Көптеген жекеменшік балабақша санитарлық талаптарға сәйкес келмейді және аумағында бақылау камерасы орнатылмаған. Сол себепті №122 бұйрықтағы талаптарды қайта қарап жатырмыз, - деп мәлімдеді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Бұл туралы Informburo.kz басылымы жазды.
"Кезінде бізде балаларды балабақшамен қамту деңгейі төмен болды. Осыған орай, 2011 жылы жекеменшік балабақшаларға лицензия алу қажет емес, оларды тексеруге болмайды деген шешімдер қабылданды. Бұдан кейін типтік штатына кімді жұмысқа алатынына араласпаймыз дедік. Соның арқасында, қазіргі уақытта балабақшалармен қамту деңгейі 99%-ға жетіп отыр. Бірақ сапасына қатысты мәселе туындап отыр. Өкінішке орай, балаларға тәрбиешілердің қол көтергені туралы фактілер бар. Бір күнде 25 баламен жұмыс істеуге бір адамды бөліп қойған. Күні бойы көп баламен отыру жалғыз адамға қиын. Екі аптадан кейін психологиялық тұрғыда қиын жағдайға түсуі мүмкін. Кейін осының әсерінен әртүрлі келеңсіз жағдай болады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін мемлекеттік балабақшаларға түске дейін және кейін бір-бір тәрбиешіден қойып қойдық", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.Әрі қарай министр көптеген жекеменшік балабақшаның санитарлық талаптарға сай келмейтініне тоқталды. Кейбірінің ғимараты балалар үшін ыңғайыссыз етіп құрылған. Осы орайда, ол, ең алдымен, баланың қажеттілігі ескерілуі тиіс екенін алға тартты.
"Бұрын үй болған ғимараттарда балабақша ашылған. Кейбір балабақша санитарлық талаптарға сай келмейді, камера орнатылмаған. Сол себепті №122 бұйрықтағы талаптарды қайта қарап жатырмыз. Әрине, бұған көп балабақша риза емес, петиция жазып жатыр. "Мұнымен келіспейміз, бұл біздің нан тауып отырған жұмысымыз" дейді. Бірақ, балабақшаға бизнес тұрғысынан емес, бала тәрбиесі тұрғысынан қарау жөн. Ал балаға қауіпсіз орта, білімді тәрбиеші, таза, жылы жер керек", – деді Асхат Аймағамбетов.