Халыққа жақын болған жөн
Халыққа жақын болған жөн
216
оқылды
1 наурызда өткен «Nur Otan» пар­тиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде қоғамдық ұйым алдына жаңа мін­деттер қойылып, партия жұмысын мо­дер­низациялау мәселесі талқы­лан­ды. Жиында айтылған жаңашыл­дықтар өңірлерде қолдау тауып, об­лыстық филиалдар жұмысты жаңа­ша ұйымдастыруға дайын еке­нін көр­сетті. Осы тұрғыда «Amanat» партия­сының Солтүстік Қазақстан об­лыстық филиалы төрағасының бірін­ші орын­басары Әсем Рахметованы әңгімеге тартқан едік. – Әсем Қалашбайқызы, облыстық фи­лиалдың тізгінін қолыңызға алғалы үш жыл­ға жуық уақыт өтіпті. Осы кезеңде партия қандай жобаларды жүзеге асыра алды? – Өзгерістер кезеңінде өмір сүру қиын деген түсінік қалыптасқан. Соңғы кезде оқи­ғалар, тіпті жылдам өзгеретін болды. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан ау­малы-төкпелі заманда тез шешім қабыл­дап, жедел әрекет ету керек. Осы ретте пар­­тия жұмысы тәжірибе жинақтауға сеп­тігін тигізді деп зор сеніммен айта аламын. Геосаясатта да, мемлекеттік құрылымдарда да, тіпті әр адамның бойында айтарлықтай өзгерістер болып жатыр. Дегенмен менің аңғарғаным – Елбасы негізін қалаған «Nur Otan» партиясының жобалары әлі де өз өміршеңдігін жойған жоқ. «Ардагерлерді ар­дақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедер­гісіз келешек», «Халыққа көмек», «Жастар – Отанға», «Ұлттық мұра» деген сияқты пар­тиялық жобалардың өңірдің және же­ке­леген заматтардың әлеуметтік өмірінде алатын орны зор. Бұл жобалардың арқа­сын­да тұрғындардың әртүрлі санатына жататын топтарға елеулі көмек көрсетілді. Әсіресе, аға буынмен тығыз байланыс ор­натылған. Олардың өмірлік бай тәжіри­бесінің партия жұмысына пайдасы зор. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тауып келеді. Қарттар күні, Ұлы Жеңіс күні сияқ­ты мерекелерде ғана емес, кез келген уа­қытта алдыңғы толқын – ағалармен қарым-қатынасымыз бір үзілген емес. «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырудың нәтижесінде өңірдегі көптеген ғимараттардың қолжетімді бола түскені үшін мүгедектердің алғысын арқалаға­ны­мызды мақтанышпен айта аламыз. Бұл рет­те осы жобамен айналысқан қызмет­ке­ріміз сарапшы деңгейіне көтерілгені сон­шалық, әлеуметтік қорғау саласының қыз­меткерлері ақыл-кеңес сұрайтын бол­ды. Облыстық филиал жанынан құрылған қоғамдық-партиялық мониторинг тобы­ның мүшелері әлеуметтік маңызды нысан­дардың қолжетімділігін бағалау жұмысын ұдайы жүргізіп, анықталған кемшіліктерді жоюға ұсыныс жасайды. Инклюзиялық білім беруге қатысты түйт­кілдерді шешуге де партия филиалы атсалысты. Облыс орталығындағы №8, №21 және №23 орта мектептерде үш жыл бойы жұмыс істеп келген инклюзияны қол­дау кабинеттерін әдістемелік демеуді қар­жыландыру мәселесі партия филиалы­ның қатысуымен оң шешімін тапты. «Ұлттық мұра» жобасы аясында да руханият саласында атқарылған шаруа бір төбе. Жергілікті ақын-жазушылардың шы­ғармалар жинақтарының жарық көруі, мектептерге есімдері берілген Алаш арыс­тарының ескерткіш мүсіндерінің орна­тылуы, елді мекен атауларын қазақшалау, Ұлттық домбыра күнін, басқа да ұлттық мерекелерді ұлықтау секілді шаралар күн тәртібінен түскен емес. – Партия әйелдер қауымына қанша­лықты қолдау көрсетіп, қызмет жасауына мүмкіндік беріп отыр? – Соңғы сайлауда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгені белгілі. Бұл тапсырма жергілікті жерлерде де тиісті деңгейде орындалды. Бүгінде өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депу­таттардың 34 пайызы – әйелдер. Бұған дейінгі шақырылымда олардың үлесі 2-ақ пайыз болатын. 5 келіншек аудандық мәс­лихаттардың хатшысы болып қызмет ат­қарып жатыр. Сондай-ақ партия жанында­ғы қоғамдық кеңестер мүшелерінің жарты­сына жуығы – нәзік жандар. Облыс бо­йынша партияның 17 филиалы болса, соның жетеуін нәзік жандар басқарады. Жалпы, солтүстік өңірдегі 30 мыңдай партия мүшесінің 20 мыңнан астамы – әйелдер. 80-ге жуық келіншек бастауыш партия ұйымына жетекшілік жасап отыр. Осы деректер партия әйелдер қауымына барынша қолдау білдіріп, жұмыс істеуіне жағдай жасап отырғанын көрсетсе керек. Бүгінде гендерлік теңсіздік жоқ, қазіргі әйел­дерге «бір қолымен бесікті, бір қолы­мен әлемді тербете отырып», алаңсыз жұ­мыс істеуге барлық мүмкіндік берілген. Қыз-келіншектер кез келген салада табыс­ты қызмет атқара алатынын дәлелдеп те отыр­ғаны көңілге қуаныш ұялатады. Сол­түстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік қызметшілердің 60 пайызы, басшылардың 30 пайызы – әйелдер. – Осы күнге дейін партия халықтың түйінді мәселелерін қаншалықты шешіп келді? Болашақта қалай болады деп ойлайсыз? – «Amanat» партиясы әрдайым ха­лықтың жанынан табылғанына көпшілік куә. Әлемді жайлаған пандемия кезінде мұқтаж жандарға 50 мың теңгеден ма­териал­дық көмек көрсетіп, азық-түлік қор­жындарын тараттық, шама-шарқы­мыз­ша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге атсалыстық. Осы жұмыстың басы-қасында партияластарымыз жүрді. Жекелеген адамдардың да мұң-мұқтажы ешқашан біздің назарымыздан тыс қалған емес. Облыстық филиал жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңесті жеке кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Елена Левина басқарады. Кеңес төрайы­мының өзі де, мүшелері де қоғамдағы түрлі түйткілдерге әрдайым құлақтары түрік. Қиын жағдайға тап болған отбасылардың барлығына болмаса да, басым бөлігіне көмектерін аямайды. Үйі өртенген, сәбиі сырқаттанған, отағасы өмірден өткен отбасылардың мүшелері партиядан көмек сұраса, бірінші болып көмек қолын созатын – осы кеңес мүшелері. Жуырда Есіл ауданында үйі өртеніп кеткен отбасыға жеке кәсіпкер Елена Левина өз кәсіпорны өндіретін жиһазбен, партия мүшелері киім-кешек, азық-түлікпен және ақшалай қолдау көрсетті. Коккейн синдромы ау­руына шалдыққан науқас, яғни өздігінен жүріп-тұру түгілі, тамақ іше алмайтын 7 жасар Саша Баториннің Мәскеудегі қымбат отасына қаржы жинап, ақшалай қолдау көрсетуді де жеке кәсіпкер өз мой­нына алды. «Көп түкірсе – көл», демекші, мұндай мысалдар жетерлік. Белсенді әйел­дер өз үйлерінде ғана емес, қоғамда да бел­сенді. Бір әттеген-айы, партияға жүгін­ген кейбір жандардың масылдық пиғылы басым. Мұндайда кей­біреуіне қолдау көрсетуден бас тартуға тура келетінін жа­сырмаймын. Жалпы, өңірдегі қоғамдық көлікке, азық-түлік бағасына, жемшөп, көмір, мұнай-газға қатысты кез кел­ген әлеу­меттік-экономикалық мәселе­нің қай­сысы болсын, партияның назары­нан тыс қал­ған емес. Соның нәтижесі бо­лар, сол­түс­тікқазақстандықтар арасында партия туралы біршама жақсы пікір қа­лыптасқан. – Съезде партияны модернизациялау туралы сөз қозғалып, жеті басымдық бел­гіленді. Партия жұмысы қандай бағытқа құрылғанын қалайсыз? – Партияның халыққа неғұрлым жа­қын болғаны дұрыс деп санаймын. Бұл орайда халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру басым­дығы белгіленді. Өте құптарлық жайт. Әріп­тестерімнің пікірінен түйгенім – бұған дейінгі бюрократиялық кедергілер жойы­лып, қажеті жоқ қаптаған есеп беру қыс­қартылғаны жөн. «Jas Otan» Жастар қана­тының жұмысын жетілдіру басымдығының әсіресе біздің өңір үшін маңызы зор. Көр­шілес Ресейге оқуға не жұмысқа кетіп жат­қан кейінгі толқын өкілдері тым көп. Басқа аймақтарда тұрғындар санының 30 пайызын жастар құраса, біздің өңірде 18 пайыз ғана. Соңғы бес жылдың ішінде сол­түстіктегі жастар саны 8 500-ден астам адамға азайған. 2017 жылы облыста 107 500-дей жас болса, қазір олардың саны жүз мыңға да жетпейді. Сондықтан «Jas Otan» Жастар қанатының алдында тұрған міндет зор. Жалпы, партияның атқарушы хатшысы атап өткеніндей, «Amanat» – қоғамдағы әлеуметтік әділдікті жақтайтын, барша аза­маттарға тең мүмкіндік беруді қолдай­тын партия. Біз бір-біріне қолдау білдіретін, мықтылары әлсіздерге жәрдем беретін, әлеу­меттік әлсіз топтардың мүддесін қор­ғай­тын қоғам құруға ұмтыламыз. Партия­ның аты ғана емес, заты да өзгереді деген сенімдемін. – Әңгімеңізге рақмет!

Солтүстік Қазақстан облысы