Таяуда елімізге 1 жыл бұрын ғана келген DiDi такси қызметі жұмысы тоқтайтынын мәлімдеді. Төркіні қытайлық компанияның Қазақстанда жолы болмады. Әуелде ісін бастағаннан-ақ бұл компания халыққа ұнаған жоқ. Бағасын ретсіз көтеріп, бағдарламасы мекенжайдан шатаса берді. Ақыры жолаушылар осы такси қызметін пайдалануды азайтты. Жалпы, ел нарығынан кеткен мұндай компаниялар жетерлік. Осы тұста біз Қазақстан нарығына келіп, сәтсіздікке ұшыраған брендтерге шолу жасап, неге құлдырағанын білуге тырыстық.
Бағынан айырған бәсеке ме?
Иә, осыған дейін нарықтың ырқына төзбей жабылған компаниялар аз емес. 2016 жылдың тамызында Қазақстандағы ең табысты деген Green желісі елорда мен Алматыдағы супермаркеттерін түгелдей жапты. Қызығы сол оған дейін қиын жағдайға ұшырағаны жайлы деректер болған жоқ. Аяқасты жабылатынын хабарлады да, 1 мыңнан астам тауар түрін 90 пайыз жеңілдікпен сатып жіберді. Ал нарыққа болжам жасаған мамандар Green желісі табысты болғанына қарамастан жабылғанын «ішкі проблемаларының кесірінен» деп ұққан. Әйтпесе сауда нүктелерін жалға алу мерзімі аяқталды екен деп жабыла қояр жөні жоқ еді. Кейін 2017 жылдың жазында франциялық Carrefour гипермаркеті де еліміздің нарығынан ығысып қалды. Дегенмен гипермаркет әрнәрсені сылтауратып отырмай, жабылуының себебін ашық хабарлады. Carrefour гипермаркет желісі нарықтағы бәсекеге төзе алмаған. Мысалы, Carrefour-да қазақстандықтар гипермаркеттерден сатып алуға үйренбеген non-food сегментінің тауарлары көп болды. Сатуға шығарылған тауарларының 50 пайызы азық-түлік, қалған 50 пайызы түрлі киім-кешек пен құрал-жабдықтар еді. Яғни, біздің елде жұрт гипермаркетке киім-кешек пен құрал-жабдық сатып алуға бармайды, негізі қажеттілік – азық-түлік іздейді. Ал нарықты зерттеп алған өзге гипермаркеттер сатуға шығарылған тауарларының әрі кетсе 30 пайызын ғана non-food қылады. Бұл бірінші мәселе еді. Екіншіден, Carrefour тауарлары өзге дүкендерге қарағанда қымбаттырақ болды. Осының кесірінен астана мен Алматыда бірнеше орталық ашамыз деп жоспарлаған компанияның ісі оңға баспады. Оның үстіне әр гипермаркетте 500 қызметкер ұстау оңай болмағаны анық. Мұнымен отандық нарықтан кеткен компаниялар азаймады. 2018 жылдың жазында қытайлық Ofo компаниясы жабылып тынды. Велосипедтерді арзан бағада жалға берумен айналысатын компания 1 жылға да шыдамады. Барлық велосипедтерін тастап кетіп, көрінген адам тегін иемденіп алғанын да көрдік. Алғашында компания менеджерлері «қайта оралып, қызметін жалғастыратынын» айтқан. Оларды ең әуелі ұрлық қажытқан секілді. 2018 жылдың басында велосипедтер ұрланып, әр жерде сынып жатқаны жайлы ақпарат көбейді. Компания көбін тауып, жөндеуден өткізіп, қайта қызмет көрсетуге ұсынған. Алайда заңсыз пайдалану тоқтаған жоқ. Ақыры мәселені реттей алмады. Арзан әрі қарапайым велошеринг идеясы осылай күйреді. Оның үстіне билік велошерингке бақылауды күшейтуді сұрап, компанияға қосымша салық салуды көздегені айтылады. Соңында ісі оңға баспаған компания бүкіл велосипедтерді қоқысқа тастап, елден кетті. Негізі қытайлық компаниялардың біздің нарықта жолы бола бермейді. Жоғарыда айтқан DiDi осы Ofo-ның тағдырын қайталаған іспетті. «Рамстор» атымен елге танылған супермаркет желісі де көптің есінде. 2020 жылдың жазында ол да жабылды. Елдің үлкен қалаларында он шақты орталығын ашып, тіпті сауда үйін де тұрғызған компания 22 жылдық жұмысынан кейін күйреді. Басты себеп сол – бәсекеге қабілетсіз болғаны. Мысалы, мамандар «Рамстор» желісінің жаңашылдыққа ұмтылмағанын айтады. Яғни, қызмет көрсету саласын жетілдірмеген. Дүкен сөрелерінен жұрт талай мерзімі өтіп кеткен ескі тауарларды тауып алғаны да жасырын емес. Құрған сауда үйі де жаңа жолға түспеді. Автотұрақ қарастырып, ойын-сауық орталықтарын көбейтпеді. Аты қанша елдің көңіліне жақса да, заты соған сай болмағаны қынжылтқандай. Әйтпесе «Рамстордың» ел тарихындағы орны ерекше болған, көпшілік сауда желісі жабылғанда «бір дәуір кетті» деп шулағаны бар. Әрине, бұндай сапасыз қызметтен кейін жаңадан ашылған супермаркеттер ескісін оп-оңай ығыстырып тастайтыны анық еді. Ал былтыр күзде чехиялық Skoda автокөлік бренді де Қазақстан нарығынан кетті. Себебі Өскемендегі «Азия Авто» зауытында осы көлікті өндірген «Бипэк Авто Қазақстан» ірі холдингі банкрот болған. Оның үстіне, Индустрия министрлігі зауытпен ынтымақтастықты үзді. Ал банкрот болған компания соңғы 10 жыл ішінде министрліктен 173,9 миллиард теңге қаржы алған. Қайтаруға міндеттелсе де, жалтарған ұжымның кесірі ақыры Skoda брендіне тиді. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының дерегіне сенсек, 2020 жылы Қазақстанда 1054 Skoda көлігі сатылған. Ал 2021 жылдың 4 айында 237 автокөлігін өткізген екен. Осынша сұраныста болған бренд амалсыз кетуге мәжбүр болды. Қош, біз атын атаған компаниялар алдағы уақытта ел нарығына орала ма, ол жағы белгісіз. Енді нарыққа төзбеген брендтердің кем-кетігін саралап көрсек.Құлдыраған компаниялар кімді кінәлайды?
Әр компания құлдыраудың себебін нақты, ашық айта қоймайды. Бірінші кезекте ішкі мәселе тұратыны жасырын емес. Алайда себеп ретінде сылтау айтатындары да жетерлік. Бірі тұтынушының түсіністік танытпағанын, келесісі қысымның болғанын сөз етеді. Мысалы, «Рамстор» жабылар кезде «абыройымызға нұқсан келтіргендер көп болды» деп жауап қатқаны да бар. Әйткенмен шынында олай емес сияқты. Маркетолог Батырбек Жұматай қандай да бір компания келеңсіздікке ұшыраса, басты кінәлі өзі боларын айтып отыр. – Ірі компаниялар халыққа тиімді, жеңілдетілген қызмет көрсетпегеннен кейін сөзсіз оның орнын ауыстыратын басқа компаниялар табылады. Нарықтан амалсыз кетуге мәжбүр етеді. Кәсіпкер халықты кінәлай алмайды, себебі оның әу бастағы мақсаты қоғамның қажеттілігін өтеп, тиімді ұсыныстар жасай алу болған. Бос тұрған нарыққа алғашқы келген компания алпауытқа айналуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе қызметін жетілдіріп, ай сайын жаңарып отырмаса, кайдзен жолын ұстанбаса, нарықтан кетуге тура келеді. Өйткені кезекте өзгелер дайын тұрады. Бұл тұста талдау маңызды. Егер бір компания талдау жасап, бәсекелесінің кемшілігін білген болса, басқаларды ысыру өте оңай болады. Мысалы, «Рамстор» қазір неге жоқ? Magnum секілділер тұтынушыға қолайлы орта жасап берді. Ол үшін бонус деген дүниелерді де ойлап тапты. Kaspi банк қалай алпауытқа айналды? Бар болғаны қызмет көрсетуді оңтайландырып, сервисті жеңілдетті. Сондықтан нарықтан кеткен компанияларды талқылағанда басқа себептерді іздеудің, тұтынушыларды кінәлаудың қажеті жоқ. Бар айып өздерінде жатады. Компаниялар кез келген келеңсіздікке дайын болғаны абзал. Мейлі, саясат араласқан күннің өзінде, құрдымға кетудің басты себебі өздерінде жатады, – дейді маман. Шыны сол кейде билік, жергілікті әкімдіктердің өзі белгілі бір компанияның мүддесін қорғап, сойылын соғып, өзгені ығыстырып жіберуге әрекет ететіндей көрінеді. Өзгені айыптайтын ниетіміз жоқ, бірақ қоғамға белгілі жайттарды сөз етсек. Мәселен, облыс, қала әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін қымбаттатпай отыру үшін тұрақтандыру қорларын құрады. Әрине, ол да қыруар қаржыны қажет етеді. Алматы әкімдігі пандемия кезінде осы тұрақтандыру қорының жұмысын Magnum сауда желісі арқылы жүргізді. Яғни, сауда желісі бағаны тұрақтандыру бойынша табыс табады. Мысалы, Алматы әкімдігі аталған сауда желісімен 22 мың тонна көкөніспен қамтамасыз ету үшін 2021-2022 жылғы маусымаралық кезеңге көкөністі «форвардтық» сатып алу туралы 2,5 млрд теңгеге келісім жасаған. Ал өзгелері қайда қалды? Көкөніс егумен айналысатын шаруаларды неге елемеді? Біздің ойымызша, жергілікті биліктің бір ғана сауда желісіне жағдайды сеніп тапсыруы күмәнді әрекет секілді. Өзге компаниялардың ығысуына да әсер етуі мүмкін. Дегенмен маркетолог Батырбек Жұматай мұнымен келіспейтін сыңайлы. – Кез келген кәсіпкердің келіссөз жүргізу қабілеті бағаланады. Егер өз кәсібін жүргізу кезінде қажет болса ол билікпен де келіссөз жүргізеді. Бизнесті қорғап қалу мақсатында барлығына баруы тиіс. Бірақ бұл «жемқорлыққа араласып, қоян-қолтық болу» дегенді меңземейді. Тек халыққа да, билікке де тиімді шешім болса, қашпағаны дұрыс. Бұл – өте үлкен мәселе. Мықты кәсіпкер өз стратегиясы мен жоспары үшін саяси маңызы қадамдардан да бас тартпайтынын білген жөн, – деді ол.ТҮЙІН:
Компаниялардың арасында бәсекенің болғаны жөн-ақ. Бірақ сол бәсеке жеке бастың қамы үшін ғана емес, қоғамға да тиімді жағдай қалыптастыра алса игі. Соңғы бесжылдықта еліміздің нарығына келіп-кеткен алпауыттар көп. Әлі де болары анық.