Интернетті иіскейді
Интернетті иіскейді
150
оқылды
Түннің бір уағында, орнынан ұшып тұрған Беко жерге жата кетіп, тапаншасын пәтерінің есігіне қарай бағыттады. Есіктің қоңырауы безілдей жөнелді. Беко бұл жолы  жерде ары аунап, бері аунап, тапаншасын шошаңдатты. Еңбектей жылжып, есікке қарай жылжыды. Есік қоңырауы тағы безілдеп еді, тез артқа шегініп, отыра кетті. Залдағы қабырғада кино көрсетіліп жатты. Бір кезде, ол есікке қарай аяғын жәймен басып, жақындай бастады. Сосын: – Бұл кім?–деп сұрады. – Үстіңдегі әйелмін. – Менің үстімде неғып жатыр­сың? – Теледидарыңды жәй қой! Түнгі он бірден асып кетті! – Аа, атың кім? – Атым жайлауда. Неғыласың? – Жарайды, кешір, – деген ол залға келіп, теледидарының дау­сын бәсеңдетті. Қызықпады біле­мін, келесі арнаға ауыстырып еді, шетелдің «Терминатор» киносы басталып жатыр екен. Бір кезде, аспаннан атақты актер Шварцнеггер, терминатор секіріп түсті. Бұлшық еттері бұлтылдап, жылтырап көрінеді, өзі тыр жалаңаш. Жақын маңдағы барға кірді. Жігіттер мен қыздар оған таңдана қарады.Тіпті, біреуі тиісіп еді, мойнынан қылғындыра жоғары көтеріп, қарнына пышақ тыға салды. Дәу қараның  қара көзілдірігін тартып алып, көзіне тақты.  Сосын, далаға шығып, есік алдында тұрған мотоциклге отыр­ды да, жөнеп берді. Беконың да, терминатор бол­ғысы келді. Түн ортасында ол да аспаннан секіріп түсті. Аспаннан найзағай жарқ–жұрқ ете қалды. Тыриған арық, аяғын да ауыртып алғаны. Сипалап қойды. Бұтына жапырақ жабыстырып алыпты. Сәл ұяты бар екен. Сосын, ақсаңдай жүріп, жақын маңдағы шағын кафеге кірді. Ішіндегі қыз–жігіттер таңдана қарасып қалды. Бір қыз ұяла бетін алақанымен басып, теріс қарап еді, оны жұлқи өзіне қаратып, мойнынан иіскеді.  Барменге жақындаған Беко–терминатор бос бокалды сырғыт­ты. Сыра ішкісі келгені ғой деп ойлады жұрт. Бармен түсініп, сыра құйып берді. Бірақ, ол сыра ішкен жоқ, беті–қолын асықпай жуып жатты.  Бұл қылығына жыны келген бір жігіт талтаңдап, оның қасына келді. – Ей, тырдай братан? – Не болды? – Атың кім? – Беко –терминатор. Кафе ішіндегі қыз–жігіттер күлісіп алды. – Сен не, моншада жүрсің бе? Беко – терминатор  оң қолы­мен жігіттің мойнынан қылғын­дыра ұстап, жоғары көтерді. Жігіттің аяғы тыпырлап, жаны мұрнының ұшына келді. Өзгелер үрпиісіп, кейін шегініп кетті. Беко–терминатор оны жібере салғанда, мойнын сипалаған жігіт жөтеле берді. Оның дермантин курткасын, шалбарын киіп алды. Дәу қара жігіт қабырғаға сүйеніп тұр екен. Өзі қара көзілдірігін шешіп бере салды. Беко–терми­натор қара көзілдірікті тағып алып, есікке беттеген еді, бармен  «сыраның ақшасын кім төлейді?» деп қалды. «Терминатор» жалт бұры­лып, бас бармағын екі сауса­ғы­ның арасынан қылтитты. Сөйт­ті де, есік алдында  тұрған мото­циклге отырып, газды барынша берді. – Интернетегі, вацаптағы қыз­дар! Қайдасыңдар? – деп айқай­лады ол. Кенет есіктің қоңырауы тағы безілдеді. Селк ете қалған Беко теле­дидарды өшіріп, есікке жа­қын­дады. Ал, бұл кезде, бойжеткен айна алдына келіп, ернін қызарта бояды. Айнаға қарап, көзін қысты да, бір қырынан талтайып тұра қалды. Сосын, екінші қырынан тұрып, өзіне–өзі тамасана қарады. Мини көйлекті жабыстыра киіп алыпты. Мойнына алтын цепочка­сын тақты. Саусағына да алтын жүзік тағып, көз алдына апарып, жы­миып қойды. Алтын сырға­ларын ұстап, мәз болды. Бір кезде ұялы телефоны қоңыраулады. – Алло, Сандуғаш? – Шыға берейін бе? – Сен шықпай–ақ қой. – Неге? Бетімді бояп қайдым. – Сүрте сал. – Кафеге апармайтын болды ма? – Бүгін жәй, жындыхананың жанында кездесетін болдық. – Неге жындыхана жанында? – Білмеймін. – Сен ол жігітті танисың ба? – Жооқ, вацап арқылы танысқанымыз­ға үш күн болды. – Қалай, красавчик пе? – Ой,  әнші Димаш сияқты! – Жолың болсын! Гуля сөмкесін асынып,  әндете жүріп, есіке беттеді. Ал, бұл кезде,  Беконың досы Жасик келген болатын. – Как дела? –деді досы. – Норм. – Неден қорқып жүрсің? – Менттер аңдып жүргелі қашааан! – Оо, жалдаған пәтерің күшті екен! Екеуі диванға келіп отырды. Диван үстінде шашылып жатқан қыздардың суретін көрген Жасик таңданысын жасырмады. –Блиин, мына қыздардың бәрін алдап, ақшасын, алтын­дарын алып кеттің бе? – Менің жұмысым, іс біткен соң: «Құрып кетші, әрі!». Ал мен жорыққа кеттім, Сен осы пәтерде күте тұр, жарай ма? Сөйтті де, асығыс киінген Беко, шын аты–жөні Бекмұрат Алпысбаев  пәтерінен шығып кетті. Бірақ, қайтып оралмады. Алматылық алаяқ Гулямен кезде­сіп, алтындарын байқатпай, сыпы­рып алып жатқанда, құқық қорғау органдарының қолына түсті. Тек қыз–келіншектерді алдап–арбап, несиемен ақша алдыртып, олардың сеніміне кіріп, алтындарын үптеп кетіп, артынша жоқ болып кететін алаяқтың ақыры осымен аяқталды.

      Лара РАМАН