Достықтың ұйытқысы
Достықтың ұйытқысы
964
оқылды
Әр адамның тағдыры сияқты мемлекеттің де тарихы әртүрлі екен. Біздің байтақ даламызға, бай кен орындарымызға көз тікпеген алып мемлекет жоқ шығар. Сол тағдырдың жазуымен біз 70 жыл Кеңес одағының құрамында бол­дық. Ба­сымыздан өткен талай тағ­дыр­дың ар­қасында жақсыны да, жаманды да көрдік: – білімді елге айналдық, бірақ «қазақи бала – бала емес, нанын тауып жей ал­майды» деген қағиданы ұстанып тілімізден айырылып қала жаздадық; – интернационализм мәдениетін на­сихаттап, ұлттық кодымыздан айырыла бастадық; – атеизмді ұстанамыз деп рухани бай­лығымыз – ата-бабаларымыз өсиет еткен дінімізден алшақтадық; – «5 жылдықтың жоспарын 3 жылда орындаймыз» деп жеріміздің құнарлығын азайтып, тоздырып жібердік. Айта берсек көп екен, дегенмен біз қазаққа тән асыл қасиеттеріміз – жарым­жанға демеу болу, қиналғанның жанынан табылу, көрші мен достық сертін бұзбау сияқты қағидалардан аттамадық. Тағдыр жазып, біздің жерімізді Кеңес үкіметі түрмеге айналдырды. Тек 1937-1944 жылдардың аралығында қазақ жеріне ата-бабасының табаны тимеген 62 ұлт жер аударылды. Олар жау емес, саясаттың құрбандары болатын. Ол кезде қазақтың да жағдайы керемет емес – 31-жылдардағы ашаршылықта қырылып қалған халықтың аман қалғаны жоқтан бар қылып өмір сүріп отырған кезі. Соған қарамастан алыстан жолдан әлсіреп, әділетсіздіктен түңіліп, өмірге де­ген үміті үзілген өзгелерді, ондай ұлттар­дың бар екенін ешқашан естімеген қазақ­тар жатсынбай қарсы алды. Қазақтың қара қазанында қайнаған қара суды бөліп ішіп, сол адамдар аман қалды. Бір кәріс ұлтының қария әжесі «Қа­зақтар болмағанда біз тарихтың топыра­ғына айналар едік» деп қазақ халқына  бас игенін көрдім. Ол рас, бұл туралы аңыз қылып айтып жүрген үлкен кісілер аз емес. Міне, солай қазақ жерінде тағдыр қосқан ұлт пен ұлыстар бірге жүріп, 91- жылы тәуелсіздікке жеттік. Кеңес мемлекетінің шырмауынан шы­ғу оңай болған жоқ. Аяғына тұрмаған жас мемлекетке көз тіккендер өз саясатын өзге ұлттар арқылы (тарихи отандастары) жүр­гізуді көздеді. 100-ден астам ұлты бар мем­лекеттің шырқын бұзып - бөліп алуды армандады. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде жас мемлекеттің басына келген басшы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев кемеңгерлік шешім қабылдады. Неге кемеңгерлік екенін түсіндірейін. 70 жылдық кеңестік кезеңде ешбір ұлт­тың өз тарихын зерделеуге, білуге мүм­кіндігі болмады. Білгені – оны ұрпағына айтуға қорқатын. Бұл жағдай баршамызға, қазаққа да, өзге ұлт өкілдеріне де ортақ. Міне, сондықтан біз тәуелсіздік ал­ғаннан кейін ең алдымен «Қазақ тілі» қо­ғамдарын құрып, өз салт-дәстүріміз ар­қылы тіліміз бен ділімізге бас бұрдық. Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айт­матовтың «Жар басындағы аңшының зары» деген диалог-кітабы бар. Сол кітапта Шыңғыс аға «Мұхтар, осы мемлекет де­геніміз не?» деп сұрақ қояды. Ал Мұхтар аға «Мемлекет үш құрылымнан тұрады – тарих, мәдениет, тіл. Бірақ егер тіл сақ­талмаса, онда алғашқы екеуі де жойылады» деп жауап береді. Екіншіден, өзге ұлт өкілдеріне қоғам­дық бірлестіктерге бас біріктіріп, тілін, салт-дәстүрі мен тарихын зерделеуге мүм­кіндік берілді. Сондағы мақсат – тамырына үңіліп, өзінің кім екенін таныту. Себебі қазақта «өзінің кім екенін білмеген адам өзгені де сыйлай алмайды» деген ұғым бар. Бұл шешім нәтиже берді – өз тарихын білу арқылы әр ұлыс қазақ жеріне қалай келгенін, кімнің арқасында аман қалғанын білді. Білім – қашанда рухани байлық. Міне, осы білім өзгелер мен қазақтың ара­сындағы достықты нығайта түсті. Ешбір мәжбүрлеусіз Отанының алдындағы па­рызды түсіндірді, негізгі ұлтқа деген сый­ластығын арттырды. Міне, осылай 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Жылына бір рет этномәдени бірлестік­тердің басшыларын, қоғамның зиялы қауымын, Үкімет мүшелерін, Қазақ­стан­дағы шет мемлекеттердің елшілерін жинап сессия өткізіледі. Ол жерде Ассамблеяның төрағасы – Мемлекет басшысы еліміздің дамуына қатысты өзекті мәселелерді баян­дайды және міндеттер қойылады, тап­сыр­малар беріледі. Өзге ұлт өкілдері басшыларының алдына қойылатын міндет – айтылған тапсырмаларды өз ұлысына жеткізу, түсіндіру және орындауды ұйымдастыру. Ассамблеяның сессиясы – ұлттық тәрбие сағаты. Бұл – қазаққа рақмет айту арқылы өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру, ұлтына қарамастан елге еңбегі сіңген азаматтарды үлгі ретінде та­ныту, қоғамымыздың жақсылығын паш ету, ортақ Отанға қызмет істеуге ұйыстыру шарасы. достық Әр сессияда сөз сөйлейтін өзге ұлт өкіл­дері міндетті түрде қазақ жеріне келген тарихына тоқтайды. Көп адамдар таң­ға­лады – неге осыны қайталай береді деп. Қай­талау қажет, себебі – кешегі қиыншы­лықты бірлесе еңсерген ұрпақ азайып ба­рады. Ал тәуелсіз елде еркелеп өскен жастар ол тарихты білмейді, білмегендіктен бүгінгі қоғамдағы ауызбіршілікті бағалай алмай қалуы мүмкін деген қауіп бар. Көр­ші Ресейде кеше Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданында фашистермен соғысқан аталардың немерелері бүгін Отанының жүрек тұсында – Мәскеуде фашистік ұйымдар құрып, соны насихат­тап отырған жоқ па? Олай болса, бас-ба­сы­мен бытырамай, тарихи Отанының ­ба­ғытымен кетпей, бір ұйымның бас­тамасы­мен ұйымдасып отырғандығы ар­тық емес пе? Егер әр этномәдени бірлестік әр жерде жеке отыратын болса, сырттан келер әсердің жетегінде кету қаупі бар емес пе? Сондықтан Ата Заңымызға сәйкес өз мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихын үйренуге мүмкіндік жасалды. Достық үйі – бірлік үйі. Достық үйлерінің қажеттілігіне келе­тін болсақ, бұл – ортақ бағытта жұмыс істеуді ұйымдастыру мақсатында құрыл­ған мекеме. Жиналыс өткізуге арналған, хореогра­фиялық, вокалдық, қолөнер, тағы басқа ка­бинеттер кестеге сәйкес жұмыс істеп, бір­лескен тарихи музей, көрме залы, кі­тапхана болуы жұмысты жүйелеу үшін қа­жет. Ал аптасына бір-екі рет келетін қо­ғамдық ұйым басшыларына жеке ка­би­нетті жасап, жауып қою қажет емес. Ұйым басшысы өзін емес, мемлекет дамуына үлес қосып жатқан ұлтын, сол ұлттың асыл азаматтарын көрсетуі керек. Басшы болу үлкен жауапкершілік – Қазақстан бойын­ша, өз өңірі бойынша  ұлтына ақсақалдық жүргізу, сөзін өткізу, ұйымдастыра білу дегенді білдіреді. Көшбасшылар туралы пікір жалпы сол ұлт туралы пікір болып қалыптасады. Бұл жұмыстың басы-қа­сында жоқ қаншама ұлт өкілі де сол «ша­панның» астында қалады. Олай болса, басшы болған азамат өз ұлысын толығымен тануы қажет. Себебі олар үшін жауап береді. Тарихқа үңілсек, әлемнің барлық мем­лекеті, барлық басшысы әрдайым бірлік формуласын іздейді екен. Себебі бірлік – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Қазақстан бірлік формуласын Қа­зақстан халқы Ассамблеясы құрылымы арқылы іске асырып отыр. Бүгін бұл ұйымның қажеттілігін халық­аралық ұйымдар да, алып мемлекеттер де мойындады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтасу ұйымы (ОБСЕ) Ассам­блея­ның қызметін зерттеп, зерделеп, өзінің құрамындағы 56 елдің тіліне аударып, таратты. Сонда шығарған қорытындылары туралы айтқанда ұйым төрағасы «Бұл инс­титут Еуропада жұмыс істеу үшін қазақ­тарды көшіріп алуымыз керек», – деп ұлтымызға баға берді. Ал әр ұлтқа санына қарай пайызбен өлшеп құқық берген Ұлыбритания өз қатесін мойындады. Қазақстан сияқты ұлтына қарамастан тең құқық пен қатар тең жауапкершілік арту ғана халықтың бірлігіне негіз болатынына көзі жетті. Негізі, біз бір мемлекетті құрайтын бір халықпыз бәріміз. Кететіндер кетіп, Қа­зақстанның Конституциясымен өмір сү­ремін дегендер қалған. Иә, біз бәріміз әр­түрліміз. Тіпті, бір қазақтың өзінің тұ­ра­тын өңірі, өскен ортасы, руына қарай мінез-құлқы әртүрлі. Ұлттар мен ұлыстар да солай. Бірақ мем­лекеттің негізін құраушы ұлт – қа­зақтар, бұл ортақ ба­ған, тірек. Басқалардың да мәдениетті болуы сол негізгі ұлтқа бай­ланысты. Қазақтар қазақша сөйлесе, онда басқалар да сөйлейді, мысалы, Өзбек­стандағы сияқты. Сондықтан да қазақтар­дың үл­гі­лі болуы қоғамның үлгілі болуы үшін қажет. Бұл – біздің алдымызда – мемлекет құраушы қазақ ұлтының алдында тұр­ған міндет. Қазақстанды әлемдік өркениетке бей­бітшілігімен танытқан, тұрақтылығымен инвестицияның құйылуына негіз болған, ұлттың ұйысуына себепші болып отырған бұл институт негізінен қоғам үшін, елі­міздің болашағы үшін қажет. Тұрақтылық пен бейбіт өмірдің құнын кешегі өткен «қаңтар қасіреті» баршамызға да түсіндіріп өтті деп санаймын. Аналар жыламау үшін тәрбиелі ұрпақ өсу керек. Ассамблея құрылымдарын дос­тық тәрбиесінің мектебі ретінде еліміздің әр азаматы қолдануына жол ашық. Біз жоқ жерден жау іздемейік. Ауыз­біршілігіміз мықты болса, керегеміз кең, шаңырағымыздың шаттығы мол болары сөзсіз.

Нәзипа ШАНАИ, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы