Солтүстікте туризмді дамытуға не бөгет?
Солтүстікте туризмді дамытуға не бөгет?
613
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысы көлдердің саны бойынша елімізде – бірінші, орман көлемі жағынан екінші орында. Бұл – өңірде туризмді дамытуға қолайлы жағдай қалыптасқан деген сөз. Алайда Солтүстік Қазақстанда, өкінішке қарай туризм саласы тұралап тұр. Бұған не себеп? Ақ қайыңдар өлкесінде көл де, ор­ман да көп. Ендеше туризм өңір­дің басымдық берілетін салаларының бірі болса керек-ті. 2019 жылы қабылданған туризмді дамыту мем­лекеттік бағдарламасына басым бағыттардың бірі ретінде ел бойынша он жобамен бірге солтүстік өңірдегі Шалқар-Имантау демалыс аймағы да енгізілді. Алайда Солтүстік Қазақстанның інжу-маржаны саналатын демалыс орнының шешілмеген мәселелері шаш етектен. Ең алдымен, Шалқар көлінің бойында автомобиль жолы жоқ. Бас-аяғы 17,5 шақырым. Бұған Шалқардың «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне кіретіні себеп. Яғни, бұл – ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Көл бойын жағалай жол салу үшін бұл аумақты ерекше қорғалатын табиғи аумақтан шығарып, бос жер деп тану қажет. Бұл мәселе Экология министрлігінің құзыретінде. Ал туризмді дамытуға Мәдениет және спорт министрлігі жауапты. Экология министрлігіне, керісінше, ерекше қорғалатын табиғи аумақты сақтап қалу қажет. Бұл мәселені екі минис­трлік бірлесіп шешу қажет болғандықтан, әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Сондай-ақ мұнда электр жарығы жоқ. «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің бас директоры Ербол Сағдиевтің айтуынша, Шалқар көлінің бойындағы 25,5 шақырым, Имантау көлі­нің бойындағы 8,5 шақырым аумақта электр тарату желілері жоқ. Бұл демалыс орындарын элек­­тр жарығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей отыр. Элек­­тр тарату желілерінің құрылысын жүргізу үшін де бұл аумақты ерекше қорғалатын табиғи аумақ тізімінен шығару қажет. Техника қарыштап дамыған қазіргі заманда интернетсіз өмірді елестету қиын. Демалушылар да жырақта жүрген кезде демалысы жайлы әлеуметтік желілер арқылы бөліскісі келеді. Сондай-ақ үйде қалған туған-туысқандарымен байланыста болғанды қалайды. Бірақ Шалқар-Имантау демалыс аумағында не ұялы байланыс, не интернет жоқ. Бұл да болса демалыс орнына деген қызығушылықты төмендете түседі. Шалқар көлінің жағалауында демалыс орнын ашқан Ләззат Салықованың айтуынша, интернеттің жоқтығы қолбайлау болып отыр. «Пандемия басталғалы өзім де Петропавлды тастап, Шалқар көлінің жағалауына қоныстандым. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ұлыммен, немерелеріммен, басқа да туған-туыстармен хабарласу қиын. Жаңалықтардан да мақұ­рымбыз, өйткені интернет жоқ. Осы мәселенің тезірек шешілгенін қалар едік», – дейді Ләззат Сапарбекқызы. «Қазығұрт» демалыс базасының директоры Талғат Нышанбаев та интернеттің жоқтығы кедергі келтіріп отырғанын айтады. «Туристік бизнесті қолдаудың әлемдік тәжірибесі мемлекеттің қолдауынсыз салмақты жобаларды іске асыру қиын екенін көрсетті. Біздің елімізде де туристік бизнеске назар аударыла бастағаны жақсы болды», – дейді кәсіпкер.

ҚИЫНДЫҚТАРДЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ербол Сағдиевтің айтуынша, интернет пен байланысқа қатысты мәселені шешу жолы – Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігімен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, туристерді байланыспен қамтамасыз ету. «Мен жуырда министрлікке барып келдім. «Транстелеком» компаниясымен меморандум жасалды. Жоспар бойынша, сәуірде қар ерісімен, олар Шалқар көлінің маңайына – 3, Имантау көлінің жағалауына 2 мұнара орнатпақшы. Сол кезде бұл мәселе шешімін табады деген үміт бар», – деді Ербол Болатұлы. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Шалқар-Имантау демалыс аймағына инфрақұрылым тарту жұмысы өте баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды. «Осының бәрі ең алдымен екі министрлікке қатысты. Туризмді дамытуға Мәдениет және спорт министрлігі жауапты болса, ал біздің Шалқар-Имантау маңайында жүргізетін жұмыстарымыздың барлығы Экология министрлігінің құзыретінде. Ұлттық парк осы министрлікке қарайды. Экология министрлігі ештеңені өзгертуге мүдделі емес. Ал бізге қазір жол салу үшін де, жарық тарту үшін де дәл осы министрліктің шешімдері қажет болып тұр. Біз бұл жобаларды өзіміз қаржыландыруға дайынбыз, тек рұқсат берсе болғаны. Ал Экология министрлігіне ұлттық паркте адам аяғы аз болғаны керек шығар. Бұл дұрыс, өйткені олардың жұмысы сол. Қазір осы мәселеде тығырыққа тіреліп тұрмыз. Тез арада жоспар жасап, осы мәселені шешу міндеті тұр», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбектің айтуынша, бүгінде Үкіметте туризм дамытуға қолайлы ұлттық парктерді Мәдениет және спорт министрлігіне өткізу туралы мәселе қаралып жатқан көрінеді. «Егер осы мәселе оң шешімін тапса, біздің қиындықтарымыз тезірек шешілер еді. Бұл ретте едәуір алға жылжушылық болады деген үміттеміз», – деді Дәурен Жандарбек.

ҚЫСҚЫ ТУРИЗМ ҚАШАН ДАМИДЫ?

Имантау көлінің маңында экологиялық туризмді дамытумен айналысып жүрген Талғат Нышанбаевтың пікірінше, демалыс аумағында қызмет көрсететін орындардың жоқтығы да – шешімін күткен мәселелердің бірі. «Мұнда негізінен алматылықтар мен нұрсұлтандықтар келеді. Олар жоғары сапалы қызмет көрсетуге бойлары үйренген. Ал Имантауда не дәмхана, не жол бойында асхана жоқ. Өзім екі жылдай Имантауда тұрып, осы қиындыққа тап болдым. Сондықтан биыл кішігірім кофехана мен палау орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Туристерге керегі – ыстық су, жылу, дәретхана», – дейді «Қазығұрт» демалыс база­сының директоры Талғат Нышанбаев. Он жыл бойы туризм саласында жұмыс істеп жүрген кәсіпкер «Айдана тур» агенттігі арқылы шет елдерге турист жолдаумен айналысса, енді ішкі туризмге ден қойыпты. 2019 жылы 49 жылға 7 гектар жер телімін жал­­ға алып, 5 үйлі демалыс базасын ашқан. Солтүстік Қазақстан өңірінде қысқы туризм мүлдем дамымаған. Облыс әкімі кәсіпкерлердің алдына осы олқылықтың орнын толтыру міндетін қойған болатын. Бүгінде Шалқар-Имантаудағы 40 демалыс базасының алтауы ғана жыл он екі ай қызмет көрсетеді. Бұл ба­ғыт­та жұмыс атқарған «Қазы­ғұрт» демалыс базасының екі үйі биыл бірінші рет қысқы демалысты құлай сүйетін қонақтарды қар­сы алыпты. «Бұл – біздің алғашқы қысымыз. Үйлерді, коммуникацияларды тексеріп көрдік. Анықталған кемшіліктерді жоятын боламыз. Себебі алдағы уақытта жыл он екі ай жұмыс істейтін үйлер тұрғызу жос­парымызда бар. Әрине, қыста қалың қар мен боран кедергі келтіреді. Соған қарамастан Имантауда демалғысы келетіндердің қатары қалың. Әсіресе, қысқы балық аулауға қызығушылық мол. Мұз астынан балық аулауға алматылықтар да құлшынып отыр. Сол себепті биыл қысқы балық аулауға арналған үй салу жоспарымызда бар», – деді Талғат Сейфоллаұлы. Кәсіпкер бір күндік туризмді дамытуға да мүдделі. Өзбекстан, Грузия сияқты елдерде бұл тәжірибе жақсы дамығанын мысалға кел­тірген кәсіпкер Имантау көлі­нің оңтүстігінде орналасқан аралға экскурсия ұйымдастыру туралы ойымен бөлісті. Әзірге демалушылар аралды жағалаудан ғана тамашалай алады. Аралға жетуге заңнамадағы ұлттық паркке қатысты тыйымдар мұрсат бермейді. Талғат Нышанбаевтың пікірінше, Шал­қар-Имантау – туризмді дамытуға сұранып тұрған аумақ: ауасы саф таза, экологиялық туризмге қолайлы, табиғаты көркем, адам аяғы аз, Бурабайдағыдай қаптаған көлік жоқ, әлеуеті зор, сұранысқа ие, Ресейге таяқ тастам жерде орналасқан. «Қазығұрт» демалыс орны қазірдің өзінде жазғы демалысқа тапсырыстар қабылдап жатқан көрінеді. Былтыр жазда орын аздығына байланысты көптеген тапсырыстан бас тартуға мәжбүр болған. Осындайды болдырмау үшін кәсіпкер Имантау ауылы тұр­ғын­дарының үйлерін жалға алуға мүдделі. Талғат Нышанбаев туризм маусымын 15 маусымнан емес 1 мамырдан бастауды ұсынады. «Сәуір бойы дайындалып, ма­мырда ашылуға болады. Былтыр біз 1 мамырда көп қонақ қабылдадық. Сол кезде таңғалғаным – барлық дерлік демалыс базалары жабық тұрды», – деген кәсіпкер жігіт таңғалысын жасыра алмады. Былтыр пандемияға орай шекаралардың жабық болғанына қарамастан, Шалқар-Имантау демалыс базасына Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қытай, Германия, АҚШ, Түркия елдерінен туристер келген екен. Ендеше туристердің бабын табу үшін демалыс орындары әлемдік деңгейге сай болуы шарт.

Солтүстік Қазақстан облысы