Уәденің үдесінен шыға білген ұтады
Уәденің үдесінен шыға білген ұтады
149
оқылды
– Партияның кезектен тыс ХХІІ съе­зінде ұсынылған жаңғырту бағдарламасын түсі­ністікпен қабыл алдым. Президент, партия Тө­рағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен­дей заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Рас, «Nur Otan» партиясы құрылған 23 жыл ішінде бірнеше рет жаңғырту туралы мәлімдеді. Алайда бұрынғы басқару жүйесі сол күйінде қалып, тек ішінара өзгерістер жасалып отырды. Жергілікті филиалдар үшін Орталық аппаратқа уақытында есеп беру басты көрсеткішке айналып кеткені жасырын емес. Бұл орайда партияны жаңғырту бағдарламасында бастауыш партия ұйымдарын нығайту, олардың жұмыстарына баса назар аударылғаны қуантты. Бастауыш партия ұйымдарын ірілендіру арқылы оларға жиналған партия жарналарының 20 пайызын кері қайтару тәжірибесі де өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Ірілендіруді округтік партия ұйымдарына біріктіруден бастау да саяси ұйым жұмысын ширата түсетіні анық. Оған қоса партиялық тізіммен сайланған депутаттар сайлау­шы­ларымен байланысын үзіп алған сияқты. Мәселен, кейбір аймақ­тарда аудандық мәслихат депутаттарының жартысынан көбі аудан орталығында тұрады. Ал облыстық мәслихат депутаттарының үштен бірінен астамы облыс орталықтарының тұрғыны. Осыдан-ақ олардың сайлаушылармен кері байланыс орнату тұрғысынан ақсап тұрғанын аңғару қиын емес. Партия атауын өзгерту де, халықпен кездесулер де көп көтерілді. Мен осыдан 23 жыл бұрын Алматы қаласында өткізілген «Отан» партиясының алғашқы құрылтайына Батыс Қазақстан облысынан делегат ретінде қатысқан едім. Содан бергі аралықта партия әуелі «Отан», одан кейін «Нұр Отан» болып атауын өзгертті. «Amanat» атауы алған партиямыз халқымыздың аманатын арқалайтын саяси күш боларына сенемін. Жалпы, сайлаушылардың партияға көзқарасы жаман емес. Бұл орайда партиялы тізіммен Мәжіліске, барлық деңгейдегі мәсли­хаттарға депутат болып сайланған әріптестерім партияның сайлауал­ды бағдарламасында берілген уәденің үдесінен шығуға барын салған жөн. Сонда ғана біздің партия нақты істердің партиясына айнала алады

Мәлік ҚҰЛШАР, Мәжіліс депутаты