Миларында миллиондар

Миларында миллиондар

«Ми» супер маркеті ашылыпты!» ‒ деген хабар желдей есті. Еліміздің небір ақымақтары, жемқорлары мен парақорлары жалғыз ғана супер маркетке кезекке тұрғанын көргендер жағаларын ұстады. Елімізде осыншама мисыз­дар болғаны ма?  Не деген, есек бастар еді?  Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шылығы бөлі­мі­нің бұрынғы басшысы Қуат Мұхамедчинов супер маркетке бірінші болып кірді. – Қандай милар сатылуда?‒деп сұрады ол. – Есек ми, қоян ми, қасқыр ми... ‒деді сатушы қыз. – Кешіріңіз, ақылды, данышпан милары сатылуда деп естіген едім. – Аа, «Керемет» деген ми ма? – Ия, сол «Кереметтен» екі кило беріңізші. Миымды ауыстырайын деп едім. – Кешіріңіз, таусылып қалып еді. – Жарты кило да жоқ па? – Жұғыны ғана қалды. – Соның орнын алмастыратын қандай милар бар? – Тауық ми. Бірақ кімнің тарысы шашылса, сол жаққа жүгіре береді. – Керек емес. Басқа? – Маймыл ми. – Құдай сақтасын! – Есек ми. – Керегі жоқ дедім ғой! Онсыз да миым ашып кеткен, қайдағыны ойлап, мазам қашып кеткен. – Басқа қалмады... – Сау болыңыз! ‒деген Қуат мырза супер маркеттен ашуланып шықты. Қарсы алдынан сыбайластары,  «Еңбек‒Өскемен» республика­лық мемлекеттік кәсіпорнының жетекшісі Асхат Құдайбергенов пен «Элизор‒М» ЖШС‒нің директоры Алексей Бехтольд  жолықты. – Мұхит мырза, миым істемей қалды, ‒деді Алексей маңдайын сипалап. – Миымызда миллиондар, ‒деп міңгірледі Асхат. – Енді не істейміз? – Мына маркетте  ақылға келтіретін милар жоқ па екен? ‒деп сұрады Алексей. – Таусылып кетіпті. – Алыпсатарлар алып кеткен шығар? – Олар сұрастырып жүріп, бір алыпсатардың үйіне келді. Есіктің қоңырауын Алексей басты. Үшеуін көргенде, үрейі пыр‒пырлап ұшып кеткен алыпсатар есікті қайта жаба қойды. Алексей қоңырауды қайта басты. – Сіздерге не керек? ‒леп сұрады үй иесі есіктің арғы жағынан. ‒Кешіріңіз, бізге ми керек еді. – Мені ми сатады деп кім айтты? – Оптом алып кеткен екенсіз. – Финполдан емессіздер ме? – Жоқ, ақымақтар едік... – Қанша кило керек? – Әр қайсымызға бір килодан. – Бір кило бастарыңызға сыймайды ғой. – Қанша қалса да беріңіз. – Менде жарты қасық қана қалған. Оның өзі сасып кеткен... –  Үшеуі үрпиісіп қалды. Мұндай ми сататын супер маркеттің жоқ екені де рас. Не істерін білмеген үшеуі ақылдаса келіп, мемле­кеттің  146 миллионнан астам  қаржысынан қарпып қалуды ойластырды.  Қалай дейсіз ғой?  Олар электр желісі құрылыс нысанын салу кезінде не бір қитұрқылықтарға барды. Қуат Мұхамедчинов‒бас «режиссер».  Миы шаршап қалса да, қылғыта салуды ойлады. Экс‒шенеунік мердігер кәсіпорынның істе­меген жұмыс актісіне қол қойып, қабылдай салды. Миы қалай ғана істеп кетті десеңізші? Супер ми! Оның кесірінен қыруар қаржы мердігерге өтіп кетті. Ал, актіде көрсетілген құрылыс материалдарын шайтан жалап кеткендей, жоқ! Жоба бойынша Риддерден Батыс Алтай қорығына дейін тартылуы керек электр желісі осылай тартылмады. Не деген данышпандар еді?

Ратхұм МІРЕШ