– «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXII съезі жаңалыққа толы болды. Әуелі партияның Саяси кеңес құрамы жаңа мүшелермен толықты. Сондай-ақ партияның Атқарушы хатшысы саяси құрылымды модернизациялау бойынша жеті пункттен тұратын бағдарламаны таныстырды. Ал Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов партияны ребрендинг жасау үшін оны «АMANAT» деп атауды ұсынды. Президент, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та партияның жаңа атауын қабыл алды. Партия Төрағасы партияның саяси жұмысын жаңа форматта қайта құруды ұсынды. Расында «қаңтар оқиғасы» еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде өзгерістер керек екендігіне көз жетті. Бұл – халықтың талабы. Жақында ғана депутаттар облыс, аудан, ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесіп келдік. Халықтың Президентке деген сенімі жоғары, Үкіметке берілген тапсырмалардың орындалуынан үлкен үміт күтеді. Осынау шақта партияның да атауын өзгертіп, өз қызметін жаңа серпінмен жалғастырғаны – заңды құбылыс. Партияның аты мен бірге затын да өзгерту мәселесі күнтәртібінде тұр. Елдің болашағы үшін, ұрпақ үшін бұл өзгеріс бізге ауадай қажет. Қалай десек те, «Жаңа Қазақстан» құруда «Amanat» партиясы алдыңғы қатардан көрінеді деп білемін.
Сәлімжан НАҚПАЕВ, Мәжіліс депутаты