Теңгені тұрақтандырудың тетігі қайда?
Теңгені тұрақтандырудың тетігі қайда?
325
оқылды
Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың күн санап ушығуы Қазақстанның экономикасына да өз «салқынын» тигізіп жатыр. Күні кеше елдегі валюта айырбастау пунктеріндегі 1 АҚШ долларының бағасы 495 теңге болды. Доллардың соңғы күндері 20 пайызға дейін көтерілуіне қатысты түрлі долбарлар айтылып жатыр. Ал Ұлттық банк соңғы жұмада 176 миллион долларға валюталық интервенция жасады. Күні кеше тағы 98,1 миллион долларға интервенция жасалғаны мәлім болды. Осы орайда мәселені шешудің, жағдайды реттеудің мұнан өзге жолдары жайында сарапшылардан сұрап көрген едік.  Диас Диас ҚҰМАРБЕКОВ, сарапшы: – Өткен аптада теңге бір доллар үшін 462 теңгеге дейін әлсіреп, қазіргі уақытта бағам бір доллар 495 теңгеге бағаланды. Негізінен теңге бағамына әсер ететін бір­неше фактор бар. Бүған дейін теңгенің құнсыздануын мұнай бағасымен бай­ланыстыратын. Енді оған Украинадағы қарулы қақтығыс пен соның салдарынан Ресей Федерациясына  бұрын-соңды болмаған санкциялар келіп қосылды. Жағдайдың ушығуы мен  кейінгі санкциялар аясында рубльдің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 90-95-ке дейін әлсіреді. Ал мұнайдың BRENT маркасының әр баррелі үшін 103 долларға дейін көтерілді. Ақша-кредит саясатының қазіргі бағыты Ресей Федерациясындағы құбыл­малылықтың әсерін азайтуды көздейді. Бұл орайда Ұлттық банктің теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қолға алған шаралары қисынды және нарықтық экономиканың барлық заңнамасына сай келеді. Қазірдің өзінде теңгенің рубльге шаққандағы бағамының 4,95-5 теңгеге дейін төмендегенін байқауға болады. Бірақ бұған жалпы көлемін 98,1 миллион АҚШ долларын құрайтын  валюталық интер­венция есебінен қол жеткізді. Бұл сома сауда-саттықтың 61,5 пайызы. Рубль бағамының теңгеге әсерін азайтуды шешудің ұзақмерзімді жоспарында елдегі өндіріс көлемін ұлғайтуды қамтығанымыз жөн. Сол арқылы шетелден, әсіресе Ресей Федерациясының өндіріс ошақ­тары мен қызмет көрсету нарығына импорттық тәуелділікті азайту қажет. Нәтижесінде, теңге құнының құбылмалылығын азайтып, рубльдің ықпалынан алшақтаймыз. Расул Расул РЫСМАМБЕТОВ, қаржы сарапшысы: – Жалғыз валюта интервенциялау мәселенің түпкілікті шешімі бола алмайды.  Себебі теңгенің құнсыздануының арғы жағында ғаламдық геосаяси жағдай тұрғаны түсінікті.  Демек, валютаны интервенциялауды кезең-кезеңімен өздігінен реттелетін жүйеге жол беруі керек деп ойлаймын. Шетелдік компания­лардан бәрін валютамен ғана сатып ала алмайсыз. Мұнда басымдық отандық тауар өндірушілер мен Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік инвесторларға берілуі керек. Ресей нарығындағы елең-алаң шақта мен үлкен конвертация  жасалады деп ойламаймын. Дегенмен жағдайды реттеудің бұл тетігін де назардан тыс қалдырмау керек. Рубльдің теңгеге ықпал етуінің бірден-бір себебі Ресей біздің ең ірі сауда-экономикалық серіктесіміз. Портельді теорияда  елдегі ішкі сауданың 15 пайызы, тіпті 10 пайызы оған көршілес кез келген бір мемлекетке тиесілі болғаны құпталмайды. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстан экономикасын әртараптандыру қажет. Біз әуел баста Еуразиялық экономикалық одаққа үлкен үміт артқанбыз.  Дегенмен бұл одақ шағын және орта бизнесті дамытуда үдемізде шыға алмады. Мұнда Үкімет шағын бизнеске қолдау жасауы керек деп ойлаймын. Экономиканы әртараптандыруға мүдделі шетелдік әріптестерімізді көптеп тартқанымыз жөн. Жағдайды реттеп, болашаққа батыл жоспар құруда мемлекет тарапынан арнайы жұмысшы тобын құрғаны дұрыс. Топ мүшелері күн сайын кешкісін кездесіп, экономика бойынша күннің қорытындысын шығарып, ұсыныстары мен ойларын ортаға салып отырар еді.  Бізге дәл қазіргі сәтте жедел және мұқият ойластырылған шешім қажет.