«Балалардың күтіміне бөлінген 63 миллион теңгені жымқырды» деп айып тағылған Өскемендегі мамандандырылған балалар үйінің қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Өскемен қалалық №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады. «Д есімді азамат «Өскемен қаласындағы мамандандырылған балалар үйі" КМК директоры қызметінде жүріп, бас бухгалтер Е-мен бірге 2015 жылдың наурызы мен 2019 жылдың 3 қаңтары аралығында балаларға бөлінген 63 150 581 теңге көлеміндегі бюджет қаражатын қолды қылған. Кадр бөлімінің инкпекторы У Д және Е-нің айтуымен төлем құжаттарын дайындаған» делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Сот шешімімен айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, Д, Е, У-ға 7 жылға бос бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Жазаны қылмыстық-атқарушы жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемелерінде өтейтін болады. Айыпталушы У-дің кішкене баласы болғандықтан, жазасын өтеу мерзімі 5 жылға дейін қысқартылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
А.Әбіл, Шығыс Қазақстан облысы