Алматыда мемлекеттік бағдарламамен үй ала алмағандар наразылық білдірді
Алматыда мемлекеттік бағдарламамен үй ала алмағандар наразылық білдірді
206
оқылды

Алматыда «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша үй ала алмай жүрген 30-дан астам адам «Отбасы банкінің» алдында наразылыққа шықты. Жиналғандардың сөзінше, халық өткен жылдың қараша айында конкурстан өткен. Бірақ кейін "құжаттарыңыз талапқа сай емес" деп кері қайтарып берген екен. Ал, заңнан аттай алмаймыз деген банк тарабы наразы топқа бірнеше ұсыныс дайындапты, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

«Отбасы банкінің» алдына жиналғандар «Нұрлы жер» бойынша қолжетімді баспана болады деп салынған үйге қол жеткізе алмай отырмыз дейді. Айтуларынша, «Шаңырақ» пен «Бақытты отбасы» бағдарламасына толық емес жанұя мүшелері, көп балалы және мүгедек бала асырап отырған адамдар мен мемлекеттік қызметкерлер қатыса алады. Жиналғандар сол санатта екен. Конкурстан өтіп, алғашқы жарналары депозитте дайын тұрған азаматтарға Алматы облысында тіркеуде екенсіңдер деп құжаттарын кері қайтарып берген.
"Бізге тиесілі өзіміздің үйімізді берсін. Біз оны тегін алып жатқан жоқпыз ғой. Бәленбай жылға несиеге басымызды сұғып отырмыз. Енді қарап тұрсаңыздар, біз бөтен жақтан келмедік қой. Басқа облыстан келген жоқпыз мысалы", - дейді Алматы облысының тұрғыны Гүлнәр Сахиева.
«Отбасы банкі» мамандары мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлерді үлестіру кезінде жазылған заңнан аттай алмаймыз дейді. Ал, бүгін жиналған жұрт өтінім берерде сайтта тіркеу туралы ақпарат болмағанын айтады.
"Тұрғын үй қатынастары туралы заң. Сол заң аясында көрсетілген, яғни, әкімшіліктен салынатын үйлер осы Алматы қаласында кезекте тұрған, Алматы қаласында пропискасы бар азаматтарға беріледі деген. Сондықтан да осындай бір қайшылық туындағандықтан бүгінгі таңда банк тарапынан барлық шара жасалып жатыр", - деді «Отбасы банкі» Алматы қаласы филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
Бүгін банк мамандары жиналғандарға мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды. Алғашқысы, Алматы іргесінен үй қарау. Екіншісі, қаладағы басқа тұрғын үй кешендерінен сатып алу. Соңғысы, салынып жатқан көп қабатты үйлерді алу. Ендігі таңдау халықтың өзінде. Айта кетейін, бүгін конкурстан өткен адамдардың төлем қабілеттілігін растаған құжаттарының мерзімін тағы алты айға созу туралы шешім шығарылды.