Өзгерістерге бастау болған жиын
Өзгерістерге бастау болған жиын
Кеше Мемлекет басшысы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекші­лі­гі­мен саяси ұйымның кезектен тыс XXII съезі шақырылды. Оған ел өңірлері­нен 399 делегат қатысты. Съездің күн тәр­ті­бін­де екі мәселе – партия­ның сая­си ке­ңе­сінің құрамына өз­геріс ен­гізу және саяси ұйымды мо­дер­ни­за­циялау қаралды. Мемлекет басшысының айтуынша, партия ел азаматтарының талап-тілектеріне толық жауап беру үшін оның жұмысын жаңғыртып, жүйелі түрде қайта құру қажет. Сондай-ақ саяси ұйым заманауи сын-қатерлерге төтеп беруге және жедел әрекет етуге қабілетті болу тиіс. Осыған орай Президент партияның алдына бірқатар нақты міндет қойған болатын. XXII съезд жұмысын ашып, жүргізіп отырған партия саяси ұйымының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов «қасіретті қаңтар» оқиғасының халқымыз үшін үлкен сынақ болғанын, бірақ еліміз ауызбіршілігінің беріктігі арқасында бұл сынақтан аман өткенін атап өтті. Ол ендігі күні Жаңа Қазақстанды құру жолында тұтас қоғам болып күш біріктірудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қойған мін­деттердің қалай жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.

ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕРІ БАЙЛАНЫС КҮШЕЙТІЛЕДІ

«Сіздің тапсырмаңызды орындау мақсатында партия жұмысына кешенді талдау жасалды. Қоғамдық пікір мен сарапшылардың ұстанымы зерттелді. Аймақтардағы партияластардан ұсыныстар жиналды. Халықты толғандыратын өткір мәселелерге, «Nur Otan»-ға қатысты қоғамдық сынға жүйелі сараптама жасалды. Адалдық пен әділдік, нәтижелі жұмыс пен жауапкершілік, жеделдік пен ашықтық – қазір қоғамның партияға және оның әрбір мүшесіне қойып отырған басты талабы. Осыған орай партияны модернизациялау бағдарламасының жоспары дайындалды»,– деді А.Оралов. Атқарушы хатшының айтуынша, ол үшін халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру қажет. Ең әуелі партия жа­нындағы қоғамдық кеңестердің құрылымын қайта жасақтау керек. Бұл жерде сандық емес, сапалық көрсеткіш маңызды. Осыған орай республикалық деңгейде – 9, аймақтарда – 8, аудандарда 5 кеңестен қалдырған жөн деп санайды. Ел аумағы бойынша кеңес саны 700-ге қысқаратын болады. Бұған қоса, олардың құрамы да жаңартылады. Белсенділігі төмен кеңес мүшелерінің орнына елдің сөзін сөйлейтін тұлғалар тартылады. Кеңестер барынша ашық, онлайн форматта өткізіледі. Осылайша, билік, партия және азаматтық қоғам арасында жан-жақты диалогтің жаңа мәдениеті қалыптастырылмақшы. Одан бөлек, күн тәртібіне сәйкес, Оспанбек Әлсейітов пен Нұрлан Нығматулинді партияның Саяси кеңесі құрамынан шығару туралы мәселе көтерілді. Ал оның жаңа құрамына Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкім­шілігінің басшысы Мұрат Нұртілеуов, «Астана» медициналық университетінің ректоры Қамал­жан Надыров және «Қазақ тілі қоғамы» вице-президенті Максим Рожин ұсынылды. Делегаттар ұсынысты бірден қабыл алды. Сөз кезегі келгенде Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов «Nur Otan» партиясының атауын ­«Amanat» деп өзгертуді ұсынды. Мәжіліс Төра­ғасы оны заман ағысымен, уақыттың сұраны­сымен түсіндірді. Оның айтуынша, елмен бірге партия жаңаруы керек, ұйымның қызметін жаңа маз­мұнмен толықтыру үшін оның сипаты мен атауын өзгерту қажет.

ҰЙЫМНЫҢ БЕДЕЛІНЕ ШӘК КЕЛТІРУГЕ БОЛМАЙДЫ

Ал партияның тағы бір белді мүшесі Саясат Нұрбек партия атына айтылатын сындарға назар аудартты. «Бүгін көптеген пікір айтылуда, тіпті партия­ны тарату керек дегенді де естідік. Саясаттанушы ретінде айтарым – мемлекет жүйесінің негізгі эле­менті, тұтқасы – саяси партия. Тәуелсіз елі­мізбен бірге өсіп, басты қоғамдық-саяси оқиға­лардың бел ортасында жүрген партиямыздың осы жылдары мемлекеттілікті нығайтуға сіңірген еңбегін жоққа шығару мүмкін емес, қадірлі ағайын»,– деп толғады ол. Оның айтуынша, арада 23 жыл өткен соң қайтадан түлеген «Nur Otan» партиясы «Жаңа Қазақстан» стратегиялық моделіне өз болмы­сымен, өз ісімен үлгі болуға тиіс. Заман өзгерді, ел өзгерді – партияның да түбегейлі өзгеретін кезі келді, тіпті атауы, құрылымы, жұмыс моделі де өзгеруі керек. Саясат Нұрбек партия модерни­зациясы аясында екі ұсыныс жасады. Біріншісі қоғаммен байланысты, коммуни­кация жасауды желілік принциптерге көшіру, «цифрлық демократияны» дамыту үшін за­манауи технологиялардың барлық мүмкін­діктерін пайдалану. Екіншісі – партия жұмысына Big Data технологиясын енгізу арқылы ақ­параттық құрал­дарды бірыңғай жүйеге біріктіру. Бұл техноло­гиялар қоғамның өзекті пробл­е­ма­лары туралы нақты ақпарат алуға, оларды зерде­леуге және оңтайлы шешімдер ұсынуға мүмкін­дік бермекші. Қарағандылық Кристина Шафикова сөз кезегі келгенде өзінің праймеризге қатысып, жас­тардың атынан қалалық мәслихаттың депу­таты болып сайланғанын айтты: «Мен мұғалімдік қызметімді депутаттықпен ұштастырып келемін. Депутаттық жұмысымда, әсіресе жастар проб­лемасымен айналысамын. Ал олардың сұранысы қарапайым: тұрақты жұмыс, қолжетімді білім мен баспана және бос уақыттарын лайықты өткізуге жағдайдың жасалуы. Осы мәселелерді тұрақты көтеріп келемін»,– дейді жас депутаттар кор­пусының мүшесі К.Шафикова. Сондай-ақ ол сайлау тізімінде жастар мен әйелдерге 30 пайыздық квотаның енгізілуі пар­тияның, мәслихаттардың және Мәжілістің құра­мында жас депутаттар санын көбейте түскенін айтып, қуанышын білдірді.

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ ЖОЛЫНДА

Съезд жұмысы кезінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрыл­ған «Nur Otan» партиясы мемлекеттің қалыптасуы кезінде маңызды рөл атқарғанын айта келіп, оның Қазақстанның әлеуетін нығайтудағы еңбек­теріне тоқталды. Президент партияның бо­лашағы туралы айтқан кезде оның өткенге сіңірген еңбегін ұмытпаған жөн деген ой түйді. «Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Шешуді қажет ететін жаңа міндеттер бар. Біз жаңа саяси және экономикалық шындықтарға жауап бе­руіміз керек. Әйтпесе, тоқырау болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев партия туралы ойын сабақтай түсіп. Мемлекет басшысының айтуынша, партия­ның ребрендингі оның атын өзгерту, маңдайша тақтасын өзгерту ғана емес. Ең алдымен, пар­тияның барлық жұмысын қайта құру керек. Осыған байланысты Президент бірқатар басым міндетті атап өтті. «Бүгін партияны трансформациялау бойынша айтылған ұсыныстарды қолдаймын. Біз бюро­кратия мен қағазбастылықтан бас тартуымыз керек. Облыстық филиалдар мен бастауыш ұйымдар сайлаушылармен өз бетінше жұмыс істей алады және жұмыс істеуі керек. Орталық аппарат директивалық және қолмен басқару тәжірибесін тоқтатуы тиіс. Оның міндеті – жалпыпартиялық векторды белгілеу, әдістемелік және идеологиялық қамтамасыз ету, кадрларды дайындау, жүйелі проблемаларды талдау. Пар­тияға ең алдымен сенім мен ынтымақтастыққа не­гіз­дел­ген жаңа қарым-қатынас мәдениеті қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы, сондай-ақ партия попу­лизммен айналыспауы және мүмкін емес нәрсені уәде етпеуі керегін ескертті. Осының салдарынан адамдардың партияға деген жағымсыз көзқарасы мен сенімсіздігі туындайды. Мұның бәрі халық­тың әлеуметтік әл-ауқатына және ішкі саяси тұ­рақтылыққа тікелей әсер етеді. Оның айтуын­ша, мұндай жағдай, әсіресе геосаяси турбу­лент­тілік жағдайында, бұл ел үшін мүлдем орынсыз. Мемлекет басшысы партияның атауын «Аманат» деп өзгертуді толық қолдайтынын біл­дірді. «Бұл еліміз үшін де, ұлтымыз үшін айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне, осы», – дейді Президент. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 нау­рызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынатынын айтты. Қазір партиялар арасындағы бәсекелестік күшейе түскен. Осыған байланысты партияның басты саяси күш ретіндегі рөлін сақтап қалу керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бас­қаша айтқанда, ұйым әрқашан ел мүддесін қорғайтын нағыз халықтық партия болып қалуы тиіс. Съезд соңында «Amanat» (бұрынғы «Nur Otan» партиясы) партиясының Атқарушы хат­шысы Асхат Оралов партияның жаңа логотипін жариялады. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы: «Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның тәуел­сіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қа­уіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамта­масыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қаншама ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын. Енді білек сыбана жұмыс істеу керек. Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр. Партия атына заты сай болуы тиіс. Ел бірлігін нығайтып, Жаңа Қазақстанды құру – бәрімізге ортақ міндет» деп ойын түйіндеді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.