Аманат – ұлтымыз үшін киелі ұғым

Аманат – ұлтымыз үшін киелі ұғым

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясының кезектен тыс XXII съезіне қа­тысты. Ол сөз басында барша қазақстандық­тар­ды Алғыс айту күнімен құт­­тықтады. – Біз осындай ынтымақтың арқасында қаң­тар­дағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұ­тас­ты­ғы­мызды қорғап қалдық. Тәуелсіздігімізге төнген қатердің бетін қайтардық. Сын сағатта бір­лігін сақтай біл­ген барша отандастарымызға зор ризашылық білдіремін. Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің символдық мәні бар. 1 наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең бас­­­ты саяси ұйымның негізі қа­ланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмыл­дырды. Қоғамға пайдалы көп­­теген бастамалар кө­теріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды, – деді Президент. Мемлекет басшысы партияның келешегі жөнін­де айта келіп, оның бұған дейін атқарған жұмысын ұмытуға болмайтынына, өз ісіне берілген партия белсенділерінің қажырлы еңбегіне құрметпен қарау керек екеніне тоқталды. Президент еліміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдеді. Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-мін­дет­терімізді айқындап алуымыз қажет. Партия бар­лық реформаға ұйытқы болуға тиіс. – Саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бір­неше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз – бізге ба­балардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылық­тарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашақ­қа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғас­тығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне, осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзі – ма­ғы­насы те­рең, халқымыздың тарихы мен мәдение­тінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіз­діктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мем­лекеттіліктің және жалпыұлттық тұтас­тықтың, кең-байтақ Отаны­мыздың құндылығы ретінде си­пат­талады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент өткен айда жүргізілген ауқымды аналитикалық жұ­мыстар партия қызметіне маңыз­ды өзгерістер енгізу қажет екенін көрсетті деп атап өтті. Жоғарыда айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы бірқатар басым міндетті айқындап берді. – Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функцио­нерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-ке­сіл­ді бас тарту керек. Аймақ­тық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұ­мыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұс­қаушылық және «қолмен» бас­қару тәжірибесінен арылуға тиіс,– деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, Мәжіліс пен мәслихаттар­дағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. – Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды Парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікірсайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек, – деді партия Төрағасы. Мемлекет басшысы азаматтардың мүдделерін ілгерілетуді және партияның ашықтығын басты мәселе ретінде айқындады. – Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-Министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жал­ға­са берсе, күдік күшейіп, адам­дардың партияға деген сенімі жо­ғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Мұндай көзбоя­­у­­шылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл күйіне және ішкі саяси тұрақ­тылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе геосаяси тұрақсыздық жағ­дайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы ба­ғыт­та қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет, – деді Президент. Партия Төрағасы елімізді одан әрі жаңғырту үшін партияластары­нан тың ұсыныстар күтетінін атап өтті. Сондықтан жалпыұлттық өзекті мәселелерді күн тәртібіне әзірлеу үшін Қазақстанның әрбір азаматынан тың идеялар мен ұсыныстар жинау жөнінде республикалық акция ұйымдастырған жөн. – Ашығын айтқанда, қазір сая­си менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси бас­шылар түрлі мамандармен, жас­тармен, журналистермен, халықтың барлық өкілдерімен тіл табыса алуы керек. Мұндай адам­дар ел арасында аз емес. Әлеуметтік лифтінің жоқтығы – бірден-бір кедергі. Жас әрі қабілетті ма­ман­дарға мүмкіндік бермейміз. Бұл – біздің басты кемшілігіміз. Пар­тия құрылымында Саяси менеджмент академиясы бар. Осы академияның қызметін күшейту қажет, – деді Президент. Президент осы айтылған міндеттерді мейлінше қысқа мерзім ішінде орындау қажет екеніне назар аударды. Партия Төрағасы орталық аппаратқа жұмыс тобын құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, Аманат – озық ойлау мен әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің партиясы, халықтың пікірі мен ел мүддесін ескеретін азаматтарымыздың игілігі жолында қызмет ететін негізгі ұйым. Украи­нада болып жатқан қазіргі жағдайда осы айтылған барлық мәселенің мәні зор. – Біздің ұстанымымыз мемлекетіміздің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатына бейілдіміз. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеуге жасаған сапарымда айттым. Біз екі мемлекетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табысуға, уағдаластық пен келісімге келуге шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан қажет болса делдалдық қызметтермен қоса, барлық көмек түрлерін көрсетуге дайын. – Мен Қауіпсіздік Кеңесінің бір­қатар отырысын өткіздім. Санкция­лық қарсылықтың бұрын-соңды болмаған шиеленісуі жағдайында Үкіметке елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жө­нінде нақты міндеттер жүктедім. Біздің экономикамыз дағдарыс жағдайында үздіксіз жұмыс іс­теу­ді қамтамасыз ету үшін санкциялық сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы керек. Алдағы қиындық­тар мен сы­нақ­тарды бәріміз бірге еңсереміз деп ой­лаймын. Олардың күрделілігін бағаламауға немесе асыра көрсетуге болмайды, – деді Пре­зидент.