– Партиямыздың кезектен тыс XXII съезінде Президентіміз Қ.Тоқаев еліміздегі жетекші саяси ұйымды одан әрі жаңғыртудың нақты бағыт-бағдарын белгілеп берді. Партия Төрағасы ұйымның атауын «Amanat» деп өзгерту туралы ұсынысқа қолдау білдірді. Бұл сөз – халқымыз үшін терең мағыналық мәнге ие киелі ұғым. Ол мемлекеттілігімізді және тәуелсіздігімізді сақтау жолында бабаларымыз бен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті арттыратын қасиетті парыз дегенді білдіреді. Ребрендинг пен жаңа атау партияда болып жатқан ауқымды өзгерістердің бір бөлшегі ғана. Бұл істе маңдайшадағы жазуды өзгертумен шаруа бітпейтіні белгілі. Сондықтан саяси ұйымның қызметі мен жұмыс тәсілін жүйелі түрде өзгерту аса маңызды. Партия барша қазақстандықтың мүддесін қорғайтын негізгі ұйым ретіндегі жұмысын жалғастыра береді. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Amanat» әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің, халықтың пікірі мен ел мүддесін ескеретін, азаматтарымыздың игілігі жолында қызмет ететін партия болуға тиіс. Ол үшін партия жұмысындағы негізгі басымдық орталықтан жергілікті деңгейге, яғни өңірлік филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарына ойысу керек. Ұйым үшін сайлаушылармен жұмыс істеу, азаматтарды алаңдатқан мәселелерге назар аудару, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, оны тиісті деңгейге жеткізу аса маңызды. Яғни, «Amanat», шын мәнінде халық пен атқарушы билік арасындағы алтын көпірге айналуы қажет. Осы ретте партия Төрағасы жұмыс барысында бюрократиядан, формализмнен және қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту аса маңызды міндет екенін айрықша атап өтті. Тың бастамалар тек орталықтың нұсқауымен ғана қолға алынбауы керек. Күн тәртібін әзірлеуге жергілікті жерлердегі партия мүшелері де белсенді атсалысуы қажет. Әсіресе, бастауыш партия ұйымдарында маңызды мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынуға мүмкіндіктер бар. Өйткені олар елмен тікелей байланыста болғандықтан, көпшіліктің көкейіндегі өзекті проблемаларды жақсы біледі. Сондықтан бастауыш партия ұйымдарының әлеуетін кеңінен пайдалану керек. Кейбір заң жобалары қоғамда қызу пікірталас тудыратыны белгілі. Партиялық институттар арқылы әлеуметтік маңызы жоғары сондай нормаларды талқылауға жұртшылық пен өңірлердегі белсенді азаматтарды жұмылдыру қажет. Президентіміз белгілеп берген міндеттердің маңызды бөлігі кадр даярлау және «әлеуметтік лифт» қалыптастыру мәселелеріне қатысты болды. Жаңарған партия белсенді жастар үшін саяси менеджмент мектебіне айналуға тиіс. Партия қызметі көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға, азаматтармен тиімді кері байланыс орнатуға және болған мәселеге байланысты жедел үн қатуға зор мүмкіндіктер береді. Бұдан былай «Amanat» Мемлекет басшысының елімізді жаңарту бағдарын іске асыруға белсенді қатысып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта жаңғырудың тірегі әрі өзегі ретінде жұмыс істейді. Президентіміз және партия Төрағасы Қ.Тоқаев барша партияластарды тың идеялар мен ұсыныстар жинау жөніндегі республикалық акция ұйымдастыруға, реформаларды әзірлеу және жаңа басымдықтарды айқындау ісіне белсенді қатысуға шақырды. Осылайша, партияны трансформациялау демократиялық жаңару және жаңа әділетті Қазақстан құру жолындағы аса маңызды қадам болатыны сөзсіз. Алдағы уақытта барлық партияластардың партия Төрағасы айқындап берген басымдықтарды іске асыру үшін жұдырықтай жұмылып әрекет етуі аса маңызды. Бұл іске Сенат депутаттары да үлес қосып, елдік мүдде жолындағы қызметтерін белсенді түрде жалғастыра береді.