Кез келген ұйымның жоғары жетістіктерге жетуіне бірнеше фактор ықпал етеді. Соның бірі әрі бірегейі – ұжымға сапалы мамандарды іріктеу, оқыту, даярлау, басқару. Қазір бұл бағытты HR менеджмент деп те атайды. «Nur Otan» партиясы да ірі ұйым ретінде сапалы мамандарға мұқтаж. Себебі партиялық жобаларды, сайлауалды бағдарламаларды жүзеге асыруға білікті мамандар керек. Оларды іріктеудің бір жолы – ротация. Ротация – бұл жай ғана мамандардың орнын ауыстыру емес, партияны жаңғырту міндетін тиімді іске асыру механизмі. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ротация – кадрдың жаңаруының маңызды қадамы. Әрине, маман іріктеуде кез келген ұжым басшылығы өзіндік талаптар қояды. Партия саяси ұйым болғандықтан, мұнда кадрларға қойылатын критерий де өзгешелеу. Партиялық ротация барысында кадрдың білімі мен тәжірибесіне, кәсіби деңгейі мен мемлекетшілдік парасатқа ие болуына басты назар аударылады. Сонымен бірге ол еліміздегі қордаланып қалған мәселелерді билікпен бірге шешуге мүдделі халық өкілі болуы тиіс. Бүгінде аймақтарда партия атынан мәслихатқа сайланған депутаттар жауапты функция атқаратынын атап кеткен жөн. Рас, олар партия аппаратының қызметкері емес. Алайда партия атынан депутат ретінде қатардағы азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдағанда, оларды шешуге өз үлесін қосқанда, елді мекендерді аралағанда біліктілік, шешендік қабілет, сабырлық, этика талаптарын сақтауы талап етіледі. Себебі партия имиджі, партия туралы түсінік депутаттар, партия қызметкерлері арқылы қалыптасады. Ал бүгін кез келген ұйымның имиджі маңызды рөл атқаратын уақытта «Nur Otan» партиясы бұл мәселеге ерекше назар аударады. Праймериз арқылы мәслихат депутаттары арасында өзіндік ротация жүргенін, оның нәтижесінде депутаттық корпустың басым бөлігі жаңарғанын айта кеткен жөн. Мәслихаттар құрамына тың азаматтар сайланды. Кейде адамның шынайы келбеті, қабілеті сын сағатта көрінеді. «Nur Otan» партиясының мәслихат депутаттары қаңтардағы трагедияның салдарын жоюда өздерін белсенді азамат ретінде көрсете білді. Мысалы, Алматы қалалық мәслихаттың депутаттары, партия мүшелері Бауыржан Қайыңбаев, Сабыржан Зайнидинов, Әміржан Нәбиев, Шухрад Шардинов зардап шеккендерге атаулы материалдық көмек көрсетті. Өзге қалалардың кәсіпкерлері де қол қусырып отырмады. Шымкентте фракция мүшелері нысандарды күнделікті күзеткен еріктілер мен әскери қызметкерлерге азық-түлік жеткізді. 2 400 адам қамтылды. Фракция мүшелері, кәсіпкерлер М.Жолдыходжаев пен Б.Әшірбаев қалада тәулік бойы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 500 еріктіден тұратын қоғамдық жасақ құрды. Жамбыл облысында зардап шеккен 6 нысанды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық мәслихат депутаты Б.Ыстыбаев 300 құрылысшыға дастарқан жайды. Қиратылған ғимараттарды қалпына келтіруге 80 адамнан тұратын жасотандық еріктілер көмектесуге кірісті. Тараздағы қан орталығында 250-ге жуық партия мүшесі қан тапсырды. Ал Қызылорда облысында «Jas Otan» белсенділері өңір жастарымен бірге қаладағы бақылау өткізу бекеттерінде әскери қызметшілерге ыстық тамақ жеткізуге атсалысты. Ал енді жаңа сапалы мамандарды қалай іріктеп, дайындау қажет деген сауал туындайды. Бірден-бір ұтымды әдіс – кадрлық ротация. Себебі «Nur Otan» партиясының аймақтардағы филиалдарында тәжірибе жиған, сынақтан өткен мамандарды өзге де жауапты қызметтерге тағайындау арқылы кадрлық аппараттың құрамын күшейтуге болады. Мұндай тағайындаулар әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты аса маңызды мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беріп, партия ұстанымын күшейте түседі. Бүгінде «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияны жаңғырту бағытында тың тапсырмалар қойып отыр. Оларды орындап, бұған дейін қабылданған партия жобаларын жүзеге асыру үшін жоғарыда аталған қабілеттерге ие тың мамандар да қажет. Ротация барысында кәсіби талаптарға сай мамандар партиядағы лауазымды қызметтерге тағайындалып, саяси ұйымның жаңа деңгейге шығуына, электораттың сеніміне ие болуға өз үлесін қосуы мүмкін. Ротация кезінде партия нақты адамдардың тиімділік көрсеткіштерін басшылыққа алады. Осылайша, партия басшылығында және жергілікті жерлерде түйткілді мәселелер мен оны шешу жолдарын білетін пәрменді партия мүшелері қалады. Ротация – жүйелі мәселе, сондықтан оны бастамас бұрын партия басшылығы партияластар жұмысының тиімділігін зерттеді. Бұдан бөлек, ротация барысында қатаң шаралар қабылдауға да тура келді. Партия қатарын «уақытша мүмкіндік іздегендер» мен тиімділігі төмен басшылардан тазарту қажет болды. Ол аз уақыттың ісі емес, бір айдың, бәлкім одан да көп мерзімнің жұмысы болар. Алайда аталған процесс одан әрі жалғаса береді. Жалпы, бұған дейін де жемқорлық шырмауына түскен, қызметін асыра пайдаланған партия мүшелерін «Nur Otan» қатарынан шығару практикасы жүзеге асты. Алдағы уақытта да жалғаса береді.