Белгілі саясаттанушы, публицист, ғалым Кенжеболат Жолдыбай өмірден өтті. Білімі терең, адамгершілігі мол, рухани әлемі бай, білікті азамат еді. Республикалық деңгейде қоғамдық және мемлекеттік қызметтерде айшықты қолтаңбасын қалдырып, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға үлесін қосты. Ол 1951 жылғы 18 желтоқсанда Қарағанды облысының Жезді кентінде дүниеге келген. Жезқазған облыстық партия комитетінде экономикалық білім беру жөніндегі кеңесші, лектор, саяси ұйымдастырушы, қоғамдық пікірді зерттеуші тәрізді жұмыстармен, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары ретінде идеология және әлеуметтік мәселелермен айналысты. Алғашқыда Жезқазған облыстық «Білім» қоғамы, кейіннен 1993 жылдан 1997 жылдың мамыр айына дейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының, Жезқазған облыстық ұйымы төрағаларының орынбасары болды. Әр жылдары Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ басқармасының басшысы, «Казахстанская правда» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, «Заң АК» ашық акционерлік қоғамының Астана қаласындағы өкілдігінің жетекшісі, «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақпарат» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті сияқты лауазымды қызметтер атқарған. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын!
AIQYN газетінің ұжымы