– Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын партияның Төрағасы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси ұйымды жаңғыртуға қатысты тапсырма берген болатын. Осыған орай партияның жұмысын жандандыру үшін жергілікті жерлердегі бастауыш ұйымдарынан, басқа да өңірлік құрылымдарынан тың талап-тілектер мен соны ұсыныстар сұратты. Саяси ұйымның ел ішіндегі тірегі, партиялық құрылымның өзегі болып саналатын бастауыш ұйымдар, әлбетте бұл шарадан тыс қалмады, біз де өз үлесімізді қостық. Қазір біздің бастауыш ұйымның 1 300 мүшесі бар. Бұл ұсыныстардың бәрі жүйеленіп, партияның 1 наурызда өткен кезектен тыс ХХІІ съезінде көрініс тапқанын көрдіңіздер. Жылдар жылжып, заман өзгереді, адам өзгереді. Партия уақыт талабына ілесіп, жаңаша сарында жұмыс істеуі тиіс. Бастауыш ұйымдардан бастап партияның бүкіл құрылымы өзгеруі қажет, сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Мемлекет бар жерде саяси партиялар да болады, ол – заңдылық. Сондықтан әлдебіреулердің партияны тарату керек деген сөздері қисынсыз. Тек енді жаңарып, жасарған партияның жұмысы халықтың мүддесін қаншалықты қанағаттандыра алады, сапалық жағынан қаншалықты өзгерді – бар гәп сонда. Партия халқымыз үшін киелі «Аmanat» атауын алып, халықтың аманатын арқалайтынын көрсетті. Оған біздің сеніміміз де, өз тарапымыздан қосар үлесіміз де зор.
Талғат ДАРГУЖИЕВ, «Аmanat» партиясы БҚО Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары