Итіне көңіл айтамыз!
Итіне көңіл айтамыз!
273
оқылды
Өмірде не болмайды? Бәрі бо­ла­ды. Қыт‒қыттап жүрген тауығың кенеттен «қайтыс» болып кетсе де, кеңкелес болмасаң, кә­дім­гідей қай­ғырып қаласың. Мы­сы­ғың мияу­лап жүріп, «қартайып» өлсе, немесе көлік басып кетсе, ыржи­май­сың, тыржиясың. Бірақ, жұрт итке, мысыққа, тауыққа бола көніл айтып келмейді. «Итіңіз қайтыс болыпты, Арты қайырлы болсын, қал­ған ғұмырын күшік­теріне бер­сін!» ‒демейді ғой. Ия, ит жеті қазынаның бірі. Баяғыда, біздің «Патрон» деген дәу итіміз болған. Сол итіміз байлаулы жерінен көшеге шығып кетіп, таппай қалдық, Келесі күні оны сойып жеген бір кәрістер басын кесіп, есік алдына әкеліп тастапты. Итіміздің басын құшақтап жыла­масақ та, кімнен көрерімізді біл­мей, түнімен кірпік ілмей, ертеңіне інілерім кесілген басты «арулап» көмген болатын. Сондықтан,  «Ит­ке бола шу шығарғаны несі?» ‒ деп алдын‒ала айбақ‒сайбақ әңгіме ай­туға да болмайды. Нені меңзеп отырғанымды түсін­ген боларсыздар? Жақында, Тараз қаласында бір ит өлді. Кәдім­гі ит. Ит болғанда, қалада тұратын қарындастың иті. Көшеде «көңіл» көтеріп, қыдырып жүрген ғой. «Кластастарымен, құрдастарымен» дегендей... Не қарғы бауы, не паспорты, не чипі жоқ ит бірден көзге түседі емес пе? Денсаулығы да жақсы болатын. Ковидпен ауырмаған дегендей.  Сол иттің жолы болмады. Бақытсыз ит екен. Ветеринария инспекторларының көзіне түсіп, бақилық болды. Өмірге үріп келіп, қыңсылай да алмай кетті. Аянышты. Инспек­тор­лар оны алдап шақырып, сым темірмен мойнына орап, аулаққа алып кеткен. Кейін өлігі табылды. Итке тіл бітсе: Кешіріңіздер, мырзалар, мен мына үйдің итімін. Мен «бомж» емеспін. Құдайға шүкір баспанам, үйшігім бар. Мейірімді ханым бар, алдымда ас, олай болса, менен қаш! ‒дер еді ғой. Оның аты‒Персик еді.  Қайран, Пеке! Жарық дүниенің қызығын да көрмей кеттің‒ау! Егер сен тірі болғаныңда,  ханымның алдынан арсалаңдап жүгіріп шығар едің‒ау! Егер сен тірі болғаныңда, көшедегі адамдарға үріп, немесе ырылдап жүрер ме едің? Оқушы­лардың артынан келіп, тістеп алар ма едің? Енді міне, иең қара жамылып отыр. Оны да түсінуге болады, сені жанындай жақсы көруші еді... Саған бар тәттісін беруші еді. Енді міне, сен жоқсың. Өмір деген осы, бүгін барсың, ертең жоқсын, пенсияға да шығып үлгермедің, ой, ұзақ жасар ма едің, Персик! Персикжан, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Сен жақсы, иткершілігі мол, білімді... ой, сондай мейірімді... ой, кещіріңіз, сондай жақсы ит едің! Қайтейік, тағдырың осы болды. Улап өлтірді ме, басқалай өлтірді ме,  көшеде серейіп жатқа­ның­ды көрген адамдар көз жаста­рын бір сығып алған еді. Сенің қа­сыңда, қаңтар қайғысы оқиға­сында қайтыс болған азаматтар түк болмай қалды.  Сен данышпан ит болдың, Персик! Саған «Қаһарман ит» атағын берсе де жарасады. Сен үшін бұл ханым облыс әкімшілігі алдына келіп, шу шығарды ғой! Сенің өлі денеңді сүйреп әкелді. Сен үшін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ханымға басу айтамын деп, әлеуметтік желі­де басы дауға қалды. «Итті заңсыз өлтіргенсің­дер!»‒деп ветеринария басқармасы­ның басшысын жерден алып, жерге салды. Жадыра ханым, бұл жерде әкімнің итке тікелей, қан­дай қатысы бар? Әуелі, ветери­нария басқармасына бармадыңыз ба?  Бір итке бола елді шулатып... Қаншама адам бейбіт шеруде со­дыр­лардан қаза тапты.  Сіздің иті­ңіз солардан артық па еді? Қайта, облыс әкімі сіздің сөзіңізді құпта­ғанына қуаныңыз! Екеуің де кінәлісідер, ‒деді әкім, ‒Шаш ал десе, бас аласыңдар. Сендерге бәрін атыңдар, қырыңдар деп ешкім айтқан жоқ қой? Сендер әуелі мынаның адамға зияны бар ма, жоқ па, соны анықтауларың керек еді. Балаларды қаба ма, жоқ па? Одан кейін иесі бар‒жоғын іздеу керек еді. Ал, Жадыра ханым итін арқалап, Алматыға кетті. Арнайы сараптамадан өткізбек. Ол итін инспекторлар улап өлтірді деген сенімде. Егер, бұл дерек дәлелденсе, кінәлілерді сотқа сүйремек. Ия, өлер ит өлді. Ит өмірі қымбат па, адам өмірі қымбат па? Баяғыда жер дауы, жесір дауы деген болушы еді. Енді ит дауы қосылды. Құдай берекесін берсін...

Жатыпатар ЖАНЫС