Елордада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Қаламгерлер аллеясындағы «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт зиялыларының рухына тағзым етуден басталды. Одан кейін жиналғандар «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Жиында бірінші болып сөз алған Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Алаш ардақтысы, реформатор ғалымның елді ағарту жұмыстарындағы рөліне, тіл мен әдебиет ғылымдарының негізін салудағы зор еңбегіне тоқталды. Ұлт ұстазы қай заманда да халқымыздың рухани көсемі болып қала береді. Әсіресе, ол қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілдің орны айрықша екеніне зор мән берді. Оның «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» деген сөздері – соның айқын дәлелі. Ахаң ұлттық әліпбиімізді әзірлеп, оқулықтар жазды, тіл ғылымына түрен салды. Тілдің ұлтты сақтаудағы орасан зор маңызын жұртымыздың санасына сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Осы тарихи еңбегінің арқасында ол «Қазақ тіл білімінің атасы», «Ұлт ұстазы» атанды. Ахаң негізін қалаған тіл ғылымы оның есімін атаудың өзіне тыйым салынған Кеңес дәуірінде де жаппай қолданыста болды. – Ахаң Алаш қозғалысының қарлығашы «Қарқаралы құзырхатын» ұйымдастырды. Халықты оятқан «Қырық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтарын шығарды. «Тіл-құралдарын» жазып, елдің жаппай сауатын ашты. Ұлттың үнжариясы болған «Қазақ» газетінің бас редакторы болды. Бұл – Ахаңның елге сіңірген өлшеусіз еңбегінің бір парасы ғана. Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахаңның туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз, – деді Ерлан Қарин. Мемлекеттік хатшының айтуынша, осыдан тура бір ғасыр бұрын жұртымыз ұлт зиялыларының бастамасымен Ахаңның 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл қазақ тарихындағы алғашқы мерейтой болатын. Содан бері 100 жыл өтіпті. – Ахаңның 50 жылдығына кімдер қатысқанын еске түсірейікші. Мерейтойдың өтуіне тікелей мұрындық болған Смағұл Сәдуақасов пен Мұхтар Әуезов. Алқалы жиында Смағұл негізгі баяндаманы жасады. Сөз соңында «Аха, біз өзіңіз бастаған жұмысты жалғастырамыз» дегенде жиналған жұрт орнынан тік тұрып қошемет көрсетті дейді көз көргендер. Сол тойдың басы-қасында Елдес Омаров, Әбдірахман Байділдин, Ғалым Ахметов және басқа да қайраткерлер жүргенін білеміз.Одан бөлек Сұлтанбек Қожанов пен Иса Тоқтыбаев Ахаңның 50 жылдығын Ташкентте кең көлемде атап өтіп, мерейтой иесін арнайы қонаққа шақырды. «Ақ жол» газетінің бір нөмірі тұтастай Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналды, – деді Ерлан Қарин. Конференцияға Парламент депутаттары, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, зиялы қауым өкілдері, алаштанушы, ахметтанушы отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры Мәмбет Қойгелдиев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Ісмақова, Ұлттық ғылым академиясының академигі Шерубай Құрманбайұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова және Насими атындағы Әзербайжан ұлттық ғылыми академиясы Тіл білімі институтының доценті Эльчин Ибрагимов баяндама жасады. Жиында сөз алған Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросының басшысы Криста Пиккат Ахмет Байтұрсынұлын әлемдік тұлға ретінде атап өтті. – Тәуелсіздіктің арқасында Ахаңның 150 жылдығын әлемдік дәрежеде атап өтіп жатырмыз. Бұл – біздің мемлекеттігіміздің көрінісі. Ахаңның мерейтойын науқаншылдыққа салынбай, жоғары деңгейде өткізу – үлкен жауапкершілік. Ұлт ұстазының әрбір сөзін, Алаш арыстарының рухын болашақ ұрпақ бойына сіңіру – біздің міндетіміз, – деді Мәмбет Қойгелдиев. Сонымен қатар Мәмбет Қойгелдиев 1928-1939 жылдар аралығында қазақ екі мәрте басқарушы элиталарынан айырылып қалғанын, осы мәселеге тарихи түрде баға беретін уақыттың келгенін айтты. «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тіл білімінің мәселелері», «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар» тақырыптарында өткен секциялық отырыстарда 20-дан астам ғалым ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі және әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, Алаш қозғалысы қайраткерінің ғалымдық сипатын жан-жақты ашып, баяндама жасады. Биыл ұлт ұстазының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде және еліміздің барлық өңірінде атап өтіледі. Парижде және Ыстамбұлда арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады деп жоспарланған. Сондай-ақ Түркістанда Халықаралық конгресс өтеді. Соның бәрінде Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы мен қайраткерлік қызметі дәріптеліп, лайықты баға беріледі. Мемлекет басшысы мерейтойлық шаралардың аста-төк тоймен емес, елге пайдасы тиетін нақты жұмыстармен ерекшеленуі қажеттігін үнемі айтады. Бұл ұстаным Ахаңның мерейтойына да қатысты. Биыл ұлт ұстазының туған жері Қостанай облысында инфрақұрылымдық және мәдени-рухани жобалар жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар ұлт ұстазының таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жинағының 12 томдығын баспадан шығару, Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі.