Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде еліміздің көшбасшы партиясында да «Жаңа Қазақстанға» қадам басатын бірқатар өзгеріс пен толықтыру жайы сөз болды. Ал партия атауы өзгеріп, «Amanat» атанды. Біз партияның Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаеваға бірқатар сұрақ жолдаған болатынбыз. – Жанар Әлібекқызы, еліміздің көшбасшы партиясына қалай келдіңіз және партиядағы жобаларды қалай жүзеге асырып жатырсыз? – Саясаттану факультетінің түлегі ретінде еліміздің жетекші партиясына келуім бекер емес деп ойлаймын. Шымкент қаласы әкімдігінің Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы және аудандағы идеология жөніндегі орынбасары қызметтерін атқару арқылы мол тәжірибе жинақтай алдым. Партия – үлкен күш. Сол себепті ұлт мүддесі жолында елдің көкейіндегісін айтып, тәуелсіздігімізді баянды етуге, ашық, демократиялық қоғам құруға үлес қоссам деген ойым партияға жетеледі. Бүгінде өзімнің жаныма жақын салада, таңдаған мамандығым бойынша қызмет етіп жатқаныма қуанамын. Партия әлеуметтік топтарға бағдарланған 6 партиялық жобасын тиімді іске асырып келді. 2021 жылы партиялық жобалар аясында 1 152 іс-шара өткізіліп, оған 13 205 азамат қамтылды. Атап айтқанда, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы – егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге, тыл еңбеккерлеріне, қарт адамдарға деген құрметті қалыптастыру мен нығайтуға негізделген. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындарда кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасап, оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуін қамтамасыз ету және жұмыспен қамту үшін «Кедергісіз келешек» жобасы жұмыс істейді. Ал «Құтты мекен» партиялық жобасы елдің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымының дамуына бақылау жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде жастар арасында жаңақазақстандық патриотизмді қалыптастырып, рухани-адамгершілік құндылықтарды түсіндіру және біріктіруге күш салу мақсатында «Жастар Отанға» жобасы нәтижелі жұмыс көрсетуде. «Бақытты отбасы» жобасы – қазақстандық отбасылар мен балалардың әл-ауқатын арттырып, отбасылық құндылықтарды насихаттау, аз қамтылған көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың өмір сүру сапасын жақсартуға өз септігін тигізіп келеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толыққанды жүзеге асыру айрықша маңызға ие. Ендігі жерде мемлекеттік институттар қызметі толығымен азаматтарымыздың нақты сұраныстары мен талап-тілектеріне бағытталып отыр. Сондықтан да «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері бірыңғай әлеуметтік терезені қалыптастыра отырып жұмыс істеді. Кешегі өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде жаңа жобалар ұсынылды. Алдағы уақытта осы бағытта белсенді жұмыс атқаратын боламыз. – Жалпы, партия халыққа не береді? Осы күнге қандай жұмыстар атқарылды және бұдан кейін неге басымдық беріледі? – Партия – экономикалық және саяси жаңғыру, қоғамды елдік мақсатқа ұйыстыру, мықты және табысты мемлекет құруға бағытталған өз идеологиясын жүйелі жүзеге асырып келе жатқан жетекші саяси ұйым. Қазақстанның қарқынды дамуы мен өркендеуін мақсат тұтып, еліміздің әрбір азаматының жарқын өмір сүруі үшін кешенді жоспарлар құрып, нақты істермен дәлелдеп отыр. Алдағы уақытта жаңа жобалар, ашық диалог алаңдары және қызмет көрсетуге бағытталған қоғамдық қабылдаулар жұмысына басымдықтар беріледі. Халықпен тығыз қарым-қатынасты орнату үшін мәслихаттар мен Парламент депутаттарының, басқа партия жетекшілерінің шалғай елді мекендердің тұрғындарымен тұрақты көшпелі кездесулерін өткізу тәжірибесі енгізіледі. Мұндай шаралар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, мәселелерді шешуді тездетуге және әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік беруі керек. Сайлауалды уәделерді орындау бойынша білім, медицина, мәдениет, тұрғын үй, инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздік пен цифрландыру салалары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы тұста жұмыстардың нәтижелері бойынша үнемі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялап отырдық. Ал кешегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының төрағалығымен өткен съезде партия Төрағасы нақты тапсырмалар жүктеді. Ендігі кезекте қойылған міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін жауапкершілік пен талапқа сай кадрлар қажет. Осылайша, ұйым жергілікті жерлерде партия қатарын нығайту жұмысына кіріседі. Партия мүшелерінің біліктілігін арттыру, БПҰ жетекшілерінің рейтингін енгізу және партия жарнасының 20 пайызын қайтару арқылы БПҰ-ны нығайту жоспарланды. Жарнаның 20 пайызын қайтару туралы айтқанда, бұл қаржының партиялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалатынын ерекше атап өткен жөн. Белгілі болғандай, партиялық жобалар бірінші кезекте аға ұрпақты, жастарды және көмекке мұқтаж адамдарды қамтиды. Бастауыш партия ұйымдарының жұмысы кеңейіп, тиімді құралдары арқылы жүзеге асырылады. Бұрынғы атауымен айтсақ, «Nur Otan», қазіргі «Amanat» партиясы жанындағы Саяси менеджмент мектебі 3 мыңнан астам партия мүшесін саяси менеджмент пен коммуникацияның жаңа форматтары бойынша оқытатын болады. – Партияның жаңғырылуы қалай жүзеге асырылуы тиіс деп ойлайсыз? – Жаңарған партияның негізгі міндеті – кері байланысты күшейтіп, халықпен жұмысты жандандыру. Ол үшін партия проактивті жұмыс форматына көшуде, яғни озық ойлап, нақты әрекет ететін болады. Сондай-ақ партия қоғамдық қабылдаулардың жұмысын қайта жаңартып, цифрлық кеңістіктегі рөлін күшейтіп, диалог алаңдарының мүмкіндіктерін барынша пайдаланады. Партияластардың арасында ынтымақтастықты арттырып, бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарын жетілдіру алға қойылады. Партияның жұмысында ашықтықты арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Мәжіліс және мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтуге басымдықтар беріледі. Сайлауалды уәделердің орындалуына бақылау күшейтіледі. Сондай-ақ, «Jas Otan» Жастар қанатының жұмысын жетілдіруде тың бастамалар мен жобалар әзірленеді. – Сұхбатыңызға рақмет!
Шымкент қаласы