Трамп тарихи жанжалдарды шешіп, тарихта қалғысы келеді. Осы мақсатта Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен ядролық қару жөнінде келісім жасауға тырысты, бірақ нәтиже болмады. Ендігі мақсаты – Израиль мен Палестина арасындағы көпжылдық кикілжіңге нүкте қою. Осы мақсатта өткен жылдан бері «Ғасыр келісімі» атты құжатты ұсынып келеді. 28 қаңтарда оны тағы жариялады. Трамптың пікірінше, ондағы шаралар еврей және араб жұртын татуластыру керек. Осы мақсатта 50 млрд доллар инвестиция құю да қарастырылған. Алайда Палестина басшысы М.Аббас бұл келісімнен үзілді-кесілді бас тартып отыр. Неге? АҚШ тарихында Дональд Трамп секілді Израильді қолдаған президент болмаған шығар. Кейбір үңгірлер Палестинаға өтіп кеткені үшін ол елін ЮНЕСКО-дан шығарып алды, елшілігін Тель-Авивтен Иерусалимге көшіріп, жанжал туғызды, Израиль жаулап алған жерлердің барлығын (Голан жоталарын да) АҚШ атынан ресми түрде мойындап жіберді. Әрине, Израиль премьері Нетаньяхудың Трампқа алғысы шексіз. Сол үшін Голан жоталарындағы жаңа ауылдың атауын Рамат-Трамп (Трамп биіктігі) деп атауды жоспарлап отыр. Оның Израильге соншалық жақ болуын түсіндіретін себеп көп. Соның бірі – Трамптың күйеу баласы әрі кеңесшісі, миллионер Джаред Кушнер Нью-Йорктегі ықпалды еврей отбасының өкілі. Әрине, Трамптың Израильді қолдаған әрбір шарасы халықаралық дипломатияда жаңа дау туғызса да, АҚШ-тың 45-президенті міз бақпады. Енді ол өзінің президенттік мерзімі аяқталып жатқанда Израильге кезекті көмегін көрсеткісі келеді. Бұл жолы Палестина мәселесін шешіп, оған нүкте қоюды жоспарлап отыр. Осы мақсатта «Ғасыр келісімі» деп аталатын құжат ұсынды. Болжанғандай, әлем елдерінің жауабы сан түрлі болды. АҚШ одақтастары оны қолдаса, араб әлемін жақтаушылар құжатты сынады. Сонымен, «келісімнің» мәні неде? Алдымен, негізгі мақсат – Израиль мен Палестинаны мойындау. Палестина құрамындағы Иордан өзенінің Батыс жағалауы мен Газа секторын жылдам транспортпен байланыстыру қажет. Трамптың пікірінше, екі территория көлікпен байланысса, араб елінің жері екі есе өседі екен. Алайда Израильдің 1967 жылдан кейін жаулап алған Палестинадағы барлық елді мекендерін заңды деп мойындамақ. Яғни, ол жерлер Палестина халқына қайтарылмайды. Осы ойларын бекіту үшін Трамп өз Тwitter аккаунтында иврит тілінде (ағылшынша емес) жазылған арнайы картаны да жариялады. Картаның астына «Мен әрқашан Израиль мемлекетімен және еврей халқымен бірге боламын. Олардың қауіпсіздікте және тарихи Отанында өмір сүру құқығын қолдаймын. Бейбітшіліктің уақыты келді!» деп өзінің произраильдік ұстанымын ашық мәлімдеді. Жоспардағы келесі негізгі мәселе – Иерусалим. Оның мәртебесі де анықталған. АҚШ Шығыс Иерусалимді Палестинаның астанасы етуді ұсынып отыр. Нақтырақ айтсақ, Әбу-Дис деген Иерусалимнің маңындағы қалашық. Алайда сондай-ақ бүкіл Иерусалимді Израильдің бөлінбейтін астанасы деп жариялауды да құп көреді. Ал енді осы жоспар жүзеге асу үшін Палестина ХАМАС тобын қолдауын тоқтатып, әскери күрестен мүлдем бас тарту керек. Израиль жауап ретінде Палестина жерінде заңсыз елді мекен салуды 4 жылға ғана тоқтатуы тиіс. Есесіне, Америка 50 млрд доллар инвестиция құюға даяр. Басқаша айтқанда, ең басты 4 қадам ұсынылды: Израиль Иерусалимді толық бақылауына алады, палестиндіктер Израиль жаулап алған өз жерлеріне орала алмайды, Израиль мен Батыс жағалау арасындағы шекара жабылады. Палестина өзінің қарулы күштерін құруға құқығы жоқ. Бұдан бөлек, 1948 жылы өз үйлерінен қуылған 700 мың палестиндіктің туған жеріне оралуына тыйым салынады. Бүгінде олардың саны 7 млн-ға жеткен. Сонымен, «ғасыр келісімі» Израильдің мүддесін қорғап, олардың барлық жаулап алған жерлерін заңдастыруды, үш діннің қасиетті мекені есептелген Иерусалимді еврей халқына толық тапсыруды, Палестина халқын ығыстыруды көздеп отырғаны көрініп-ақ тұр. Есесіне, араб жұрты бұл жоспардың жүзеге асуына қарсы болмау үшін 50 млрд доллар өтемақысын төлеуді көздемек. Аталған жоспар жарияланған соң оған берілген бағалар мен пікірлер де көп өтпей жариялана бастады. Сөзсіз, Израиль премьері Нетаньяху оны қолдады. Ал Палестина басшысы Махмұд Аббас «Палестина сатылмайды. Біздің халық «ғасыр келісімін» тарихтың қоқыс жәшігіне лақтырады» деп шорт кесті. Оның пікірінше, Палестинаның 1967 жылға дейінгі шекарасы қалпына келуі тиіс. Түркия мен Иран да жоспарды сынға алды. Анкара өкілдері құжатты «өлі туған» деп бағалап, оның жүзеге асуына барынша қарсы болатынын жеткізсе, Тегеран «бұл әлем мен аймаққа қауіп» деп, мұсылмандарды бірігуге шақырды. Араб елдерінің жауабы біркелкі болмады. Мәселен, Мысыр мен Иордания – Израильмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан араб мемлекеттері. Олар «жоспар қос тараптың да мүддесін ескеруі керек» дегендей бейтарап сәлемдемесін жіберді. Есесіне, шағын Қатар әмірлігі жоспарды қолдамады. Ал АҚШ-тың Таяу Шығыстағы негізгі одақтасының бірі – Сауд Арабиясы «ғасыр келісімін» барынша қолдады. Алайда қолдай отырып, король Салман Махмұд Аббасқа хабарласып, өз ұстанымы өзгермейтінін жеткізіпті. Яғни, бір жағы мұхиттың арғы бетіндегі одақтасымен де тіл табысып, араб әлеміндегі бауырымен де қарым-қатынасын бұзғысы келмейді. Бір уақытта екі орындықта отыруды қалайды. Король «қос қасиетті мекеннің қорғаушысы» деген атағына қарамай, Палестинаны ашық қолдаудан қашып отыр. Ал әдетте АҚШ-пен қатар жүретін еуропалықтар бұл жолы құжатты сынға алды. Швеция мен Германия оны халықаралық құқыққа қарсы келеді десе, Британия АҚШ-тың одақтасы ретінде бастамаға қолдау білдірді. Ресей әзірше үнсіз, әліптің артын бағып отыр. Қысқасы, Израильдің мүддесі үшін ұзақ жасалған «ғасыр келісімі» аталған құжат тарихи дауды экономикалық әрі саяси тұрғыда шешуді көздеп отыр. 50 млрд доллар мен дипломатиялық қысым Трампты дегеніне жеткізуі керек секілді. Алайда Палестинаны қолдаушы кейбір мұсылман елдері, Палестинаның өзі және халықаралық құқықты көздеген кейбір Еуропа мемлекеттері құжаттың жүзеге асуына бөгет болуы бек мүмкін. Оған қоса, биыл АҚШ-та президенттік сайлау. Егер Трамп жеңілсе, бұл жоспар қағаз күйінде қалар, ал егер екінші мерзімге сайланса, онда ол «келісімді» іске асыруға барын салуы ғажап емес. Нұрмұхамед БАЙҒАРА