Жыл өткен сайын жекеменшік мектептердің саны артып келеді. Бұрын тек бай-бағландардың баласы оқитын мектепте қазір орта таптыңда ұл қыздары білім алып жүр. Жеке білім ордалары еліміздегі мектеп тапшылығын шешуге де оң ықпал етері анық. Алайда жекеменшік мектептердің саны артқан сайын білім сапасы құлдырап кетпей ме? 2021 жылғы сәуірдегі дерек бойынша, елімізде 7 440 мемлекеттік мектеп бар. Ол жерде 3 миллионнан астам оқушы оқиды. Бірақ осындай цифрға қарамастан, республика бойынша 225 мыңға жуық оқушыға білім алатын орын тапшы. Орын тапшылығы мәселесін шешудің бір жолы – жекеменшік мектептер. Білім министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жекеменшік мектеп саны 400-ден асты. Өңірлер бойынша жекеменшік мектептерді ашуда Түркістан облысы (56), Шымкент қаласы (52), Алматы қаласы (41), Нұр-Сұлтан қаласы (29) көш бастап тұр. Бұл аймақтарда жекеменшік мектептердің көп болуының басты себебі – халықтың тығыз орналасуында. Жекеменшік мектептерге баратын кейбір балалар үшін мемлекет арнайы субсидия бөліп, мектеп ашамын деген инвесторға жағдай жасап отыр. – Мемлекет үшін, бұл – бюджетке түсетін жүктемені төмендету, орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыру. Инвестор үшін, бұл – тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақмерзімді бизнес-жоба, – дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Яғни, Үкімет нарықтың бұл сегментін бизнес деп таниды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы кейбір мектептегі жылдық оқу құны 3-5 млн теңге болатынын ескерсек, бұл – бизнес. Қазақ қоғамы бүгінде экономикалық табысы мен әлеуметтік мәртебесіне қарай жіктеле бастағанын көріп жүрміз. Алғашқы сатыда зәулім үйлер мен қымбат көлік болса, екінші саты беделді оқу орны мен жекеменшік сектордағы мектептермен ерекшеленеді. Сол себепті жекеменшік мектептер туралы сөз болғанда «ақшасы барлар беттеп, ақшасы жоқтар шеттей береді» деген пікірдің бәсі басым болып келген еді.
Мектеп тапшылығы шешіледі
Ата-аналардың басым бөлігі балаларын премиум санаттағы мектепте оқытқысы келеді. Алайда бұған барлығының қаржысы жете бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет жекеменшік мектептерге субсидия қарастырған. «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимовтың айтуынша, еліміздегі оқушылар саны жыл сайын артып келеді, сондықтан орта білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі – толып кеткен мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайту, сондай-ақ білім беру сапасын арттыру үшін күресте мектептер арасында бәсекелестікті дамыту. «2018 жылдан бастап жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мүмкіндігі заңды түрде бекітілді», – деді А. Ибраимов. Қазір мемлекет тарапынан балаларды жекеменшік мектепке оқытуға жылына 532 мың теңге субсидия бөлінеді. Бірақ кәсіпкерге бұл қаржыдан келер пайда аз. Бөлінетін қаржы балалардың тек түске дейін оқуына ғана жетеді. Бала таңнан кешке дейін жүрмегендіктен, үй тапсырмасын мектепте орындамағандықтан, қосымша дамымайды. Ендеше екіауысымды жекеменшік мектептің мемлекеттік мектептен еш айырмасы жоқ. Astana Garden School мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхаммед Досыбаевтың айтуынша, мектеп тапшылығын жекеменшік мектептер шешеді. Бірақ бұл көптеген факторға байланысты. Мысалы, 200-300 балаға арналған мың мектеп саладағы тапшылықты шешпейді. Сондықтан жекеменшік мектептердің сыйымдылығына мән беру керек. Ашылып жатқан жекеменшік мектептер неге шағын? Өйткені мемлекеттің бөліп отырған субсидиялары үлкен мектеп соғуға мүмкіндік бермей отыр. – Осы мәселені шешу үшін, ең бірінші мемлекет тарапынан бала басына шаққандағы қаржыландырудың көлемін кемінде екі есе көбейту керек. Екінші, Үкімет тарапынан 1 000-2 000 бала оқитын мектеп салуға жер бөлінуі тиіс. Жер беру процесін жеңілдету керек. Үшінші, мектеп салатын жерлерге коммуникация жеткізу мәселесі реттелсе, бөлінген жер не суы, не жолы жоқ айдалада орналасса, жеке инвесторға қиын соғады, – дейді Нұрмұхаммед Досыбаев. Сонымен қатар Нұрмұхаммед Досыбаев мектеп мәселесі түбегейлі шешілгенге дейін банктер мектеп соғуға 0 пайызға дейін жеңілдетілген несие беруі керек деп атап өтті. Мектеп ашатын инвестордың кепілге қоятын инфрақұрылымы болмауы мүмкін. Сондықтан кепіл сұрамай несие алу жағын қарастыру артық етпейді.Мемлекеттік мектептен несі артық?
Ата-ана таңдау жасағанда сапалы білімге және оқу бағасына көңіл бөлетіні сөзсіз. Еліміздегі жекеменшік мектептер ұсынатын баға диапазоны әртүрлі. Аймақтық жерде айлық оқу құны 50 000 теңгеден басталып, Алматы, Нұр-Сұлтан мегаполистерінде 1 миллион теңгеден асып жығылады. Оқу ақысы жөніндегі рейтингте бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан QSI халықаралық мектебі иеленіп отыр. Мұнда 1-сыныптан 12-сыныпқа дейін оқу ақысы бірдей, жылына 26 000 АҚШ доллары, айына орта есеппен 1,28 млн теңгеден. Оқу тек ағылшын тілінде жүргізіледі. Халықаралық деп аты айтып тұрғандай, негізінен елімізде жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың, дипломаттардың балаларына арналған мектеп. Дегенмен мұнда Қазақстан азаматтарының да балалары білім алады. Бала саны да шағын, 300-ден асады. Екінші орында Алматы қаласында орналасқан халықаралық QSI мектебі тұр. Мұндағы оқу ақысы, елордадағыдан арзан, айына орта есеппен 1,08 млн теңгеден. Оқушы саны – 450. Рейтингте үшінші орынды Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептері иеленген. Екі мектептің бір орында орналасу себебі – екі мектепте білім беру құны бірдей. Мұнда дайындық сыныбынан бастап 13-сыныпқа дейін білім беріледі. Сондықтан оқу ақысы сыныптарға қарай бөлініп отырады. Мысалы, дайындық сыныбы жылына 5,6 млн теңге, 3-6-сынып оқушылары үшін 9,7 млн теңге, 10-13-сыныптар үшін 12,6 млн теңге. Орта есеппен оқу ақысы айына бір бала үшін шамамен – 1 млн теңге. Жылына миллион төлеп, баласын жекеменшік мектепте оқытып жатқан ата-аналардың бірі – Арнат Дүйсен. Оның айтуынша, мемлекеттік мектепте оқыған оқушының қосымша репетитор жалдауына тура келеді. Мұндайда бәрібір оқыту шығыны жекеменшік мектеппен бірдей болады. – Жекеменшік мектепте қосымша үйірмелер де, спорт секциялары да қамтылған. Бала таңертең мектепке кіргеннен 3 мезгіл тамағын ішіп, үй тапсырмаларын сонда орындап қайтады. Мектеп бағдарламасының ішінде шахмат, робототехника сияқты салалар бар. Ағылшын тілінің практикалық сабағын америкалық азамат өтеді. Бір сыныпта 15-18 оқушыдан отырады, ал мемлекеттік мектепте – 25-30 оқушыдан. Сондықтан қай жағынан алып қарасақ та, бізге жекеменшік мектеп тиімді, – дейді Арнат Дүйсен. Негізі, жекеменшік мектеп білім беру қызметімен заң актілері және мемлекеттік білім беру стандарты негізінде айналысуға міндеттеледі. Бірақ оқу жоспары мен оқыту бағытын, ғылым негіздері мен пәндерді өзі таңдайды.Тәртіп барлығына ортақ
Дегенмен кейбір жекеменшік мектептердің ойларына келгенін істеп, ортақ заңға бағынбай жатқан жағдайы да кездеседі. Мәселен, Түркістан облысы Сайрам ауданында орналасқан «Низамхан» атындағы жекеменшік мектептің тәртібіне шағымданған ата-ана көп. Заңгер Сардар Әбдіжақияның айтуынша, жекеменшік мектеп оқушылары мектеп формасын сақтамай, орамал тағып, үстіне халат киіп келеді екен. «Ата-аналардан осы мәселеге қатысты шағым түсіп жатыр. Жақында арнайы комиссия құрылып, мектепке барып қайтамыз. Мемлекетімізде қанша ұлт, қанша дін өкілі болса да заң мен тәртіп бірдей. Жекеменшік мектептерде мектеп оқушыларының тәртібі жетім қалмауы тиіс. Білім ордасы базар емес, қаласа орамал тағып, қаласа шляпа киіп баратын», –дейді Сардар Әбдіжақия. Шынымен де, егер мемлекет тарапынан жекеменшік мектептердің құрылтайшыларын қатаң бақылауға алмаса, білім ордалары идеология құралына айналып кетуі әбден мүмкін. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мұндай мәселе туындамас үшін жекеменшік мектептердегі сапаны қадағалау қажет екенін атап өтті. – Білім саласы – мемлекет дамуының басым салаларының бірі әрі бірегейі. Сондықтан жекеменшік мектептердің ақысы мемлекеттік тұрғыдан реттелуі, қолжетімді болуы қажет. Негізгі талап, жекеменшік мектептердің құрылайшыларының арасында кәсіби тұрғыда білім саласының эксперті, маманы болуы маңызды деп ойлаймын. Білім және тәрбие процесін арнайы қадағалауымыз тиіс, – дейді Жұлдыз Сүлейменова. Кезінде Германияның кейбір округтарындағы халық санының өсуіне байланысты мектептерде орын тапшылығы сезілгенде жекеменшік мектептер ашылды. Мемлекет қаржыландырғандықтан, жекеменшік мектептердің көбі әр отбасы үшін қолжетімді, яғни оқу ақысы арзан болды. Демек, жекеменшік мектептер қатарының көбеюі бәсекелестікті қалыптастырады. Адал бәсеке бағаға да, нәтижеге де әсер етеді. Біз де осы бағытқа эволюциялық жолмен жақындап келе жатырмыз.