Солтүстік Қазақстан облысында 93 елді мекен автобус қатынасымен қамтамасыз етілмеген. Бұл ауылдарда 70 мыңнан астам адам тұрады. Қажет кезінде олар баратын жеріне жете алмай қиналып қалады. Көлігі жоқ ауылдықтар облыс орталығына қатынау үшін көрші-көлем, дос-жарандарына жалынады. Алайда «кісідегінің кілті аспанда». Сондықтан елді мекендер арасында қоғамдық көлік қатынағанын қалайды. Ережеге сәйкес, ауылдағы тұрғындар саны 100-ден асса, мұндай елді мекендерге автобус қатынауы керек. Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар саны 100-ден асатын 93 ауылға автобус жүрмейді. Әсіресе, Аққайың, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Шал ақын, Жамбыл, Мамлют, Қызылжар аудандарының тұрғындарын автобус қатынасымен қамту көрсеткіші тым төмен. Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Құралай ауылының 200-ден астам тұрғыны автобусты ұмытқалы қай заман?! Қалаға қатынау үшін көлігі барларға өтініш жасау қалыпты жағдайға айналған. Сол үшін арнайы WhatsApp чат құрып алған. Әрі-бері қатынайтын жүргізушілер немесе жол жүруге ниетті адамдар сол чат арқылы бір-бірімен хабар алмасады. Облыс орталығына жету құны – 2 000 теңге. Кейін қайту үшін тағы сонша төлеу керек. Ара-қашықтық – 150 шақырым. Осы тарифке тұрғындардың бойы үйреніп алған. Өйткені Петропавлдан аудан орталығы Булаево қаласына жету үшін автобус билетінің құны – 900 теңге. Одан кейін аудан орталығынан ауылға жету тағы бір машақат. Сондықтан турасынан бір көлікпен жүргенді қалайтындар көп. «Чат арқылы кімнің қашан қалаға баратынын, орын бар-жоғын біліп отырамыз. Кері қайтамыз ба, жоқ па, оны да бірден келісіп аламыз. Қалада қалатындардың орнына жүргізуші басқа адамдарды алып қайтады. Немесе ауылға қайту керек болса, жұмыстарымызды бітірген соң жүргізушімен келісіп, уақыт белгілейміз. Жолаушылардың барлығына ыңғайлы болу үшін негізінен таңертең барып, кешке қарай үйге жол тартамыз. Кейде қаладан ауылға келгендердің көлігіне мінгесеміз», – дейді ауыл тұрғыны Ләззат Қанафина. Автобус жүрмейтін 93 ауылдың барлығында дерлік осындай жағдай қалыптасқан. Ақжар ауданында үш мыңнан астам тұрғыны бар Ленинград ауылына да автобус жүрмейді. «Ауданымыздың бұдан басқа Восход, Киев, Қулыкөл, Қарашілік, Май, Коммунизм, Ұялы, Ақсары ауылдарына да автобус қатынамайды. Әр ауылдағы тұрғындар саны 200-3 200 шамасында. Мұндай елді мекендерге автобус жіберіп көрген тасымалдаушылар тиімсіз деп қолдарын бір-ақ сілтеді. Халық таксимен жүруге, таксишілер үйлерінен келіп алып кететініне үйреніп алған. Автобус үшін мұның бәрі қып-қызыл шығын, әр жолаушыны үйіне барып алып кете алмайды. Аялдамаға ғана тоқтайды. Автобуспен тасымалдаушылар бастапқы қиындыққа тап бола салысымен, кежегелері кейін тартады. Меніңше, күнделікті белгіленген бір уақытта, белгілі бір аялдамадан жүретін болса, бұған да халықтың бойы үйренер еді. Мәселен, аудан орталығы Талшықтан облыс орталығына дейін жүретін автобустың билет құны – 1 860 теңге. Ал такси 5 000 теңге сұрайды. Сөз болып отырған Ленинград ауылынан Талшыққа дейін 40 шақырымға таксиге 900 теңге төлеу керек. Тұрғындар жолақысы арзан болғанын қалайды. Осындай өтінішпен біздің қоғамдық қабылдауға жүгінгендер бар», – дейді «Nur Otan» партиясы Ақжар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Оксана Киккаринова. Таксиге ақша таба алмаған ауылдықтар 20-30 шақырым қашықтықта орналасқан көршілес елді мекендерге жаяу тартады. Соның салдарынан биылғы қыста 4 адам боранда адасып та кетті. Солтүстіктің қысы қытымыр, боранды. Биылғы қыс бойы ауа райына байланысты 60 шақты ескерту жарияланды. Соған қарамастан жолға жаяу шыққан адамдарды төтенше жағдай қызметінің іздеп тапқаны абырой болды.
СУБСИДИЯҒА ДА ҚЫЗЫҚПАЙДЫ
Солтүстік Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің айтуынша, мұндай ауылдарға автобус жіберу тиімсіз. Бұған дейін жолаушы тасымалдаумен айналысып көрген мердігерлер кейін бас тартыпты. Себебі адам аяғы аз. «Мұндай бағыттар облыстық бюджет есебінен субсидияланады. Бірақ соның өзінде бұл бағыттарға қатынауға құлшынып отырған ешкім жоқ. Себебі тиімділігі шамалы. Ешкім де шығынмен жұмыс істегісі келмейді. Субсидия бергеннің өзінде бұл ауылдардың бағытына ешкім қызықпайды», – дейді Мақсат Қуанышпайұлы. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың пікірінше, бұл дұрыс емес, тұрғындар саны 100-ден асатын ауылдардың барлығына қоғамдық көлік қатынауы тиіс. «93 ауылда 70 мыңнан астам тұрғын бар екеніне назар аударғым келеді. Сондықтан Қаржы басқармасына бұл мақсатқа қаржы қарастыруды тапсырамын. Бюджетті бірінші нақтылау кезінде немесе ауыспалы қаражаттан 180 миллион теңге бөлу қажет. Бұл қаржыға барлық ауылға автобус жіберілетін болады. Мәселені тез арада шешуді тапсырамын», – деді өңір басшысы. Солтүстік Қазақстан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бүгінде облыс тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында өңірде 129 автобус бағыты жұмыс істейді. Соның ішінде 5-уі – облысаралық, 54-і – облысішілік, 30-ы – ауданаралық, 11-і – қаламаңындағы, 20-сы – қалалық, 9-ы – ауылдық. Облыстағы 443 ауылдың 350-і, яғни 79 пайызы тұрақты автобус қызметімен қамтамасыз етілген. Жолаушы тасымалдауға конкурстық негізде 108 тасымалдаушы тартылған. Былтыр 54 әлеуметтік маңызы бар бағытты субсидиялауға 745 миллион теңге бөлінген. 9 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Бұл 2020 жылғымен салыстырғанда 298 пайызға артық. Ал биыл әлеуметтік маңызы бар бағыттар санын 64-ке дейін ұлғайтып, 1 млрд 150 млн теңге субсидия бөлу жоспарланып отыр. Себебі бұл шара бағыттарды сақтап қалуға септігін тигізгені дәлелденді. Бағыт әлеуметтік маңызы бар танылса, билет құны бірден арзандайды. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласына қатынайтын автобус билетінің құны бұған дейін 970 теңге болса, субсидия бөлінгеннен кейін 640 теңгеге дейін арзандады. Айыртау ауданының Саумалкөл ауылына дейін – 2 241 теңгенің орнына 1 494 теңгеге жетуге болады. Уәлиханов ауданының Кішкенекөліне жету үшін 3 060 теңгенің орнына 2 040 теңге төлейді. «Автобус рейстерінің тұрақты дамуына жолаушыларды заңсыз тасымалдаушылардың жұмысы кедергі келтіреді. Сондай-ақ шалғайдағы ауылдық елді мекендерге қызмет көрсетуге дайын кәсіпкерлер жоқ. Қазір облысішілік және ауданішілік субсидияланатын жаңа автобус қатынастарын ашу мәселесі пысықталып жатыр», – деді басқарма басшысы Мақсат Баяхмет. Жоспар ойдағыдай жүзеге асса, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындар саны 100-ден асатын барлық елді мекені 100 пайыз автобус қатынасымен қамтылмақ. Тек жолаушы тасымалдауға келісетін кәсіпкер табылса болды.Солтүстік Қазақстан облысы