Жамбыл облысы Жасөркен ауылындағы «Мөлдір» балабақша-мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Жібек Исабектің жазған хаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына тиді. Ел Президенті Жібекке жазған хатында жамбылдық оқушының жүрекжарды тілегін аса ризашылықпен оқығанын баяндаған. – Маған жолдаған ыстық лебізің үшін рақмет. Сенің ертеңгі күні үлкен азамат болып өсіп, еліміздің парасатты перзенті атанатыныңа кәміл сенемін. Біздің бүгін қолға алып жатқан жұмысымыздың барлығы да жарқын болашағымыздың иесі – өздеріңе арналады. Сондықтан сабағыңды үздік оқып, ұстаздарың мен анаңның берген тәлім-тәрбиесін бойыңа сіңіріп, мақсатқа ұмтылудан жалықпа. Отбасыңның қашанда мақтанышы болып, жетістіктерге жете бер, айналайын! Анаң мен бауырыңа менен сәлем, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Жамбыл ауданының оқушысына ноутбук тарту етті. Өз кезегінде хаттың иесін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та арнайы қабылдап, «Мұндай хатты жүректі қыз жазады» деп таңданды. Ізгі ниетін көрсеткен Бердібек Машбекұлы Жібекке смартфон мен кітап сыйлады.
А.ЖАСАНҰЛЫ