Түркістан облысында абақтыда шеге, қасық жұтқан тұтқындардың арызы тексеріледі
Түркістан облысында абақтыда шеге, қасық жұтқан тұтқындардың арызы тексеріледі
Фото: sotreport.kz
127
оқылды

Сотталғандар колония қызметкерлері оларды ұрып-соғып, жазалаймыз деп қорқытқанын айтып шағымданды, – деп жазады otyrar.kz.

Наразы топ видеоны телефондарына түсіріп, кейін туыстарына жіберген. Кадрларда кейбір сотталғандар денсаулығының нашарлағанын, медициналық көмектің жоқтығын айтып, ұрып-соғып жатқанын көрсетеді.
«Мені ұрды, бетімнен ұрды. Бұлар қалған көгерген жерлер. Кешке қасықты жұтып қойдым, ішімде жатыр. Мен аштық жариялаймын деп аузымды тігіп қойдым. Бірақ кейін олар тігістерді күштеп алып тастады. Тиісті органдардан шара қолдануын сұраймын», – деді тұтқын.
Қылмыстық-атқару жүйесінің жергілікті департаменті сотталғандардың өзін-өзі жарақаттау фактісін растады. Сондай-ақ оларға медициналық көмек көрсетілгенін атап өтті. Сотталғандар жұтқан заттар операция жасап алынды. Тұтқындар мекемедегі режимді бұзып, жазадан құтылу үшін қасақана наразылық білдірген. Олар ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатыр. Сотталғандардың мәлімдемесіне сәйкес, тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің бастығы Бағдат Әсілбеков: «Олардың мінезі нашар. Мекеме әкімшілігіне қысым көрсету мақсатында мұндай әрекеттерді бірнеше рет жасаған. Жоғарыда аталған барлық фактілер бойынша жедел тергеу тобы шақырылды. Сотталғандардың арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 16 ақпанда мекемеге ПМК өкілдері келіп, сотталғандармен әңгімелесіп, мекеме әкімшілігінің атына арыз-шағымы жоқ екенін айтты», – дейді.

Бұған дейін бананның ішіне телефон жасырып, абақтыға өткізбек болғандар туралы жазған болатынбыз.