Мәжіліс депутаттары жастармен кездесті
Мәжіліс депутаттары жастармен кездесті
339
оқылды
Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» пар­тия­сы фракциясының мүшелері Мұхтар Ерман, Берік Оспанов, Берік Бекжанов және Фахриддин Қаратаев Шымкент қаласының жастарымен кездесті. М.Әуезов атындағы ОҚУ ғимаратында өткен кездесу ба­рысында сөз алған Мәжіліс де­путаты Берік Бекжанов Қа­зақ­стан халқының 30 пайызын жастар құрайтынын, бүгінде жас­тар саясаты туралы заң жо­ба­сы қаралып жатқанын атап өтті. Бүгінгі жастардың Жаңа Қазақстанның болашағына үлес қосатынына сенім білдірді. «Nur Otan» партиясы фрак­циясының мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында айтқан сөзде­ріне тоқталып, Президенттің еліміздегі жастардың шынайы мүмкіндіктері туралы ащы шын­­дықты айтқанын еске сал­ды. «Өкінішке қарай, жастар маң­дай терін төгіп, жұмыс істе­гісі келмейді. Өйткені олар біз­де адал еңбек лайықты баға­лан­байды деп ойлайды. Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін түрлі алаяқтың, жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзін келтіріп, елдегі табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсініктің бар екенін нақты көрсетті. Жарыссөзден соң жастар арасында еркін форматта сұхбат өрбіді. Жиналғандар көкейде жүрген сұрақтарын ортаға са­лып, дайындалып жатқан жас­тар саясаты туралы заң жоба­сына ұсыныстарын жеткізді. Бүгінде жастарды мазалап жүр­ген басты сұрақтардың бірі бас­пана мәселесі мен жұмыс­сыздық екені айтылды. Айта кетейік, Шымкент қа­ласында 14-35 жас аралығын­да 365 мыңнан астам жас тұрады. Яғни, халық санының 35 пайы­зын құрап отыр. 7 жо­ғары оқу орнында 76 мыңнан астам студент, 37 техникалық және кәсіптік білім беру меке­мелерінде 37 мыңнан астам жас­тар оқиды. Қалада 4 Жастар ре­сурстық орталығы, 173 жастар ұйымы, «Jas Otan» жастар қана­тының 12 бөлімшесі жұмыс іс­теп тұр. «Nur Otan» партиясы­ның 35 жасқа дейінгі мүше­лерінің саны 8,3 мың жасқа жетті.

Шымкент қаласы