Қазақстан нарығына төзбеген компания көп
Қазақстан нарығына төзбеген компания көп
© коллаж: Елдар Қаба
203
оқылды
Таяуда елімізге 1 жыл бұ­рын ғана келген DiDi такси қызметі жұмысы тоқтайтынын мәлімдеді. Төркіні қытайлық компанияның Қазақстанда жолы болмады. Әуелде ісін бастағаннан-ақ бұл компания халыққа ұнаған жоқ. Бағасын ретсіз көтеріп, бағдарлама­сы мекенжайдан шатаса берді. Ақыры жолаушылар осы такси қызметін пай­да­лануды азайтты. Жалпы, ел нарығы­нан кеткен мұндай компания­лар жетерлік. Осы тұста біз Қазақстан нарығы­на келіп, сәт­сіздікке ұшы­ра­ған ­бренд­­терге шолу жасап, неге құл­ды­рағанын білуге тырыстық.

Бағынан айырған бәсеке ме?

Иә, осыған дейін нарықтың ырқына төзбей жабылған компа­ния­­лар аз емес. 2016 жылдың тамы­зында Қазақстандағы ең табысты деген Green желісі елорда мен Ал­матыдағы супермаркеттерін түгел­дей жапты. Қызығы сол оған дейін қиын жағдайға ұшырағаны жайлы деректер болған жоқ. Аяқасты жа­былатынын хабарлады да, 1 мыңнан астам тауар түрін 90 пайыз жеңіл­дікпен сатып жіберді. Ал нарыққа болжам жасаған мамандар Green желісі табысты болғанына қарамас­тан жабылғанын «ішкі проблема­ларының кесірінен» деп ұққан. Әйт­песе сауда нүктелерін жалға алу мерзімі аяқталды екен деп жабыла қояр жөні жоқ еді. Ке­йін 2017 жыл­дың жазында фран­циялық Carrefour гипермаркеті де еліміздің нары­ғы­нан ығысып қал­ды. Дегенмен ги­пермаркет әрнәр­сені сылтауратып отырмай, жабы­луының себебін ашық хабарлады. Carrefour гипер­маркет желісі на­рықтағы бәсекеге төзе алмаған. Мысалы, Carrefour-да қазақ­стан­дықтар гипермаркет­тер­ден сатып алуға үйренбеген non-food сегмен­тінің тауарлары көп болды. Сатуға шығарылған тауар­ларының 50 па­йызы азық-түлік, қалған 50 пайызы түрлі киім-кешек пен құрал-жаб­дықтар еді. Яғни, біздің елде жұрт гипермаркетке киім-кешек пен құ­рал-жабдық са­тып алуға бар­май­ды, негізі қажет­тілік – азық-түлік іздейді. Ал на­рықты зерттеп алған өзге ги­пермар­кет­тер сатуға шы­ғарылған тауарла­рының әрі кетсе 30 пайызын ғана non-food қылады. Бұл бірінші мә­селе еді. Екіншіден, Carrefour тауар­лары өзге дүкендерге қа­рағанда қым­баттырақ болды. Осы­ның ке­сірінен астана мен Ал­ма­тыда бір­неше орталық ашамыз деп жоспар­ла­ған компанияның ісі оңға баспа­ды. Оның үстіне әр гипер­маркетте 500 қызметкер ұстау оңай болмағаны анық. Мұнымен отандық нарықтан кеткен компаниялар азаймады. 2018 жылдың жазында қытайлық Ofo компаниясы жабылып тынды. Велосипедтерді арзан бағада жалға берумен айналысатын компания 1 жылға да шыдамады. Барлық ве­лосипедтерін тастап кетіп, көрінген адам тегін иемденіп алғанын да көрдік. Алғашында компания ме­неджерлері «қайта оралып, қыз­метін жалғастыратынын» айтқан. Оларды ең әуелі ұрлық қажытқан секілді. 2018 жылдың басында велосипедтер ұрланып, әр жерде сынып жатқаны жайлы ақпарат көбейді. Компания көбін тауып, жөндеуден өткізіп, қайта қызмет көрсетуге ұсынған. Алайда заңсыз пайдалану тоқтаған жоқ. Ақыры мәселені реттей алмады. Арзан әрі қарапайым велошеринг идеясы осылай күйреді. Оның үстіне билік велошерингке бақылауды күшей­туді сұрап, компанияға қосымша салық салуды көздегені айтылады. Соңында ісі оңға баспаған ком­па­ния бүкіл велосипедтерді қоқысқа тастап, елден кетті. Негізі қытайлық компаниялардың біздің нарықта жолы бола бермейді. Жоғарыда айтқан DiDi осы Ofo-ның тағдырын қайталаған іспетті. «Рамстор» атымен елге таныл­ған супермаркет желісі де көптің есінде. 2020 жылдың жазында ол да жабылды. Елдің үлкен қалаларында он шақты орталығын ашып, тіпті сауда үйін де тұрғызған компания 22 жылдық жұмысынан кейін күйреді. Басты себеп сол – бәсекеге қабілетсіз болғаны. Мысалы, ма­мандар «Рамстор» желісінің жаңа­шылдыққа ұмтылмағанын айтады. Яғни, қызмет көрсету саласын жетілдірмеген. Дүкен сөрелерінен жұрт талай мерзімі өтіп кеткен ескі тауарларды тауып алғаны да жасы­рын емес. Құрған сауда үйі де жаңа жолға түспеді. Автотұрақ қарас­ты­рып, ойын-сауық орталықтарын көбейтпеді. Аты қанша елдің көңі­ліне жақса да, заты соған сай бол­мағаны қынжылтқандай. Әйтпесе «Рамстордың» ел тарихындағы орны ерекше болған, көпшілік сауда желісі жабылғанда «бір дәуір кетті» деп шулағаны бар. Әрине, бұндай сапасыз қызметтен кейін жаңадан ашылған супермаркеттер ескісін оп-оңай ығыстырып тастайтыны анық еді. Ал былтыр күзде чехиялық Skoda автокөлік бренді де Қазақ­стан нарығынан кетті. Себебі Өс­кемендегі «Азия Авто» зауытында осы көлікті өндірген «Бипэк Авто Қазақстан» ірі холдингі банкрот болған. Оның үстіне, Индустрия министрлігі зауытпен ынтымақ­тас­тықты үзді. Ал банкрот болған ком­пания соңғы 10 жыл ішінде министрліктен 173,9 миллиард теңге қаржы алған. Қайтаруға мін­деттелсе де, жалтарған ұжымның кесірі ақыры Skoda брендіне тиді. Қазақстандық автобизнес қауым­дас­тығының дерегіне сенсек, 2020 жылы Қазақстанда 1054 Skoda кө­лігі сатылған. Ал 2021 жылдың 4 айын­да 237 автокөлігін өткізген екен. Осынша сұраныста болған бренд амалсыз кетуге мәжбүр бол­ды. Қош, біз атын атаған компа­ниялар алдағы уақытта ел нарығына орала ма, ол жағы белгісіз. Енді нарыққа төзбеген брендтердің кем-кетігін саралап көрсек.

Құлдыраған компаниялар кімді кінәлайды?

Әр компания құлдыраудың себебін нақты, ашық айта қоймай­ды. Бірінші кезекте ішкі мәселе тұратыны жасырын емес. Алайда себеп ретінде сылтау айтатындары да жетерлік. Бірі тұтынушының түсіністік танытпағанын, келесісі қысымның болғанын сөз етеді. Мы­салы, «Рамстор» жабылар кезде «абыройымызға нұқсан келтір­гендер көп болды» деп жауап қат­қаны да бар. Әйткенмен шынында олай емес сияқты. Маркетолог Ба­тырбек Жұматай қандай да бір ком­пания келеңсіздікке ұшыраса, басты кінәлі өзі боларын айтып отыр. – Ірі компаниялар халыққа тиім­ді, жеңілдетілген қызмет көр­сет­пегеннен кейін сөзсіз оның ор­нын ауыстыратын басқа компа­ния­лар табылады. Нарықтан амал­сыз кетуге мәжбүр етеді. Кәсіпкер халықты кінәлай алмайды, себебі оның әу бастағы мақсаты қоғамның қажеттілігін өтеп, тиімді ұсыныстар жасай алу болған. Бос тұрған на­рыққа алғашқы келген компания алпауытқа айналуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе қызметін жетілдіріп, ай сайын жаңарып отырмаса, кайд­зен жолын ұстанбаса, нарықтан кетуге тура келеді. Өйткені кезекте өзгелер дайын тұрады. Бұл тұста талдау маңызды. Егер бір компания талдау жасап, бәсекелесінің кем­шілі­гін білген болса, басқаларды ысы­ру өте оңай болады. Мысалы, «Рамстор» қазір неге жоқ? Magnum секілділер тұтынушыға қолайлы орта жасап берді. Ол үшін бонус де­ген дүниелерді де ойлап тапты. Kaspi банк қалай алпауытқа ай­налды? Бар болғаны қызмет көр­сетуді оңтайландырып, сервисті жеңілдетті. Сондықтан нарықтан кеткен компанияларды талқы­ла­ғанда басқа себептерді іздеудің, тұтынушыларды кінәлаудың қажеті жоқ. Бар айып өздерінде жатады. Компаниялар кез келген келеңсіз­дікке дайын болғаны абзал. Мейлі, саясат араласқан күннің өзінде, құрдымға кетудің басты себебі өз­дерінде жатады, – дейді маман. Шыны сол кейде билік, жер­гілікті әкімдіктердің өзі белгілі бір компанияның мүддесін қорғап, со­йылын соғып, өзгені ығыстырып жіберуге әрекет ететіндей көрінеді. Өзгені айыптайтын ниетіміз жоқ, бірақ қоғамға белгілі жайттарды сөз етсек. Мәселен, облыс, қала әкім­дік­тері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін қымбаттатпай отыру үшін тұрақтандыру қорларын құрады. Әрине, ол да қыруар қар­жыны қажет етеді. Алматы әкімдігі пандемия кезінде осы тұрақтандыру қорының жұмысын Magnum сауда желісі арқылы жүргізді. Яғни, сауда желісі бағаны тұрақтандыру бо­йын­ша табыс табады. Мысалы, Ал­маты әкімдігі аталған сауда желі­сімен 22 мың тонна көкөніспен қам­тамасыз ету үшін 2021-2022 жылғ­ы маусымаралық кезеңге көкөністі «форвардтық» сатып алу туралы 2,5 млрд теңгеге келісім жасаған. Ал өзгелері қайда қалды? Көкөніс егумен айналысатын ша­руа­ларды неге елемеді? Біздің ойы­мызша, жергілікті биліктің бір ғана сауда желісіне жағдайды сеніп тап­сыруы күмәнді әрекет секілді. Өзге компаниялардың ығысуына да әсер етуі мүмкін. Дегенмен мар­ке­толог Батырбек Жұматай мұны­мен келіспейтін сыңайлы. – Кез келген кәсіпкердің келіс­сөз жүргізу қабілеті бағаланады. Егер өз кәсібін жүргізу кезінде қажет болса ол билікпен де келіссөз жүргізеді. Бизнесті қорғап қалу мақсатында барлығына баруы тиіс. Бірақ бұл «жемқорлыққа араласып, қоян-қолтық болу» дегенді меңзе­мейді. Тек халыққа да, билікке де тиім­ді шешім болса, қашпағаны дұ­рыс. Бұл – өте үлкен мәселе. Мық­ты кәсіпкер өз стратегиясы мен жоспары үшін саяси маңызы қа­дамдардан да бас тартпайтынын білген жөн, – деді ол.

ТҮЙІН:

Компаниялардың арасында бәсекенің болғаны жөн-ақ. Бірақ сол бәсеке жеке бастың қамы үшін ғана емес, қоғамға да тиімді жағдай қа­лыптастыра алса игі. Соңғы бес­жыл­дықта еліміздің нарығына ке­ліп-кет­кен алпауыттар көп. Әлі де болары анық.