Үкім тек Жоғарғы Соттың немесе прокуратураның шешімімен ғана ауыстырылады. Өткен жылы 2,5 мың адам сот шешіміне наразылық білдірген, олардың шағымдары Жоғарғы Сотқа, прокуратураға және кассациялық сотқа жіберілген. Сондай-ақ «ана министр дұрыс жұмыс істемей жатыр», «мына әкімді жұмыстан шығар», «ана қызметкерді жауапкершілікке тарт» деген сарындағы да арыз-шағым көп екен. Мұндай жағдайда дауласушы екі тараптың да пікірі тыңдалады, ал қандай да бір шешім шығару үшін сол іс бойынша арнайы комиссия құрылады.
Мүгедектердің мұңы ескерілді
Әлбетте, ешкім еріккеннен «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауының табалдырығын тоздырмайтыны белгілі. Кейде тіпті өмірлік маңызды нәрсенің заңмен реттелмейтін кезі, заң ескермей кеткен тұсы болады. Осындайда арызданушының мәселесі оң шешілуі мұндағы қызметкерлердің сергектігі мен жітілігіне байланысты. Мәселен, Ақмола облысы Атбасар ауданының тұрғыны М.Әлжанова кәмелетке толмаған науқас қызы үшін құны аса қымбат «Динутуксебама Бета» дәрісін сатып алу үшін «Nur Otan» партиясының қабылдау бөлмесіне қолқа салған. Дәрігердің қорытындысында егер қыз бала бұл дәріні қабылдамаса, өміріне қауіп төнуі мүмкін делінген. Әйтсе де, аса қат дәріні бюджеттің ақшасына алып беру жағы заңмен бекітілмеген. Ал ол аз ақша емес. Әр флаконы 6 947 190 теңге тұрады. Науқасқа емнің бір ғана курсынан өту үшін 4 флакон, яғни 27 788 760 теңге (66 000 мың доллар) қажет. Енді осы ақшаны 5-ке көбейтсеңіз, оның нөлдерінің көптігінен басыңыз айналар. Мұндай қаржыны кім тауып бере алсын?! Бірақ қазынадан қажетті соманы бөлдірудің заңды тетігі жоқ екен деп жап-жас баланың тағдырына бейжай қарап отыруға тағы болмайды. Ойлана келе тығырықтан шығар жол табылды. М.Әлжанованың арызы облыстық Денсаулық сақтау басқармасында жедел қаралып, одан облыстық мәслихаттың бюджеттік комиссиясының талқысына жіберілді. Депутаттар мәслихаттың 2021 жылғы 27 қазанда өткен IX сессиясында «қосымша тегін медициналық кепілді көмек көрсету, оның ішінде дәрі-дәрмек сатып алу туралы» ұсынысты бірауыздан қабылдап, шешім шығарды. Нәтижесінде, науқас қызға қажет дәрі сатып алынды. Сөйтіп, енді ғана көктеп өсіп келе жатқан жастың өмірі сақталып қалды. Осыған ұқсас өтініш Павлодар облысындағы мұқтаждығы ерекше балаларды асырап отырған аналардан да түскен. Олар мүгедек жандарды бағатын отбасыларға көмек көрсетуді күшейту үшін қолданыстағы нормативтік-заңнамалық актіге толықтырулар мен өзгертулер енгізуді сұрап, әлденеше рет шағымданған. Осыған орай «Nur Otan» партиясы фракциясының бастамасымен облыстық мәслихаттың депутаттары Парламентке хат жазып, Мәжіліс өз кезегінде «Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжат бойынша 1-топтағы мүгедектерді бағып-қағушыларға өтемақы беру белгіленді. Қабылданған заң бойынша қосымша тағы 24 мың адам өтемақы алатын болды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық тобына берілетін жәрдемақы 16,7 пайыздан 37 пайызға дейін көтерілді. Бұл шешім жалпы саны 30 мың мүмкіндігі шектеулі баланың жағдайын жақсарта түсті.Арыздардың жартысынан астамы оң шешім тапқан
Енді Өскемен қаласы үшін аса көкейкесті болған қоқыс мәселесін шешуге «Nur Otan» партиясының септігі қалай тигені туралы да айта кетейік. Шаһарда 346 мың адам тұрады, ал күнделікті шыққан тұрмыстық қатты қалдықтың бәрі тек бір күлтөкпеге жиналады. Сонымен қатар күлтөкпенің экологиялық нормаларға сай келмейтіні өз алдына, мұнда 2020 жылдан кейін қалдықтарды жинауға тыйым салынған. Тұрғындар бұл мәселені талай жиналыс-жиындарда көтергенімен, ол оңтайлы шешім таппаған. Аталған проблеманы партияның Өскемен қалалық филиалының төрағасы Омар Жақсылық жеке бақылауына алып, қоқыс жағатын зауыт салу ісінің жүзеге асырылуына тікелей ықпал етті. Қазір ол бойынша арнайы бағдарлама жасалып, қалдықтарды жеке жинау және сұрыптау үшін жалпы сомасы 448 млн 882 мың теңгеге 6 қоқыс тасушы машина, 1 274 контейнер сатып алынды. Қалалық әкімдік сұрыптау желісінің коммуникация мен ғимарат құрылысының жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге үшін 15 млн 300 мың теңге бөлді. Зауыттың жалпы құны 618 млн 306 мың теңгеге бағаланды. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі ол үшін аумағы 4,1 гектар жер бөлді. Зауытты 2022 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Айта берсе, мұндай мысал көп. Оны келесі мәліметтен көруге болады: республика бойынша 238 қоғамдық қабылдау орнына былтыр 174 мың өтініш түсіп, 34 400 рет жүзбе-жүз қабылдау өткізілген. Оның 53 пайызы оң шешімін тапқан. Қабылдауда 75 300 адам болған. Бұдан бөлек, «Халыққа көмек» партиялық жоба аясында 2,6 мың тақырыптық және көшпелі қабылдау өткізілген, оған 5,6 мың адам қатысқан. Шағымдардың басым бөлігі әлеуметтік қамсыздандыруға арналған (35 пайыз), сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (13 пайыз), жұмысқа орналастыру және еңбек құқықтарының бұзылуы (10 пайыз), денсаулық сақтау (5 пайыз) және мемлекеттік органдардың ісіне шағымдану (3 пайыз) бойынша жиі арызданған. – Пандемияға байланысты арызданушыларды онлайн қабылдаймыз, алайда жағдайға қарай жүзбе-жүз де кездесеміз. Бәрі эпидахуалға байланысты. Ең бастысы, ол қоғамдық қабылдауға келушілердің де, біздің қызметкерлердің де саулығына қауіп төндірмеуі керек. Бірақ біз қандай режимде жұмыс істесек те халықтың талап-тілектерін әрдайым назарда ұстап отыратын боламыз,– деді Азамат Дулатұлы. Регламент бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттары арыз-шағым айтушыларды жылына бір рет қоғамдық қабылдау бөлмесінде қабылдайды және өңірлерге шығып, кездесу өткізеді. Министрлер – жарты жыл сайын. Жағдайға байланысты кейде көп өтініш болса, тоқсан сайын кездесу өткізуге ұсыныс жасалады. Сондай-ақ өңір басшылары мен жергілікті мәслихат депутаттарының өз қабылдау кестесі, қоғаммен жұмыс істеу режимі бекітілген. Сөзімізді қорыта айтқанда, «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдаулары «еститін үкіметтің» жергілікті жерлердегі «тілі, құлағы, һәм көзіне» айналғанын осы мысалдардан айқын көруге болады.