Қазақстандық журналист Аида Хаметжан Украинада қалып қойған қызымен шекарада жолықпақ. Бұл туралы ол әріптесі Жанар Бейсемізовамен Instagram парақшасында болған тікелей эфир кезінде айтты, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Хабар 24» телеарнасының Киевтегі меншікті тілшісі Аида Хаметжан Испанияға бір апталық оқуға кеткен кезінде Украинада соғыс басталып кеткен. Бұл уақытта Киевте оның кішкентай қызы мен жолдасы қалып қойған. Отбасы Польша мен Украинаның шекарасында жолықпақ.«Қызым мен жолдасым қазір негізгі тас жолмен емес, ауыл-ауылдың арасымен Польшаның шекарасына жақындап келеді екен. Польшаға ағылған украиндықтардың санында есеп жоқ. Кезектің ұзындығы шамамен 40-45 шақырымға дейін жетеді. Ана ретіндегі, ең алдымен, мақсатым қызыммен кездесу. Қаңғыған оқтың қайда барып тиетінін білесіздер ғой. Үйлерге де тиіп жатыр. Өзімнің кішкентай құлыным жертөледе екі күн бойы отыруға мәжбүр болды. Тек Киев емес Украинаның жан-жағына бірдей снаряд ұшқан. Сондықтан да тек әскери базаларға оқ атылды деген ақпарат жалған», – дейді Аида.Аиданың айтуынша, Украина билігі соғыс болмайды деп сендіргенімен, кейбір жерлерде сақтық шараларына қатысты дайындықтар жүргізілген екен.
«Қызым мектепте 1-сыныпта оқиды. Украина мектебі екі апта бұрын кішкентай бүлдіршіндерге соғыстың болу қаупі барын айтқан. Украина қанша жерден соғыс болмайды дегенімен, олардың соғысқа бәрібір іштей дайындығы болды. Киевтің мэрі соғыс жағдайында қайда тығылу керек екенін, сиренаны қайта-қайта қосып, біраз үйретті. Қызым сондай сирена болған жағдайда жертөлеге барып тығылу сияқты оқу-жаттығулар өткізілгенін айтты», – дейді ол.Аида Хаметжан Украина жерінде орыс тіліне қатысты ешқандай қысымның болмағанын айтады. Украиндықтар бар болғаны өз жерін қорғап қалуды көздеген.
«Мен 10 жыл бойы Украинада тұрамын, орысша сөйлеймін. Бірде-бір рет маған «сен украин тілін білмейсің» деген сын айтылған емес. Бұл өте қарапайым, еңбекқор халық. Бұл халық Донбасс өңіріне ешқашан да оқ атқан емес. Иә, сепаратистерді басуға тырысты, өздерін қорғап қалуға күш жұмсап жатыр. Бәрі де оңалып, келіссөздерге келеді деген үміттемін», – дейді журналист.Бүгінде әлем елдері Ресейге қарсы санкцияларды үйіп-төгуде. Аида мұндай шектеулердің қазақстандықтарға да кері ықпалын тигізіп жатқанын жеткізді.
«Еуропада тұрып жатқан Қазақстан азаматы ретінде Ресеймен көршілес болғандықтан бізге зардабы тиіп жатыр. «Сендер Ресейдің көршісісіңдер» деп айтатындары бар, бірақ Украина тарабы олай айтпайды. Шенген визасын ашу үшін менің қанша құжат тапсырғанымды білсеңіздер ғой. Қазақстан Ресейдің көршісі деген сылтаумен біздің құжатты өте тыңғылықты тексереді. Сондықтан Ресейдің азаматтары өз алдына, мұндай санкциялар біздің қазақстандықтарға тиіп жатқанын мен әлден көріп отырмын», – деді Аида.Бүгінде Зеленскийдің мәртебесіне қатысты сан түрлі пікір бар. Бірақ Аиданың сөзіне сенсек, бұған дейін талай сынның астында қалған Украина президентінің бүгінгі абыройы халқының алдында асқақтай түскен екен.
«Бұл соғыс Зеленскийдің дәрежесін қатты көтерді. Ол рас. Ол халқымен бірге екенін қайта-қайта жазып, бейнеүндеуін жариялап жатыр. Жеңсе де, жеңілсе де оның сондай аю халықтың алдында зыр жүгіргені тарихқа алтын әріптермен жазылатыны белгілі. Мен «Pressroom» деген бес мың журналист тіркелген қоғамның мүшесімін. Ол жерде алғашқыда «Донбасты бере салу керек еді, осы соғысты ашпауы керек» еді деп ренжу секілді сын-пікірлер айтылды. Бірақ дәл қазір Ресейдің аяусыздық пен адами құндылықтарға мүлдем жатпайтын әрекеттерінен кейін Украина жұдырықтай жұмылған. Мен мінген автобуста 5 ер азамат отыр. Мен сияқты Испаниядан Украинаға келе жатқан азаматтар. Олар қашып кеткен жоқ. Бұл жерде керісінше елін қорғауға бара жатқандар бар арасында», – дейді ол.Аида Хаметжан кішкентай қызымен қауышқаннан кейін оны бірден Қазақстандағы өз үйіне әкелмек. Бірақ одан кейін Украинаға қайта оралып, жағдайдың қалай өрбитінін, украиналықтардың тығырықтан қалай шығатынын өз көзімен көргісі келетінін айтты.