Соңғы айда елдегі еңбек ұжымдары арасында митингілер мен ереуілдер саны жиіледі. Басты талаптың бірі – еңбекақыны көтеру. Ал үстел басында шешілетін мәселенің көшеге шығып кеткені бізде кәсіподақ ұйымдарының әлсіздігін білдірмей ме? Расында да, Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдары еңбек қатынастарының әлеуметтік-құқықтық институты болып қалыптаса алмады. Бар болғаны жұмыс беруші мен жұмысшының ортасында келген жолдаманы үлестіру, көпшілік-мәдени шараларды өткізу, ақпараттық-танымдық жұмыстарды жүргізу сынды идеологиялық сектор өкілі болып қана қалып отыр.
Ұжымдық шарт: саны бар, сапасы жоқ
Елімізде еңбек қатынастары тек жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында ғана жүрмейді. Оған мемлекет те араласып отырады. Мұны әлеуметтік серіктестік жүйесі деп атайды. Осы ретте өңір әкімдері жұмыс берушілерден міндетті түрде ұжымдық шарт жасасуды талап еткенінің арқасында елімізде 150 мыңнан астам осындай келісім бекітілгенін атап кеткен абзал. Әйтсе де бұл шарттардың саны бар да, сапасы жоқ болып отыр. Себебі бұл шарттарға әдетте кәсіподақ емес, іс жүзінде жұмыс беруші «тағайындап» қойған «жұмысшылар өкілі» қол қояды. Ал түптеп келгенде бұл құжат тек қана Еңбек кодексі нормаларының көшірмесі болып шығады. Одан соң еңбек инспекциясы оны бүге-шігесіне дейін сараптап талдап жатпай-ақ, тіркей салады. Шындығында, мемлекеттік жауапты органдарда оны сараптап отыратын ешкім жоқ. Өйткені елімізде 6,7 млн адам жұмыс істейтін 340 мың кәсіпорынды небәрі 246 мемлекеттік инспектор қадағалап отыр. Ұжымдық шарттарда көп ретте ең бір шешуші тараулардың, соның ішінде еңбекке ақы төлеу бөлімінің болмайтыны да сондықтан. Осылайша, әлеуметтік серіктестік жүйесі дегеніміз сабын көпіршігіндей формальді үрдіс боп қалып отыр. «Екі жылдан бері еліміздегі үш жақты келісімді өңірлік деңгейінде екі тарап бекітіп келеді. Олар – кәсіподақ пен мемлекет. Бұған дейін жұмыс берушілер атынан «Атамекен» ҰКП қол қоятын. Алайда кейіннен палата бұл өкілеттіктен бас тартты. Ал шындығында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кезінде барлық салалалық қауымдастықтарды өзіне біріктіріп алған жұмыс берушілердің монополиялық ұйымы. Сондықтан оның бұл рәсімнен шет қалып қойғаны дұрыс емес. Соған еріп, жұмыс берушілер де үнемі әлеуметтік серіктестік жүйесіне қатыспау мүмкіндіктерін қарастырып, қашқақтап жүреді. Бұл негізінен жеке инвесторлға қатысты», – дейді Мәжіліс депутаты Елена Смышляева.Кәсіподақ – номиналды институт па?
Бұған дейін елімізде көп ретте мұнайсервис мекемелерінің, яки мердігер кәсіпорындардың жұмысшылары көтерілетін еді. Олар, мәселен бұрғылау, жөндеу, көлік тасымалымен айналысатын компаниялар. Енді биыл байқаған болсаңыздар, наразылыққа шыққандар арасында ірі компаниялардың да ұжымы бар. Олар – «МаңғыстауМұнайГаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнайгаз» сынды еншілес кәсіпорындар. Бұл еңбек қатынастарында қордаланып қалған мәселелердің күрделілігін білдіреді. Соның ішінде осы кезеңде ара ағайындықта жүретін кәсіподақ ұйымдарының әлсіздігіне де сын айтып жатқандар көп. «Біздің мемлекет толығымен нарықтық экономикаға өтті дегенменен, квазимемлекеттік секторда 70%-дай сақталып қалып отыр. Онда мемлекеттік жоспарлы басқару күшейіп кетті. Ал мұндай жүйе – кеңестік өкіметтен қалған үлгі. Кәсіподақ та сондай қасаң жүйемен жүріп келеді. Ал кеңес кезінде оның рөлі номинальды болғанын білеміз. Сондықтан да олар сол қалпында сақталып, нарықтық қатынастарға араласып кете алмай отыр. Ендеше, осы уақытқа дейін Үкімет «тағайындап» келген кәсіподақты тарату керек. Нарықтық экономикадан хабары бар, болашақта Қазақстан азаматтарының еңбек өнімділігіне тұрақтылық енгізе алатын тұлғаларды жұмысқа араластыру қажет. Егер біздің елімізде кәсіподақ ұйымының жұмысын дұрыстап ұйымдастырар болсақ, оның саяси салмағы қандай да бір партиялардан да мықты болар еді. Сонда жұмысшыларды көшеге шығармай, көптеген мәселелерді үстел басында шешуге болады. Бізге жұмысшылардың талабын мәдени түрде, тереңдей жеткізе білетін ұйым қалыптастыра білу қажет. Онсыз біздің ісіміз ешқашан да ілгері баспайды», – дейді Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықов.Жұмысшылар қозғалысы жатырында тұншықтырылды
Маңғыстауда қарсылық көрсету қозғалысы бұрыннан бар. Оның негізгі мәйегі – саяси күштер емес, жұмысшылар қозғалысының белсенділері. Сондықтан да бір кездері мұнда еліміздің кәсіподақ ұйымы үшін жақсы мектеп қалыптаса бастаған еді. Бірақ кейіннен әлеуметтік қарсылық алаңына айналып кетпес үшін бұл қозғалысқа мемлекет тарапынан тоқтау салынғанын жоққа шығаруға болмайды. «Мен Маңғыстау облысындағы жұмысшылар қозғалысы мен кәсіподақтар ұйымының дамуының 90-жылдардан бастап қайнар бастауында тұрған адам ретінде айтарым: Екі мыңыншы жылдары еліміздің мұнай-газ саласында қосалқы сервистік компанияларды әуелі оңтайландыру, одан соң жекешелендіру жүрді. Олар кен орындарында бұрғылау, жерасты-жерүсті жөндеу жұмыстарын жүргізетін, көлік тасымалымен айналысатын мекемелер еді. Нарық өзі реттейді деген ұстаныммен олар бәсекелестік ортаға берілді. Мен дәл осы бір қадам Үкімет пен Ұлттық мұнай-газ компаниялары басшылығының ең бір саяси стратегиялық қателігі болды деп ойлаймын. Енді бүгінде осы таңдап алынған модель жаппай қарсылық акцияларына әкеліп отыр. Өйткені әуелгіде оларды бөлген кезде оларға еңбекақы деңгейі сақталады деп уәде берілген болатын. Ал нәтижесінде керісінше адамдардың айлықтары азайып, әлеуметтік пакеті қысқарып кетті. Өйткені жекеменшікке өткен компания басшыларының ең бірінші мақсаты жұмысшылардың жағдайын жақсарту емес, жұмыс көлемін игеру, табыс табу, жоспарды орындау болды. Айды айға ұрып, жылды жылға ұрып олар әлі күнге дейін осымен айналысып келеді. Бір кездері мұнай бағасы 140 АҚШ долларына жеткен күнде де, жұмысшылардың айлықтары көп жерде 180 мың теңгеден әрі өскен жоқ», – дейді қоғам белсендісі Мұхтар Үмбетов. Оның айтуынша, Қазақстанда кәсіподақ ұйымдары тәуелсіз институт ретінде қалыптаса алған жоқ. Керісінше, жұмысшылар қозғалысы саяси алаңның күн тәртібіне сәйкес келмейтіндіктен тас-талқан етіліп, мүлдем тазартылып тасталды. Былайша айтқанда, «жатырында тұншықтырылды» деуге болады. Бұған ірі бизнес пен олигархтар бірінші кезекте мүдделі болды. Сондықтан да 2015 жылы антикәсіподақтық, антиеңбеккерлік заң қабылданып, еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының барлығы қайта тіркеуден өтуге міндеттелді. Бұл былай қарағанда, «сүзгі» болатын. Осылайша, жұмыс берушіге бүйрегі бұрылатын ұйымдар сақталып қалды да, тәуелсіз кәсіподақтар жойылды. Ал оған дейінгі заң анағұрлым демократиялық сипатқа ие еді. Өйткені 10 адамның басын қосып та, ұйым құруға болатын. Соның арқасында Маңғыстауда 2008 жылдардан қарқын ала түскен жұмысшылар қозғалысы жұмыс берушіге лайықты қарсылық жасап, тең талап қоя алатын дәрежеге жетті. Бірақ бұл жекеменшік иелеріне ұнаған жоқ. Мәселен, сол кездегі «Барлау. Өндіру – ҚазМұнайГаз» («РД-КМГ») акционерлік қоғамының 50%-ы жекеменшікте болатын. Сондықтан да жұмысшылар өздерінің мүддесін қорғау жолында бірікпеу үшін осындай заң ойлап табылды. Мәселен, соңғы қабылданған Еңбек кодексіне дейін жұмыс беруші жұмысшыны жұмыстан қуа алатын 15 тұс болса, жаңа заңнамада бұл тізім 25-ке дейін өсті. Одан бөлек, Кәсіподақ туралы заң криминалдық сипат алып, заңсыз митингі, ереуіл, жиындарға қатысу тек әкімшілік шарамен емес, қылмыстық жазамен де толықтырылды. Бірақ бұл стихиялық қарсылық акцияларына тоқтау сала алмай отырғанын біз бүгін көріп отырмыз. «Маңғыстаудағы жұмысшылар қозғалысының белсенділері және оларды қолдаушылар үлкен кедергілерге тап болды. Жұмысшылар мүддесін талап етемін деп сотты болғандары да аз емес. Ал қайта тіркеу кезінде азды-көпті бас көтеріп жүрген кәсіподақ ұйымдарын тарқатып, қоқан-лоқы жасау арқылы қайта құрды. Бір мекемеден екі кәсіподақ құрып, екі ұйым ортасында текетірес басталып, жұмысшылар арасына жік түсті. Кейбір мекемелер мен ұйымдардың кәсіподақ төрағасы болып аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бұрын сотты болған, ұзақ жыл жазасын өтеп келген адамның, тағы бірінде бұрынғы полиция қызметкерінің «сайланғанын» да көрдік. Тіпті, белсенділердің жеке басына да қауіп төнді. Мені 2008 жылы өз үйімнің кіреберісінде маска киген екі адам соққыға жығып кеткен болса, қылмыстық іс қозғалған жоқ. 2009 жылы қарсылық акциясы кезінде қос белсенді Таған Қошанов пен Сәбит Төкеновті газбен улап, бұранда кілтпен сабап ұрып кеткен. Ал осы жылы «Жөндеу» мекемесінің кәсіподақ төрағасы Ықылас Жангереевті травматикалық тапаншамен атып, жаралап кетті. Мұндай тізімді жалғастыра беруге болады», – дейді Мұхтар Үмбетов.17 мекеменің дауы шешілді
Еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының басын біріктіріп отырған Қазақстан Кәсіподақтар федерациясына 23 салалық, 17 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қарайды. Мұнда 18 мыңға жуық бастауыш ұйым және 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшелері бар. Бүгінде ұйым өкілдері еңбек дауына араласып, Маңғыстау облыстарында жүр. Татуластыру комиссияларының жұмыс нәтижесінде жұмысшылардың еңбекақыларын 10-25% арасында өсіруге қол жеткізілген. «Қазір өзім үш аптадан бері Жаңаөзен қаласында іссапарда жүрмін. Республикалық штаб мүшесі ретінде жұмысшылардың мәселесімен айналысып жатырмын. Бүгінде 17 мекеменің еңбек дауы шешімін тапты. Олардың басым көпшілігі жалақыны өсіруге, техникалық қауіпсіздікті арттыру, мекемедегі кадр тұрақтылығына және тағы да басқа мәселелерге қатысты. Штаб құрамында әкімшілік, прокуратура өкілдері, еңбек инспекторлары бар. Мекемелердің ең үлкені 9000 адамы бар «Өзенмұнайгаз» мекемесі. Татуластыру комиссиясының ара ағайындығымен олардың жалақылары 20%-ға өсірілді. Одан да өзге «Бұрғылау», MunaiFieldServis, «ТрубРемЦентр», «ӨзенПромГеофизика», «Кезби» компанияларының мәселелері шешілді және тағы да басқа компаниялардың талаптары орындалды. Барлық жұмысшылар жұмыс орындарына оралды», – дейді Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, «Ынтымақ» салалық кәсіподағының төрағасы Қайрақбай Жанабеков. Маңғыстауда еңбек дауына шыққан 17 мекеменің тек 12-сінде ғана кәсіподақ ұйымы бар екен. Қалған 5-еуінде осы жолы жаңадан құрылған. Жалпы, елімізде кәсіподақ құрылымы төрт сатыдан тұрады. Ол бастауыш ұйым, өңірлік ұйым, салалық орталық ұйым және Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы. Әйтсе де, бүгінде қызмет етіп жатқан кәсіподақ ұйымдарының еңбек дауларында азусыз екені анық. Олар көбіне көп жұмыс берушінің ықпалымен сайланған ұйым төрағасы мен актив мүшелері. Сол себептен де мекеме бастығының айтқанынан шыға алмайды. Биылғы бас көтерулердің басты ерекшелігі – жұмыс беруші мен ұжым арасындағы еңбек дауының үстел басындағы келіссөз кезеңінен өтіп, әлеуметтік мәселе ретінде қоғамдық кеңістікке шығып кетуі. Ендеше, осы өзгерістер елімізде тым саябырсып қалған жұмысшылар қозғалысына қозғау салуы тиіс.