Билік қаңтар оқиғасына қатысты барлық шындықты айтып отыр

Билік қаңтар оқиғасына қатысты барлық шындықты айтып отыр

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді. Спикер қаңтар оқиғасы кезіндегі оқ ату мәселесі туралы қойылған сауалға жауап берді. – Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа үндеуінде жариялаған болатын. Негізінде шешім Қауіпсіздік Кеңесінде қабылданды. Біз оны дұрыс түсінуіміз керек. Өйткені бұл – террористік шабуыл. Қауіпсіздік Кеңесінде терроризмге қарсы операция деген түсінік бар. Соған сәйкес шешім қабылданды. Онда әскерилердің, құқық қорғау органдарының өміріне, мемлекеттің конституциялық құрылымына, адамдардың денсаулығына қауіп төнген жағдайда оқ атуға рұқсат берілген. Сол кезеңде мемлекеттің тағдыры қыл үстінде тұрды. Президенттің, Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі болмағанда бәрі басқаша болар еді, - деді Ерлан Қошанов. Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы тергеу амалдарының ашық әрі жария түрде жүріп жатқанын айтты. – Билік қаңтар оқиғасына қатысты барлық шындықты айтып отыр. Ешбір жасырып қалған мәселе жоқ. Тергеу басталғанына екі-ақ ай болды. Бұл – өте ауқымды теракт. Мыңдаған адам қатысты. Мәселен, Норвегияда 70-80 адам өлтірген Брейвиктің ісі бір жылға жалғасты. Ал бізде мұндай ауқымды оқиға болмаған. Сондықтан мәселенің мән-жайын анықтау үшін нақты дәлелдер мен уақыт қажет. Бұл – үлкен әрі жауапты жұмыс, - деді Палата спикері. https://youtu.be/U8rUeapFW3I