«Бір жоқтың мұңы жүз қайғыны қозғайды» демекші, саяжайдағы халықтың тұрмыстағы қиындықтары туралы айтқанда, ойға ең бірінші баспана мәселесі оралады. Бұрындары баспанаға қолы жетпегендер немесе шаһардың у-шуынан жалыққан жандар саяжайды жағалаушы еді, бүгінде олардың қатарын алыс ауылдардан келген ағайын еселеп көбейтіп жатыр. 90-жылдардың басында тұрмыстық ауыртпалықтарға байланысты шалғай мекендерден қопарыла көтерілген көші-қон процесі едәуір саябырсығанымен, бірақ әлі толастаған жоқ. Сол себепті республикадағы ірі шаһарлардың маңайында шоғырланған заңсыз қоныстар көп. Ашық дереккөздерден алған мәліметтерге сүйенсек, республикалық маңыздағы үш қала – Нұр-Сұлтан қаласында – 11,9 мың, Алматыда – 26 мың және Шымкент қаласының аумағында 17,3 мың бау-бақшалық учаскелер бар. Бірақ оларда нақты қанша адам тұратыны белгісіз. Өйткені көптеген саяжай құрылымдары, бақшалық қауымдастықтар мен кооперативтер заңдылық және аумақтық бөлініс бойынша қаланың әкімшілік аумағына кірмей қалған. Сондықтан мұндай есеп жергілікті атқарушы биліктің дерегінде де, саяжай қауымдастықтары төрағаларында да жоқ. Тек бейресми деректен Алматы облысында 150-200 мыңдай адамның саяжайда тұрып жатқанын білдік. Сондай-ақ облыс орталығы Талдықорғандағы 12 саяжай учаскесіндегі 30 мыңға жуық адам жазғы лашықты тұрақты баспанасына айналдырған. Баспанаға мұқтаж жұрт, сондай-ақ облыстық маңыздағы қалалардың бақшалықтарын да жаппай қонысқа айналдырған. Өскемен қаласында мұндай 184 саяжай учаскесінде – 13,5 мың адам, Семей қаласында 11 саяжай учаскесінде 19,6 мың адам тұрақты өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ Ақтөбеде – 33 мыңнан астам адам, Батыс Қазақстан облысында 17 мың адам саяжайда тұрады деген дерек бар.
Өркениет игілігін көрмейтін жұрт
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, тек 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана ішкі көші-қон «ағыны» 340 000 адамды құраған, олардың 41 пайызы Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына ат басын тіреген. Ал олардың 80 пайызының тұрмысы төмен, ипотека алуға шамасы жоқ, сондықтан қай жерде баспана арзан, сол жерге барып қоныстануға мәжбүр болады. Саяжайдың тиімділігі бау-бақша өсіруге арналғандықтан және мерзімдік тұрақ болып саналғандықтан, қолданыстағы заңға өзгерту енгізіліп, 2017 жылдан бері саяжай тұрғындарына тұрақты тіркелім берілмейтін болды. Сол себепті саяжайларда оған дейін тұратын үлкендердің бұрынғы тіркелімі болғанымен, 2017 жылдан бері туған балалардың ондай құжаты жоқ. «Саяжайдан уақытша баспана сатып алған адам жағдайының жоқтығынан сонда ұзаққа тұрақты тұрақтап қалып, барлық мүмкіндіктен айырылады. Осы үйі үшін мемлекеттік акт берілмейді, тіркеле алмайды. Бұл тұрғылықты жерінде тіркеу туралы заңға қайшы. Соның кесірінен жұмысқа тұру кезінде қиындықтар туып, тиісті әлеуметтік медициналық көмек ала алмайды, жолдың жоқтығынан балалардың мектепке қатынауы қиындайды. Көпшілік бақшалық қауымдастықтары мен кооперативтерді ауызсумен, электрмен қамту дұрыс шешілмеген. Тіпті, өркениеттің аталған жетістіктері бар болғанның өзінде оның құны әлденеше есе қымбатқа түсуі мүмкін»,– дейді депутат Ирина Смирнова. Әдетте республиканың саяжай аймақтарында полиция, өртке қарсы қызмет, медициналық пункт немесе емхана жоқ. Балабақша, мектеп, спорт алаңдары, жол, электр желісі және сумен, газбен жабдықтау инфрақұрылымдары салынбаған. Ал өткен ғасырдың орта шамасында тартылып, содан бері жаңаланбаған электр желілерінің басым бөлігі тозып, пайдалануға әбден жарамай қалған. Тіпті, электр қуатының шамадан тыс түскен кернеуіне шыдамай, қысқа тұйықталып, өрт шығып кеткен оқиғалар қаншама? Олар тек материалдық шығынға ғана емес, адам өліміне ұшыратып жатады. Жолды қыста қар алып, көктемде топан су шайып, ересектер – жұмысына, балалар – мектепке, науқастар дәрігерге көріне алмай пұшайман болады.Тұрғынжайларды бұзу жоспарда жоқ
«Біздің тұрғындар қалада жұмыс істеп, елді-жерді көркейтуге өз үлесін қосып келеді. Жұрт сияқты салық төлейді. Бәріміз Қазақстанның азаматымыз, бәріміздің құқымыз тең. Бірақ біреулері өркениеттің игілігін көреді, ал енді біреулер одан мақұрым қалады. Неге? Мемлекет саяжайлардың көп проблемасына неліктен немқұрайды қарайды? Адамдар бұл жерге еріккеннен келген жоқ, басқа барар жер, басар тауы болмаған соң еріксіз қоныс қылып отыр», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданында орналасқан «Полёт» саяжай қауымдастығының төрағасы Б. Нысанбаева. Оның айтуынша, 2007 жылы саяжай аумағын бұзып тастайды деген сыбыс шыққан. Бірақ жергілікті билік әлі күнге дейін оның нақты мерзімін бекітпеген. Астаналық әкімдердің жыл сайынғы есеп берулерінде де бұл сұрақ жиі қойылады, бірақ нақты жауап әлі жоқ. Содан саяжай жұрты үйімізді қашан сырады екен, сырып тастаса, қанша теңге өтемақы төлейді екен деп күнде алаң. Сондай-ақ олар әкімшіліктің саяжай үйі үшін белгілеген бағаға да наразы. Тұрғындардың айтуынша, әкімдік бұзуға жіберетін бір үйдің құнын 4-5 миллион теңгеге бағалайды. Қазір оған қандай баспана сатып алуға болады? Елорданың шетіндегі әбден тозығы жетіп, коммуналдық жүйесі ілдебайлап тұрған жатақханалардағы қуықтай бір бөлменің өзіне 10 млн теңге сұрайды. Сондықтан саяжайдағы үйін сатқандардың көбі қазір басын сыйдырарға орын таппай, сабылып жүр. Есіл ауданы әкімінің бас инспекторы Құттымұрат Шамшиевке сауал салғанымызда ол дәл қазір «Полёт» саяжай қауымдастығының үйлерін бұзу мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын айтты. «Астананың бас жоспарында қандай учаскеге не салу және қашан салу қажеттігі нақты көрсетілген. Заң бойынша, саяжайлар уақытша маусымдық қоныс болып саналады. Ол жердің үйлерін тұрғын үй емес, уақытша баспана деп атайды. Сондықтан ондағы үйлер арзанға бағаланады», – деді Қ.Шамшиев.Қазынаның қаржысын беруге болмайды
Инспектордың айтуынша, саяжай қауымдастықтары заңды тұлға болып саналғандықтан, қар күреу, көшені жарықтандыру, орталықтандырған су құбырын тарту, асфальт төсеу деген сияқты проблемаларды қауымдастықтың өзі шешуі тиіс. Саяжайлардың заңнамалық мәртебесіне және мақсатты пайдалануына байланысты жергілікті биліктің заң бойынша оның инфрақұрылымын дамыту үшін бюджеттен қаржы бөлуге қақысы жоқ. Сондықтан саяжай алабының барлық материалдық шығынын тұрғындардың өздері көтеруге мәжбүр. Яғни, саяжайдағылар екі рет төлейді: бірі – мемлекетке төленетін салық, екіншісі – саяжайдың инфрақұрылымын ұстауға кететін шығын. Бұл тұрмысы онсыз да мәз емес тұрғындардың материалдық жағдайын одан сайын ауырлата түскен. Бірақ саяжай тұрғындарының бұл жағдайын кім ұғар, жанайқайын кім естір? «Есіл ауданында 4 мыңнан астам саяжай учаскелері бар, ал оларда қанша адам тұратынын қауымдастық төрағаларының өзі білмейді. Келіп-кетіп жатқан елде есеп жоқ. Бұл аумақтарда зәулім коттедждер де, қабырғасы қисайған жеркепелер де жетерлік. Оның бірінде үй иелерінің өздері тұрады, дегенмен көпшілігін жалға беріп қойған. Қараусыз қалған, сатылып, бірнеше қолдан өткен құрылыстар қаншама?» – деді инспектор. Құттымұрат Шамшиев әкімдік өз тарапынан демеушілер іздеп, саяжайға көмектесуге тырысады. Ана бір жылы әуежайға апаратын жолға жаңа асфальт төселгенде ескісін саяжай ішіндегі жолды жөндету үшін сұрап алыпты. Қ.Шамшиевтің айтуынша, кейінгі үш жылда осындай тәсілмен 7 шақырым асфальт төсеген.Саяжайдың мәртебесін өзгертетін күн жетті
Былтыр Парламент депутаттары Үкіметке саяжай кооперативтерін заңдастырып, онда тұратын адамдарға тіркелім беру туралы мәселе көтерген. Өйткені ішкі көш-қон тасқынының жоғарылығы және қоныстанушылар табысының аздығы мыңдаған қазақстандықтың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. «Саяжай алаптарына ауылдық елді мекен мәртебесін беріп, бұл аумақтарды соның негізінде мемлекеттік бағдарлама аясында дамыту керек. Бұл ондағы тұрғын халықты электр желісімен, сумен, газбен жабдықтауды қамтамасыз етіп, балабақша, мектеп, спорт алаңдарын, жол салуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, мыңдаған қазақстандықтың әлеуметтік мәселесі шешіледі»,– деп санайды И. Смирнова. Нормативтік құжатқа сәйкес, саяжайдың ішкі инфрақұрылымына бақшалық қауымдастықтардың өздері жауапты. Алайда олардың қаржылық мүмкіндігі шектеулі. Онда тұратын адамдардың көпшілігінің табысы аз, әлеуметтік тұрғыдан осал қамтылған топ санатына жатады. Ал саяжай қауымының әлеуметтік-мәдени, білім беру инфрақұрылымдарына, өркениеттің басқа да игіліктеріне қолы жетпеуі қоғамның дүбәралануына, мемлекеттік институттарға деген сенімнің жоғалуына әкеліп соқтырады. Елде болып жатқан экономикалық процестер мен мемлекеттің бүкіл саяси жүйесін тұрақсыздандыруға әкеліп, әлеуметтік шиеленісті асқындыра түседі. «Қаралы қаңтар» оқиғасы мұндай шиеленістердің аяқ астынан тұтанып кетуі мүмкін екенін көрсетті. Сондықтан саяжай тұрғындарының проблемасына жалпы халықтық мәселе ретінде қараған жөн.