Бас прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында қаңтар оқиғалары контекстінде қылмыстық процестегі азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды. Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев өз кезегінде:
«Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде және одан кейін ұсталған тұлғалардың құқықтарының сақталуын Бас прокуратура ерекше бақылауда. Бүгінгі таңда азаптау және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 203 қылмыстық іс қозғалған, олардың ішіндегі ең резонанстыларын арнайы прокурорлар тергеуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұсталғандарға қатысты заңсыз тергеу әдістерін қолданды деген күдікпен 9 қызметкер анықталып, ұсталды», - деп атап өтті.С.Шалабаевтың айтуынша, қаңтардағы қайғылы оқиғаның нәтижесінде тергеу-жедел топтары терроризм актілері, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3502 қылмыстық істі тергеуде. Оларды бойынша 737 күдікті адам тергеу изоляторында қамауда.