Берік Асылов Бас прокурор болып тағайындалды
Берік Асылов Бас прокурор болып тағайындалды
Фото: yandex.kz
304
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Бас прокурор қызметіне Берік Асылов тағайындалды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

"Берік Ноғайұлы Асылов Қазақстан Республикасының Бас прокуроры лауазымына тағайындалсын" делінген Президент Жарлығында.
Парламент Сенаты ҚР Бас прокуроры қызметіне Берік Асыловты тағайындауға келісім берді. Берік Асылов 1964 жылы Жамбыл облысының Бірлік ауылында туған. 1991-1992 жылдар аралығында Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасында тағылымдамашы, 1992 жылдың 17 наурызынан Алатау аудан прокуратурасының аға тергеуші қызметін атқарған. 1993 жылы Бас прокуратура тергеушісі, аға тергеуші, 1995 – 1996 жылдар аралығында Алматы әуе көлік прокурорының орынбасары болды. 1996 жылдың сәуірі мен желтоқсаны аралығында Мемлекеттік тергеу комитеті, ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігінің әскери барлау қызметінде, Президент күзеті қызмет органдарында жедел іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бойынша бөлім бастығы лауазымында қызмет атқарды. 1996 жылдың желтоқсан айында ҚР Бас прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бойынша бөлімінің аға прокуроры болып тағайындалды. Сол жылы аталған бөлімнің бастығы лауазымына ұсынылып, онда 2001 жылға дейін қызмет етті. 2001 жылдың қаңтарынан 2003 жылдың сәуіріне дейін Шымкент қаласының прокуроры, 2003-2005 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, 2005-2006 жылдары облыс прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2006-2008 жылдары Батыс аймақтық көлік прокуроры, 2008 жылдың наурызынан 2010 жылдың маусымына дейін Ақтөбе облысының прокуроры болды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Астананың 10 жылдығы» мерейтойлық медалімен және «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен марапатталған.

Берік Асылов 2019 жылы наурызда бас прокурордың бірінші орынбасары болып тағайындалған еді. Мемлекет басшысының өкімімен Берік Ноғайұлы Асылов Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды.