Бізге қуатты да әл-ауқатты Қазақстанды ешкім құрып бермейді – сенатор Нұртөре Жүсіп
Бізге қуатты да әл-ауқатты Қазақстанды ешкім құрып бермейді – сенатор Нұртөре Жүсіп
©egemen.kz

Бүгін Nur Otan  партиясының кезектен тыс XXII съезі өтті. Съезде көтерілген мәселелерге қатысты сенат депутаты Нұртөре Жүсіп пікір білдірді.

Жағдай күн сайын өзгеріп жатқан уақыт. Сол уақыт бүкіл қазақ қоғамынан жаңаруды, тазаруды, барынша бекем ұлт болуды талап етіп отыр. Қазақтың басына талай сын-сағат, қауіп пен қатер төнген. Мемлекет басшысы «Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық»,-деді. Түсінген адамға терең сөз. «Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болуда. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еліміз дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз «Жаңа Қазақстанды» құруға кірістік. Бұл – өте ауқымды міндет. Тіпті, болашақтағы тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс деуге болады», - деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі бәрімізге нақты бағдар. Шын мәнінде барлық іс-әрекетке ұйытқы болар күш керек. Жаңадан велосипед ойлап табудың қажеті шамалы. Қолдағы барды ұқсату қажет. Өзгерісті ең алдымен өзімізден бастайық деген Президент партияның аты затына сай болсын деген тілек білдірді. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгертуді ұсынды. Аманат деген сөз қазақ үшін қасиетті. «Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған», - деп Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған ұсынысты қолдады. Әрине, маңдайшаны ауыстырғаннан ешкімнің маңдайы жарқырай қоймайды. Мазмұнды іс-әрекет, партиялық аппараттың уақытқа икемделуі, «жанарында оты бар» жандардың жарқырап шығуы, елмен етене жұмыс істеу амалдарын табу керек-ақ. Ең бастысы – халықтың сеніміне ие болу міндеті алда тұр. Бұл үшін Мәжіліс пен мәслихаттағы партия фракциялары нақты шешімдер қабылдауға көшуі қажет. Партия жас саясаткерлерді шыңдайтын, сұрыптайтын ұйымға айналуы керек. Қазір әлеуметтік желіде желпіне сөйлеп, мәселенің көбін жадағай талқылау көп. Президент жұртты алаңда немесе желіде желкілдегеннен гөрі Парламент пен мәслихат жиындарында сындарлы жұмыс істеуге шақырды. Сөйтіп саяси мәдениетті қалыптастырудың жолын көрсетті. «Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қаншама ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын», - деген Тоқаевтың сөзінен басталған реформалардың барлығы жүйелі түрде жалғасатынын аңғаруға болады. Жөн сөзге тоқтаған жұртпыз. Ұлағатты тәрбие көрген ұлтпыз. Бір нәрсені анық ұғынған абзал. Бізге қуатты да әл-ауқатты Қазақстанды ешкім құрып бермейді. Бәрін өзіміз істеуіміз қажет. Осыны қаперде ұстайықшы», деді Сенатор.