Мәжіліс Төрағасы Ақмола облысына барды
Мәжіліс Төрағасы Ақмола облысына барды
169
оқылды
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Ақмола облысына барып, өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты. Сайлаушылармен кездесуге облыс әкімі Ермек Маржықпаев та қатысты. Ерлан Қошанов сапарын елордадан 30 шақы­рым жерде орналасқан Шортанды ауданы Бозайғыр ауылындағы колледж-мектеп-интернаттан баста­ды. Мұнда ауылшаруашылық ма­шина­ларын жасау, дәнекерлеу, қоғамдық тамақтандыру бойын­ша және ақпараттық технология саласына мамандар даярлайды. 445 орынға арналған бұл мекеме­де бүгінде 148 адам білім алып жа­тыр. Мәжіліс Спикері колледждің материалдық-техникалық база­сы­мен танысып, профессор-оқы­­ту­­шылар құрамымен, сту­дент­термен және жергі­лікті тұрғындармен әңгімелесіп, түйткілді мәселе­лерді тыңдап, оны шешу жолдарын талқылады. Әңгіме барысында Мәжіліс Төрағасы еліміздегі бүгінгі ахуалға тоқталды. – «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде жастарымызды арандату­шылар өз мүдделеріне пайда­ланып кетті. Алдағы уақытта осын­дай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін жастарға жұмыс беріп, оларды өнімді еңбекпен қамтама­сыз етуіміз қажет. Жас­тар­дың болашаққа аяғын нық басуы үшін олар мамандық иесі атанулары керек. Сондықтан біз республика бойынша осы сала­дағы орта арнаулы білімді дамы­туға жағдай жасап жатырмыз. Шынында да қаңтар оқиғасында Президенттің батыл шешімдері болмаса біз бүгін болашақтың мәселесін талқылап тұрмайтын едік, – деді Е.Қошанов. Жиын барысында белгілі бол­ған­дай, Ақмола облысының әкім­дігі аталған колледжді жаң­ғыр­туға мақсатты қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Одан әрі Мәжіліс Төрағасы қала мен жақын маңдағы елді мекендерді жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған Степногор қаласының жылу электр орталығында бол­ды. Кәсіпорын қызметкерлері өз жұмыстары мен келешегі туралы айтып, Степногор қала­сын­дағы тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруа­шылық жүйесі­нің жай-күйіне ерекше назар аударды. Ерлан Қошанов Степ­ногор қаласы тұрғындарының мәсе­лелерінен және магистраль­дық желілердің тозығы жеткені­нен хабардар екенін атап өтті. Осы орайда облыс, қала басшы­лығына қажетті құжаттаманы дайындап, бюджеттік өтінім жол­дауды ұсынды. «Біз өз тара­пы­­мыздан Үкіметке тиісті сауал­дар жолдай­мыз», –  деді палата Спикері. Мәжіліс Төрағасы жұмыс сапары аясында Бөгенбай батыр атындағы облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің ұстаздары және оқушыларымен де кездесті. Әңгімелесу барысында Мәжіліс Төрағасы спорт мектебінің тәрбиеленушілері әр жылдары бір емес, бірнеше рет Қазақстанның намысын халықаралық деңгейде лайықты қорғағанын атап өтті. Мәжіліс Төрағасы белгілен­ген тапсырманы жоғары деңгей­де орындап отырған «Қазақстан­ның жылыжай технологиялары» кәсіпорнының ұжымымен бірге агроөнеркәсіп кешенін және жалпы өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады. Бұл ретте Мәжіліс Спикері тұр­ғын­дар үшін қолжетімді баға мен өсірілетін өнімнің жоғары сапа­сын сақтаудың маңызына тоқ­талды. Сапар барысында Мәжіліс Тө­ра­ғасы жұмыс істемей тұрған балабақша ғимаратын аралап, Степногор қаласының тұрғын­дары­мен де кездесті. Тұрғындар ғимаратты Оқушылар сарайына айналдырып, қалпына келтіруге Мәжіліс депутат­тарынан көмек сұрады. Осыған орай Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысы­ның 2025 жылға қарай балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту туралы тиісті тап­сыр­масын атап өтіп, бұл мақ­сатты жүзеге асырудағы негізгі құралдардың бірі мемлекеттік тапсырыс арқылы бизнесті тарту екенін айтты. Мәжіліс Төрағасы балабақшаны жөндеуге жергі­лікті бюджет есебінен немесе басқа да көздерден қаржы бөлуді әкімдікке ұсынды. Мәжіліс Төрағасы облыстағы медицина қыз­меткер­лерінің түйткілді мәселелері мен ұсы­ныс­­тарын тыңдап, «Виамедис» ЖШС филиалында дәрігерлер­мен кездесті. Халықты сапалы меди­цина­лық қызметпен қам­­тама­сыз етуде мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығының тиімділігіне тоқталған Ерлан Қошанов мемлекеттік-жекемен­шік әріптестік (МЖӘ) мүмкін­діктерін кеңінен пайдалануды ұсынды. Кездесу соңында Ақмола об­лысы­ның тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­­қа «қасіретті қаңтар» оқи­ғасы кезіндегі батыл әре­кеттері үшін қолдап, алғыстарын жол­дады.