Жаңа ратификациялық заң жобаларын мақұлдады
Жаңа ратификациялық заң жобаларын мақұлдады
179
оқылды
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығы­мен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар жаңа ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Ратификацияланған құжаттардың қатарында «Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны ратификациялау туралы (175-конвенция)» заң жобасы бар. Заң жобасы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов баяндап, құжат 2019 жылғы 18 қазанда Қазақстанның халықаралық шарттар мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 40-шы отырысында қолдау тапқанын атап өтті. Атап айтқанда, ұжымдық келіссөздерді жүргізу құқығы және еңбекшілердің өкілдері ретінде қызмет ету құқығы; қауіпсіздік және еңбек гигиенасы; еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушілікке жол бермеу; ананы қорғау; еңбек қатынастарын тоқтату құқығы; жыл сайынғы ақылы демалыс немесе ақылы мереке күндері; ауруы бойынша демалыс бар. Осы конвенцияны ратификациялау еңбек қатынастары саласында халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етеді. Отырыста депутаттар «Дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Келісім жобасының мақсаты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде азаматтығының болуы, көші-қон есебіне қою, визалар беру, жеке басты куәландыратын құжаттар туралы дербес деректермен алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету жөніндегі ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін жасау болып табылады. Құжат Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің құқық қорғау органдарының жеке тұлғалардың дербес деректері туралы ақпарат беру мәселелері жөніндегі сұрау салуларын қарау және шешу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Сонымен қатар Палата комитеті мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне қатысты  түзетулер енгізуге бағытталған заң жобасын қолға алды. Жалпы отырыста Мәжіліс Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады. Сондай-ақ жалпы отырыста жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек ант беріп, Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды.