Ұрылар ұясы

Ұрылар ұясы

– Үптеп кетті, ойбай! – Тонап кетті! – Қайда, қайда? – Әй, кемпірім! «Қайда? Қайда?» деп кімді іздеп тұрсың? – Сені іздейді деймісің? Полицияны іздеймін де. Өздері осындайда қайда кетіп қалады? Мына шпаналар үйме-үй тінтіп, бәрімізді тонап бітті ғой. Оқалы шекпен кигендер ай қарап жүр ме, түге? – Сен де айтасың-ау. Ұрыларды ұстаса қайда қалыпты? Қарындары қабақтай, беттері табақтай болып жүрген шығар сол,-деп таяғына сүйенген қарт жерге бір түкірді. Қарттың қапаланатындайы-ақ бар. Соңғы кезде шырайлы Шымкентіңізде шпаналар дегеніңіз биттей өріп кетті. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» демеуші ме еді, әсіресе кешегі «Қаңтар қасіреті» кезінде олар аш қасқырдай жалаңдап, талай үйдің астаң-кестеңін шығарды. Міне, қараңыз, қаңтар айының өзінде «Асар-2» шағын ауданында 11 үйді «шпаналар» үптеп кеткен. Бұл ресми тіркелгені ғана. Ал, арызданбағандары қаншама. «Бәрібір біздің полицейлер оларды таппайды» деп қолды бір сілтеп қоя салғандары қаншама. Шпаналар уақыт таңдамайды. Оларға күн, түн бірдей. Үй иелері қалай сыртқа шықты, солай зып беріп кіреді де, қолына іліккенін іліп түседі. Олардың әккі болғандары сондай, асыл заттардың қай жерде тығулы жатқанын иіссіл иттей сезе қояды. Шымкентті қан қақсатып отырған ұрылардың ұсталғанын естіген адам жоқ-ау сірә. Олардың басынғаны соншалық, былтыр «Қазығұрт» шағын ауданында учаскелік полиция инспекторының үйін үптеп кетті. Бұдан артық қандай батылдық керек! Шпаналар инспекторды құрмет­тегені соншама, киімдерін жерге атып ұрып, үстіне ойнақ салыпты. «Қазығұрт» шағын ауданында екі үйдің біріне ұры түсіп жатты. Бір үйге таңалакеуімде түскен екен, отағасы оянып кетіп, шақырылмаған қонақтардан таяқ жеп қалды. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» демекші, сенген полициямыз әлгіндей болған соң ашынған жұрт үйлерін енді өздері күзете бастады. Жасұлан Ақтаев «Асар-2» шағын ауданында алты жылдан бері тұрады. Ол 21 қаңтар күні кешкілік қонаққа барып келген. Келгенде терезенің ашық қалғанын көрген. Шпаналар шкафты шімірікпей ақтарып,  алтын бұйымдарды алып кеткен.  Бәрінен қиыны құжаттар салынған сөмкені іле кеткені болып тұр ғой. Полицейлер келуін келді. Бірақ иіс ала алмады. «Қулар қолғаппен жұмыс істепті» деп уәж айтқансыды. Із кесушілердің түрлі амалдары болушы еді, ұрыларға келгенде осы амалдары іске аспай қалатыны жұмбақ. Нышанәлі Дәуренбеков те  шпаналар­дан зардап шегіп отыр. Оның үйіне түскендер теледидар мен ноутбукті жымқырған. Назира деген апаның пердесін сыпырып алып кетіпті. Бұған қоса аспа­шамын да қолтықтай кеткен. Гауһар Әбішеваның үйіне «қонақтар» тапа-тал түсте келіпті. Оның үйіне осыдан екі жыл бұрын да ұрылар түсіп, екі баласын қабырғаға тақап қару кезеніп ұстап тұрыпты. Суық қолдылардың қулық-сұмдығы сұмдық. Олар үйге кіре сала: «Бізді мамаң жіберді. Теңгені тауып бер» деп екі баланы алдамақ болған. Абырой болғанда бір баласы сытылып шығып, көршілерден көмек сұраған. Сол кезде суық қолдылар көліктеріне мініп, қараларын батырған. Гауһар сол кезде баласының сүндет тойына деп азын-аулақ қаржы жинап жүріпті. Осыны қайдан естігендерін бір Құдай біледі, ұрылар   сол қаржының иісін сонадайдан сезіп келген ғой. Айқай-шу шығып кеткен соң, асығыс-үсігіс қашқан шпаналар тығулы теңгені таба алмапты. Балалары да, қызықшылығы­ма деп тыққан қаржысы да аман қалған соң Гауһар «қол сынса жең ішінде» деп сақшыларға арызданбаған. Бүгінде асарлықтар асайын-мүсейін­дерін асынып, көше күзететін болған. Соның өзінде шеткі үйлерді ұрылар үптеп кетіпті. Осыдан барып, тұрғындар тәртіп сақшыларына сенуден қалған. Олардың өздері ұрылармен сыбайлас деп санайтын­дар көп. Бір қызығы, осы шағын ауданда учаскелік полиция инспекторлары жиі ауысады. Олардың кетуіне қылмысты аша алмауы себеп. Кеткендерде де уәж бар. Олар: «Бұл ауданда камералар орнатыл­маған. Сол себепті ұрылар құрыққа түс­пейді» десетін көрінеді. Тірліктін барлығын камераға артып қойсақ, инспектор ұстап не керек? Айтпақшы, жақында мұнда тағы да жаңа инспекторлар келді. Қаратау аудан­дық ПБ жергілдікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Оразымбетовтің айтуынша, олардың тәжірибелері толық көрінеді. Бұдан былай былық болмайды, ұрылар ұсталады деп отыр. Бұл үшін әкімдіктен көшелерге жарық , камералар орнатуды сұранбақ. Ал, осы күнге дейін тіркелген 11 пәтер тонау қылмысы ашыл­май тұр. Шымкент қалалық полиция департа­ментінің бұрыңғы бастығы, полиция генерал-майоры  Ералы Жұмаханбетовтің соңыңда бір қапшық әңгіме қалды. Жергілікті полиция қызметінің бастығы Мұхтар Бұхарбаев жайындағы қиғаштау әңгіме, көлік ұрлығына қатысы бар деген күдікпен ұсталған қостанайлық азамат Нұрболат Жұмабаевтың полиция ғима­ратында қайтыс болуы сияқты жайсыз хабар гуілдеп кеткені жасырын емес.  Иә, кеткеннің артынан тас лақтырғымыз жоқ. Жолы болсын! Жуырда Шымкент қалалық полиция департаментіне жаңадан бастық тағайын­далды. Шымкенттік шпаналарды бір құрықтаса генерал Қайрат Дәлбеков құ­рық­тайды-ау деп дейді жұрт. Шымкент ұры­лар ұясы деген шошынарлық аттан құтылатын күн де келер...

Сабырбек ОЛЖАБАЙ