Ірі компания тұрғындар тілегін ескермейді
Ірі компания тұрғындар тілегін ескермейді
238
оқылды
Шыны керек, Шымкентте, тіпті тұтас Түркістан өңірінде «Қаз­ТрансГазАймақ» мекемесіне көңілі толмайтындар көп. Біресе күн қатты суығанда жылудың қуаты азайса, біресе нағыз керек кезде жылуды өшіріп тастап, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бәрінен бұрын тұрғындарды төлемақысында шикіліктер жиі болатыны мазалайды. Ал мекеме ғимаратының есігі тұрғындар үшін үнемі жабық. Халықпен кері байланыс дұрыс жолға қойылмаған. Сондықтан болар, тұрғындар өтініші мен наразылығын кімге айтарын біл­мей ғимарат есігін күзетіп-күзетіп қайтады. Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ернар Қоспаев жыл басынан бері тұрғындардан ке­ліп түскен 40-қа жуық арыздың ба­сым бөлігі «ҚазТрансГазАймақ»-тың Шымкенттегі өндірістік филиалына тиесілі екенін айтады. Бүгінге дейін 10-ға жуық арыз шешімін тапқанын жеткізді. «Әр үйге барып, газдың есептеуішін жа­зып алып кететін бақылаушылар есептеуішті артық көрсетіп қояды дейтіндер көп. Себебі түбіртектердегі төлемақылар жазылғаннан артық шы­ғып тұрады. Одан бөлек, жарамдылығы 5 жыл деп бекітілген есептеуіштердің уақыты өтіп кеткен соң оған әр айналғанына үстемеақы қосылады. Яғни, бұрынғы ба­ға­дан әлдеқайда жоғары болып кетеді. Заңдылығы бойынша мұндай жоғары үстемеақымен екі айдан артық есептеуге болмайды. Ал олар 1 жылға дейін қосып есептеп, осылайша монополиялық үстемеақы жағдайын пайдаланып тұтынушылардың құқықтарын бұзу деректері жиі кездеседі», – дейді департамент басшысының орынбасары. Шағым айтушылардың тағы бір парасы «ҚазТрансГазАймақ» мекемесі басшысының қабылдауына кіре алмайтынын, арызға жауап қатпайтынын айтып күйінеді екен. Былтыр түбіртекте төлемдерді артық жазу деректері бойынша тергеу тағайындалып, іс сотқа жолданыпты. Соттың шешімімен «Қаз­ТрансГазАймақ» АҚ Шым­кент­тегі өндірістік филиалына 4 млн теңге айыппұл салынған. Со­ған қарамастан, одан сабақ алып жатқан мекеме жоқ, сол баяғы сарынымен тұтынушылардың құқын таптауды жалғастырып келеді екен. Оған түсіп жатқан арыз-шағымдар дәлел бола алады. Бір көше ғана емес, түгелдей ауыл-аймақ тұрғындары шағым жасайтын деректер де бар. Әсіресе, Шымкенттің Достық, Самал-3 шағынауданы тұрғындарының айтары көп. Одан бөлек, метрологиялық талаптарға сай табиғи газдың құны қысқы маусымда басқа, жазғы мау­сымда бөлек тарифпен есептеледі. Бұл жағдай да кейде түсінбеушілік тудырып жатады. Сонымен бірге тұрғындарды мазалайтын тағы бір мәселе бар. Газдан ақау шықса қараймыз, жөндеп береміз, тексеріп тұрамыз деп келіп, қағазға қол қойдырып, ол үшін жылына бір рет ақы төлейсіздер деп, ақшасын алып кететін мекемелер көбейген. Олар бұл келісімшартқа отыру міндетті деп сендіреді. Алайда сол кеткеннен мол кететін мекемеден бас тартсаңыз тағы болмайды. Заңдылығы солай екен. Дегенмен осындай мекемелердің көбейгені көңілге күлік ұялатады. Сонымен қатар газға қатысты қандай да бір ақау шыққанда шақыра қалсаңыз келіп тексермегені былай тұрсын, тұ­шым­ды жауап та ала алмайсыз.

Шымкент қаласы