Биыл 26 ақпанда Ақ үй Еуропалық комиссия, Франция, Германия, Италия, Ұлыбритания, Канада және АҚШ көшбасшыларының Ресейге қатысты бұдан былайғы шектеулі экономикалық шаралар туралы бірлескен мәлімдемесін жариялады. Атап айтқанда, шаралар Ресейдің жекелеген банктерін SWIFT хабарларымен алмасу жүйесінен алып тастауды және басқа шектеу шараларын, оның ішінде Ресейдің Орталық банкіне қатысты шектеу шараларын енгізуді көздейді. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Сонымен қоса, S&P Global Ratings рейтингтік агенттігі халықаралық санкциялар енгізілгеннен кейін Ресейдің ұзақ мерзімді рейтингін инвестициялық емес рейтинг деңгейіне (BB+) дейін төмендетті. Ұлттық банк нақты уақыт режимінде елдер Үкіметінің, Орталық банктері мен қаржы ұйымдарының ресми мәлімдемелерін қадағалап отырады. Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне ықпал ету дәрежесін бағалайды. Алдағы күндері Ресей рублінің бағамы айтарлықтай құбылады және көп жағдайда нарық ықпалына және тәуекел-сентименттің өзгеруіне ұшырап, аз дәрежеде іргелі факторларды көрсететін болады. Рубльдің шамадан тыс ауытқуының теңгеге негізсіз ықпал етуін төмендету үшін Ұлттық банк қажет болған жағдайда валюталық интервенциялар жүргізетін болады. Мұндай интервенциялардың көлемі мен жиілігі ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты болады. Бұл ретте теңгенің икемді бағамы сыртқы сектор тарапынан тәуекелдерді іске асыру аясында маңыздылығы артқан алтын-валюта активтерінің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алтын-валюта активтерінің ағымдағы деңгейі импорттың 8,8 айын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Транспаренттілік қағидаты аясында Ұлттық банк жүргізілген операциялардың көлемін жариялайды. Сыртқы нарықтардағы ахуалдың дамуына қарай Ұлттық банк ашық коммуникацияларды жүргізуді жалғастырады.