8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай қазақстандықтар үш күн демалады, –деп хабарлайды ҚазАқпарат. 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына сәйкес, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мемлекеттік мереке саналады. Мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін. Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы ұлттық және мемлекеттік мерекелер атап өтілетін күндер Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес мереке күндері деп танылады. Ол күндер демалыс болып саналады. Ал демалыс және мереке күндері сәйкес келген жағдайда демалыс күні бір күнге созылады. Биыл 8 наурыз сейсенбіге тура келіп тұр. Осыған орай Үкімет қаулысымен 7 наурыз күнгі жұмыс күні сенбі 5 наурызға ауыстырылды. Осылайша, қазақстандықтар Халықаралық әйелдер күніне орай 6, 7, 8 наурыз демалады.